RU

Шымкентте «Махаббат бөлмесіне» жаман қылықтан арылғысы келетіндер ағылуда (фото)

Шымкенттің «Тұрлан экспедициясы» деп аталып кеткен шеткері аймағында Кендебай Қарабдалов  есімді азамат тұрады. Бір кездері ол кісі туралы әртүрлі әңгімелер шыққан. Тіпті есі ауысқан, бұл дүниеден баз кешіпті, о дүниеге бару үшін жердің астынан үй салып жатыр деген әңгімелерді де құлағымыз шалғаны құпия емес деп жазады zamana.kz.

Бірақ оның барлығы біреудің жетістігін көре алмайтындардың ойдан шығар­ғаны екені көп ұзамай белгілі болған. Ал бүгінде ол кісі жасаған этномузей мен жерасты қылуетіне барушылардың саны күн санап көбейіп келеді. Тіпті басқа облыстардан да келушілер бар екен. Қарабдалов өз жұмыстары жөнінде былай деп баяндады:

«Мен бұл жолға бірден түскенім жоқ. Кезінде мұғалім болдым, жеке көлігіммен жолаушы да тасыдым. Бірақ маған аян берілді. Онда маған мыналардың барлығы тап осы қалпында көрінді. Содан мен 2000-шы жылдардың басында ескі жәдігерлерді жиып, қалғанын өзім жасап Шымкенттен музей ашуды қолға алдым.

Жерасты қылуетін қазуды 2006-жылы бастадым. Ешкімнің көмегінсіз өз күшіммен жүзеге асырдым. Біріншіден Жаратқаннан таза жер беруді сұрадым. «Біреудің үйін бұзбайын, сүйегін қазбайын. Тіпті құмырсқаның илеуі бұзылмайтын жер болсын», – деп тілек тіледім.

Қылует бірнеше бөлмеден тұрады. Жеті метр тереңдікте «Махаббат бөлмесі» бар. Бұл жерде сыртқы әлеммен байланыс үзіледі. Қалта телефондары жұмыс істемейді. Мұны кейде тазару бөлмесі деп те атаймыз. Себебі махаббаттың өзі тазалықтан құралады емес пе?

«Махаббат бөлмесінің» қабырғасына маңдайын тигізген адам өзінің көптеген жаман қылықтарынан арылады. Өйткені таза топырақтың өзіндік ерекшелігі бар. Ол адамның бойындағы жаман энергияны өзіне тартып алатын қасиетке ие. Күн қанша ыстық болғанымен бұл жерде температура 17 градустан көтерілмейді. Ал қыста жылы болады.

Одан кейінгі бөлме – ме­шіт. Мұнда да температура «Махаббат бөлмесінде­гідей». Келген адамдар бұл жерде отырып құран оқиды. Өткен-кеткенді еске алып, мен осы кезге дейін кімге не жақсылық жасадым деп өзіне есеп береді. Жердің үстінде жүргенге қарағанда жердің астында адамдар жауапкершілікті көп сезінеді. Себебі бұл жердегі сезім өзгеше.

Үшінші бөлме «Аспан мен жердің арасы» деп аталады. Алғашқыларына білте шам немесе электр желісі арқылы жарық берілсе, бұған төбедегі арнайы тесіктен жарық сәулесі түседі. Температура күні-түні 27 градустан өзгермейді. Бұл жер ұзақ отырып әңгімелесуге, арнайы мастер-класс өткізуге арналған. Менің бос уақытымның көбі осы жерде өтеді.

Мұны «Аспан мен жердің арасы» деп атауымның себебі қабырғасының барлығы жердің астында орналасса, күмбезі жердің бетінде көрініп тұр. Былай қарағанда, жердің астында да, үстінде де емес, ортасында тұрған жоқ па? Сондықтан да «Аспан мен жердің арасы» деп атадым.

Энциклопедияны ақтарыс­тырып, бұған дейін әлемде 20 қылует салынғанын білдім. Соның екеуі біздің елде – Түркістан мен Ақтауда. Менікі ХХІ ғасырда салынған 21-ші қылует болып отыр. Бұл сәйкестік пе, білмеймін.

Осы үш бөлмені байланыстыратын шағын бөлме бар. Мұның бір шетіне кәдімгі от жағатын пеш орнаттым. Бұл жерге пеш неге керек дегендерге түсіндіріп кетейін.

Мен түрлі құмыралар мен музыкалық аспаптар жасаймын. Құмыраларды отқа күйдіріп, қыздыру керек болады. Күн суытса от жағып, жұмысты осы жерде жүргізе беремін.

Жоғарыдағы «Аспан мен жердің арасы» деп аталатын бөлменің едені – қазіргі тілмен айтқанда, «жылы еден». Осы пештен шыққан түтін сол бөлменің еденін айналып, жоғарыға шығып кетеді. Мұның барлығы алдын-ала ойластырылған.

Мен мұның барлығын өзім жасадым. Келушілерге аралатып көрсетемін. Алыстан келген қонақтардан бөлек, студенттер мен оқушылар да келіп тұрады. Бұл үшін үкіметтен көмек беріліп жат­қан жоқ. Сондықтан этномузей мен қылуетті аралап көр­сетуді ақылы еттім. Бағасы қымбат емес, сағатына 500 теңге ғана. Бұл аралықта мен қобыз, шаңқобыз, сазсырнай секілді көптеген аспаптарда да ойнап көрсе­темін. Өзім­нің қолдан жасаған бұйымдарыммен таныстырамын.

Бұл – менің жеке жобам. Осы жоба ЭКСПО-2017-ге енді. Қазір жөндеу жұмыс­тарын жүргізіп жатырмын. ЭКСПО-ға келген қонақтар менің мұражайымды да аралап көруге мүмкіндік алады».

Кендебай Қарабдалов осылай дейді. Ол кісі өмірінің он жылдан аса уақытын жер­асты қылуетін салуға жұмсағанына еш өкінбейді. Кері­сін­ше, қазақтың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге атсалысып жүргені үшін өзін ерекше бақытты сезінетінін айтады.

Материал авторы: Ұ. Тәменов

Тағы оқыңыздар:

Лилия Рах пен сыбайластары 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін

Алматыда қоқыс жәшігінен ер адамның кесілген басы табылды (фото, 18+)

Жігіттер неге отау құрмай «жүріп» алады?

Сенатор Сұлтанов қазақтардың өз мемлекеті болмады деп айды аспаннан бір-ақ шығарды

Исекешев Астана Автокөлік жолдары басқармасының басшысын кептеліс үшін жұмысынан қуып жіберді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1243958-shymkentte-zher-astynan-qazylghan-makha.html