RU

Нәзік жандылардың көлік басқарғаны қаншалықты дұрыс?

Бүгінде қаланың бір басынан екінші басына жету үшін кептелісте тұрып, автобустан автобусқа ауысып жүруді қаламайтын жандар көлікпен жүруді құп көреді. Осы орайда qamshy.kz бұрымдылардың көлік тізгіндеуі қаншалықты дұрыс деген сауалға жауап іздеді.

Косметика мен ұсақ-түйектер  

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы әрбір бесінші жүргізуші нәзік жандылар екен. Кешегі Қыз Жібектің ақ боз атын бүгінгі ақ "Мерседестер" алмастырғанын аңғаруға болады. Ал ер азаматтардың басым бөлігі аяулыларымыздың көлік жүргізгеніне қарсы. Отан қорғауға борыштылардың арасында жүргізген сауалнамадан соң осындай қорытынды жасалды.

Сауалнама нәтижесінде 39 адамның 28-і әйел адамның рольге отыруына келісім бермейді, 6 адам «жүргізсе жүре берсін, дұрыс жүрсе болды» дейді. Ал бесеуі көлік тізгінін әйелдің ұстағанына қарсы емес екендерін жеткізді. Косметика сүйгіш жандарымыз кілт-сайманға келгенде шеберлік таныта алмаса да, көлік жүргізуге құштар-ақ.

Және өздерінің жүргізгені өздеріне ұнайды да. Нәзік жандылар оларға көлік тізгінін бергісі келмейтіндерге сан мың жауап айтып, өздерінің еркектерге қарағанда ұқыпты жүретінін алға тартады. Ол аз десеңіз, жолда жүру ережесін бұзу фактілерінің көбі сол еркектердің кесірінен болатынын айтады. Себебі елімізде әрбір 30-шы құқық  бұзған ер жүргізушіге бір әйелден ғана келеді екен. Мұның шын-өтірігін бір Құдай ғана біледі. Бір сұрақ, сан жауап...

Сонымен, әйел адамның көлік жүргізгені дұрыс па? Пікірдің екі жағы бар демекші, сұрағымызға жауап берген көпшіліктің ойы да екіге бөлінді.

Нұрзат, 32 жаста, көлік жүргізгеніне 13 жыл

Әйелдің көлік айдағанына қарсымын. Олардың табиғаты бұған келмейді. Айталық, көшеде екі көлік сыятын жолдың дәл ортасына тұрып алып, не анда, не мында шегінбейді. Қасынан сигнал беріп өтсең, ұрысып қояды, немене жер жетпей жатыр ма деп... Алдыңа тұрып алып, ескертусіз бұрылып кетеді. Жолды бөгеп, ақырын жүріп, бағдаршамның қызылын күтіп тұрады...

Кептелістің бәрі солардың кесірінен, әрине бәріне құм шашпаймын, шебер шопырлар да бар, бірақ, әйелдің аты әйел ғой.

Шолпан, 23 жаста, көлік жүргізгеніне 2 жыл

Қазіргі таңда көп адамдар жүргізуші куәлігін сатып алатыны айдан анық. Оның ішінде қыздар да жоқ емес. Көлік жүргізуде тәжірибелері болмағандықтан, әйел адам рольге отырғанда үрейге бой алдырады. Себебі нәзікпіз ғой. Біз түгілі кейбір жігіттер де сасқалақтап қалады. Оның бәрі түптің түбінде МАИ (ГАИ)-ге кеп тіреледі.

Біріншіден жүргізуші куәлігін сатуды доғару керек. Екіншіден, бойжеткендер емтихан тапсырғанда, оларға тәжірибені көбейту керек деп есептеймін. Сол кезде әйел адамның көлік жүргізгені де дұрыс болады.

Айқуат, 27 жаста, көлік жүргізгеніне 5 жыл

Мақұл, әйел адам көлікті жүргізсін делік, мейлі қателіктерге бой алдырсын, ер наразылығын тудырсын. Көндім делік. Ал, көлік сынса не істейді олар? Қазіргі қыздарға қарасаң, тырнақтары сояудай-сояудай, аяғында 10 сантиметр биік өкшелі аяқ киім, киген киімі де бір түрлі ораулы жапырақ... Сөйте тұра көлік жүргізеді.

Ертең доңғалақ жарылып, айырбастау керек болса, не болады? Моторын ашып, май айырбастау керек болса ше? Содан ер азаматтарына хабарласып, жұмысынан бөгеп, мазасын алады. Жалпы, асхананың адамдары гараждың шаруасына икемсіз келеді ғой. Әр адам өз ісімен айналысқан дұрыс сияқты.

Майгүл, 34 жаста, көлік жүргізгеніне 4 жыл

Әйел адам ер адамға қарағанда көлікті ұқыпты жүргізеді, әрі таза ұстайды. Еркектердің көбі жылдамдықты арттырып жол апатына тап болып жатады. Ал біз ақырын жүріп анық бас демекші, мұндай келеңсіздіктерді айналып өтеміз.

Әсем, 36 жаста, көлік жүргізгеніне 3 жыл

Бір жағынан қазір заман сондай. Ол бұрынғы кезде ғой, әйел үй адамы болған. Қазір күйеуіңнің бір айлығы шайлығыңа жетпейді. Сондықтан бізге де жұмыс жасау керек. Үнемі жүгіріс, жүрістің қызу ортасындамыз. Қазір әйелге көлік өте қажет... Ия, рас мүмкін жолда жүргенде қателесетін шығармыз. Бірақ еркектің қолына сұйық май мен табақ, пиязын беріп, асханаға қоя берсең ол да міндетті түрде бірдеңе бүлдіреді ғой.

Сол секілді бізде шалыс басып қалып жатамыз. Оған бола бізді жазғыру - орынсыз. Керек десеңіз кейбір аруларымыз бөріктілерге қарағанда жақсы жүргізеді. Көлік сынса жөндей алмайтынымыз рас, меніңше біздің басты кемшілік осы. Қалғанының бәрін біз еркекпен бірдей істейміз.

Тағы оқыңыздар:

Назарбаев: Қытай барлығын да ауқымды жасай алады (видео)

ОҚО-да барлық тірлікті аяғымен істейтін кісі қайырымды жандардың қолдауына зәру (видео)

Бір ай бұрын жоғалып кеткен алматылық бойжеткен әлі табылмай жатыр (фото)

Кәрім Мәсімовтің спорттық киімі елді тағы да күлкіге қарық қылды (фото)

Автобустағы барлық жолаушылардың жолақысын төлеп берген шымкенттік азамат жұртты таң қалдырды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1241963-nazik-zhandylardynh-kolik-basqarghany-q.html