RU

ОҚО-да барлық тірлікті аяғымен істейтін кісі қайырымды жандардың қолдауына зәру (видео)

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төлеби ауданында Кеңесарық деген ауыл бар. Бұл жерде Гүлфайруз Дүйсебаева есімді өмірге құштар жан тұрады деп жазады Замана басылымы.

Мына өмірге екі қолы жоқ болып келген Гүлфайрузды ашық-жарқын жан болып шықты.

«Мені анам перзентханада босанған екен. Алайда ол кісі алғашқы кезде менің кемтарлығымнан бейхабар болыпты. Себебі мейірбикелер екі қолымның орнына жаялықтар қойып, білдірмеуге тырысыпты. Дегенмен анам байғұс ақыры дүниеге мүгедек қыз әкелгенін естіп, қайғыдан қан жұтқан екен», – дейді Гүлфайруз. – Кейіннен дәрігерлер анама: «Қызыңызды мүгедек балалар үйіне өткізесіз бе?», – деген екен. Бірақ анам ондай қадамға бармайтынын, қандай жағдай болса да өзі бағып-қағатынын айтыпты.

Гүлфайруз орта білімді «Көксәйек» ауылындағы мүгедек балаларға арналған мектеп-интернатта алған. Сол жерде жүріп аяғымен жазуды үйренген. Ал 3-ші сыныпты бітірген кезде әкесі Ресейдің Ленинград қаласына арнайы ертіп апарып, протез жасатып берген екен. Дегенмен тек сән үшін жасалған жасанды қолды Гүлфайруз аса жақтырмапты. Көп өтпей оны шешіп тастап, бар тірлікті аяғымен істей бастаған. Бүгінде ол аяғымен тігіс те тіге береді, жеңіл-желпі киімдерін өзі жуып алуға дағдыланған. Одан бөлек, аяғымен самаурын қайната біледі, көрпе-төсекті де жинай алады.

«Жаратушы ием менің бауырларымды мейірбанды етіп жаратқан. Олар мен десе жанын беруге даяр. Жеңгелерім де бетіме келіп, жаман сөз айтқан емес. Сол кісілердің қамқорлығына, ерекше ілтипатына бөленгендіктен бе, кейде өзімнің мүгедек екенімді ұмытып та кетемін», – дейді кейіпкеріміз.

Гүлфайруз күні бүгінге дейін ешкімнен ешқандай көмек сұрамаған. Үкіметтің мүгедектік үшін беретін 44 мың теңгесіне шүкіршілік етіп келген болатын. Бірақ енді қайырымды жандардың қолдауына зәру болып отыр.

«Ұят та болса айтайын, ауылдық жерде тұрамыз ғой, әжетханамыз сыртта. Бұрындары жас болдым ба, онша қиналмайтынмын, соңғы бір-екі жылдан бері қыстыгүні қиындық тудырып жүр. Сол себепті осыдан екі жыл бұрын тұрғын үй кезегіне тұрғанмын. Бірақ оны алу үшін көп күтетін сияқтымын. Мүмкін болса, ертерек армандаған баспанама қол жеткізсем деймін. Соған қол ұшын беретін қайырымды жандар бар ма екен? Одан бөлек, кішігірім бір кәсіп ашып беретін қайырымды кісілер табылса деп те армандаймын. Ешкімге алақан жаймай, соны басқарып, қолымнан келетін тірлікті істеп жүрсем, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді Гүлфайруз Дүйсебаева.

Егер Гүлфайрузға қол ұшын созам деген жандар болса мына байланыс телефонына хабарласа алады: – 8-705-982-90-83.

Тағы оқыңыздар:

Футболдан Қазақстан құрамасы Польшамен тең түсті (фото, видео)

Назарбаев әлемдік экономиканы қалай жандандыруға болатынын айтты

Қытайдан 51 кәсіпорын Қазақстанға көшіріледі

Сарапшы Өзбекстан президенті болуы мүмкін үш кандидаттың есімін атады

Обама: Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ үшін жақын дос және сенімді серіктес

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1241375-oqo-da-eki-qolsyz-omirge-kelgen-zhan-kop.html