RU

Ерболат Беделхан "өзін гейлерді қолдайды" деп қауесет таратқандарға жауап берді

«Орда» тобының мүшесі Ерболат Беделхан желіде тарап кеткен гейлерге қатысты мәлімдеменің оған еш қатысы жоқтығын айтып, NUR.KZ порталына сұхбат берді. Редакция Ерболат Беделханның "гейлерді қолдайтыны" туралы ақпарат бұған дейін порталда шықпағанына баса назар аудартады.

Желіде «Орда» тобының мүшесі Ерболат Беделхан гейлерді қолдайтыны туралы мәлімдеме жасады деген қаңқу сөз тарауда. Желі қолданушылары Instagram желісіндегі shyndykz деп аталатын парақшада жарияланған Ерболат Беделханның «мәлімдемесін» қызу талқылап жатыр.

Аталған парақша авторы белгісіз себептермен осыған қатысты материал NUR.KZ порталында жарияланды деген жалған ақпарат таратқан. NUR.KZ порталы бұл тұрғыда сайтта ешқандай материал жарияланбағанын ескертеді.

Жалған ақпараттың тақырыбынан бастап, өне-бойында қателердің өріп жүргенін байқауға болады. Бұл мәселеге қатысты ешқандай мәлімдеме жасамағанын және таралып кеткен ақпараттың жалған екенін әншінің өзі де растап отыр. Ол өзінің желідегі парақшасына: «Өтірік ешқашан жерде жатпайды ағайын. Амал бар ма, кешіремін! Сірә, өз қазағым», – деп жазды.

Ерболаттың мұндай мәлімдеме жасағанына оның тыңдармандары да сенбей отыр.

«Ешқандай дəлеліңіз болмағасын осындай нəрсемен жала жапқыңыз келе ме? Ағатай, сыпсың өсекке ере бермеңіз, ұят болады. Біреудің сыртынан еркек басыңызбен ғайбат айту үлкен күнə болып саналады», «Админ! Елді бір-біріне айдап салмай, алдымен сауатты жазып үйрен!», «Сенген де жоқпын» - деп жазды қолданушылар.

Осы орайда NUR.KZ порталының тілшісі Ерболат Беделханның өзінен бұл жайтқа қатысты пікірін сұрап, хабарласты.

- Соңғы таралып жатқан ақпараттарға қатысты сіздің пікіріңізді білейік деп едік...

- Мен бұған қатысты ешқандай агрессия білдіргім келмейді. Кім де кім болмасын, мен оларды кешірем. Себебі, ол жекелеген адамдардың ойы болуы мүмкін. Парақшамда да оларды кешіргенімді жазғанмын. Мен бұдан 17 жыл бұрын жұмыс істей бастағанда, тек қана жастарға жұмыс істейтінімді айтқанмын. Бұл қиын ба? Әрине қиын. Материалдық жағынан да, моральдық жағынан да. Ойын-сауық индустриясы деп жатамыз, ол кімге керек? Үлкен кісілерге керек пе? Әлде жастарға керек пе? Бүкіл әлемдік ойын-сауық индустриясы аудиториясы - жас балалар.

Жастарға үкімет тарапынан болсын, халық тарапынан болсын, кім не істеп жатыр? Ал енді соны дамытуға келген кезде, міне, осындай кедергілер шығады алдыңнан. Бұдан "неге біздің шоу-бизнес дамымайды?" деген сұрақ туындайды. Шоу бизнесті дамытатын - жастар. Тек қана жастар. Ал, қазіргі таңда, біздің шоу-бизнес тойға арналғандықтан, біз тек локальдік, яғни жергілікті тұрғыда ғана дамып жатырмыз.

Содан келеміз де, біз таң қаламыз, неге бізде сапасыз музыка көп,  жақсы музыка жоқ деп. Жастар шаршадық деп айтады. Ал жаңағы оқиғаға байланысты айтарым, мен оларға ешнәрсе демеймін. Ондай адамдардың 21-ғасырға сай емес өмір сүру салтына байланысты мен олардың пікіріне ешнәрсе айта алмаймын. Егер мен айтатын болсам, онда мен ақталғандай боламын. Сонда мен гейлерді қолдап отырғандай болып шығамын.

- Сіз қандай да бір БАҚ көзіне осыған қатысты пікір айттыңыз ба?

- Ешқашан. Менің гейлерге ешқашан ешқандай қатысым болмаған. Оларды қолдаған емеспін. Мен ешқандай БАҚ-қа бұған қатысты мәлімдеме жасаған жоқпын. Ешқашан. Бұны мен ақталып отырмын деп түсінбеңіздер, мен ақталмаймын. Себебі, мен ақталатындай ешкімге ешнәрсе айтқан да жоқпын, жасаған да жоқпын.

Естеріңізге салсақ, Ерболат Беделхан жақында ғана үшінші баланың әкесі атанды. Оның жары -  танымал әнші, бұрынғы "Дауыс International" тобының мүшесі Асыл Беделхан. Бұл сүйінші хабарды естіген желі қолданушылары олардың отбасын бұл қуанышпен құттықтап жатыр.

Тағы да оқыңыздар:

Алматы облысында радикалдар ұшақты басып алуды жоспарлаған

Тәуелсіздік кезінде отанына оралған танымал тұлғалар (фото)

Салафиттерді сынаған журналистің басы бәлеге қалды (видео)

Атырау облысының әкімі Нижат Рахимовке Астанадан пәтер сыйлады (фото)

Төлешов ісі бойынша сот процесі 14 қыркүйекте өтеді

Отандық журналист Жазира Жаппарқұлды "Алтын жүрек" ұлттық сыйлығымен марапаттауды ұсынды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1242546-erbolat-bedelkhan-ozin-geylerdi-qolda.html