RU

Қайрат Нұртас аузына түкірген 10 жасар қыз жұртты өнерімен сүйсіндірді (видео)

Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылында Ырысай Қойшыбай есімді қыз тұрады. Қайрат Нұртас аузына түкірген 10 жасар Ырысай бүгінде жұрттың сүйіспеншілігіне бөленген деп жазады zamana.kz.

Видео: Замана.

Небәрі он жастағы Ырысайдың ақындық өнері бар. Осы күнге дейін аудандық, облыстық, тіпті республикалық өнер фестивальдеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген Ырысай қызды тілшілер үйіне арнайы іздеп барды.

Анасы Гүлжан Ырысайдың өте кішкентай күнінде-ақ 5-сыныпта оқитын бір оқушы қыздың өлеңді мәнерлеп оқығанын көріп, қатты қызыққанын айтады. Сол кезде Гүлжан өз сәбиінің де  сол қызға ұқсап өнерлі болуына ниеттеніп, қызды үйіне ертіп әкеліп, Ырысайының аузына түкіртіп алыпты.

Анасының айтуынша, Ырысай жүрек ақауымен туылған.

«Тұрақты түрде ем алуының арқасында жүрегіндегі тесік сегіз жасында бітеліп, қызым өлең жазатын болды. Ең алғашқы өлеңін маған арнапты. Негізі менің әкемнің ақындық өнері бар еді. Ол кісінің екі мыңға тарта өлеңдері бар. Әкемнің әруағы Ырысайға қонды ма деп ойлаймын», – дейді Гүлжан.

Гүлжан қызына балабақшаға баратын кезінен бастап тақпақтарды, қысқа шумақты өлеңдерді жаттатып, кейін мәнерлеп оқуды үйретіпті. Қызының өнерлі болып өсуін, сахнаға шығуын қалағаны сондай, Қайрат Нұртас тойларына келгенде оған аузына түкіртіп алыпты.

«2012-жылы ағам анамның пайғамбар жасы – 63-ке толған мерейтойын тойлап берді. Сонда тойға Қайрат Нұртасты анасы Гүлзирамен, Қарақат, Мәдина Сәдуақасоваларды қоса шақырғанбыз. Бір қуанарлығы, олар әндерін айтып болысымен кетіп қалған жоқ. Бәрі де тойдың соңына дейін қатысып, анамның жанында отырды. Сол кезде мен қызымның Қайрат ағасы секілді көпке танымал болғанын қалайтынымды айтып, аузына түкіртіп алдым», – дейді бұл жөнінде Гүлжан.

Ырысай өлең жазуды жаны сүйгенімен актриса болуды армандайды екен. Ол ата-анасы Пердебек пен Гүлжанның отырғызған теректерінің арасында жүріп түрлі рольдерде ойнап, оны өзі видеоға түсіреді. Ертегідегі жақсы қыз бен жаман қыздың ролін қатар сомдайтын ол Абай аударған И.Крыловтың «Қарға мен түлкі» мысалындағы қарғаның да, түлкінің де ролін жалғыз өзі  сомдап бере алады.

Ал тілшілерге ол Фаризаның «Білмейсіңдер мені әлі, білмейсіңдер» және Мұқағалидың «Жоқ, дәрігер!» деген өлеңдерін оқып берді. Әшейін оқи салған жоқ, образға кіріп, көзіне лықсып жас келіп,  дауысына діріл араласып оқығанда оны тебіренбей тыңдау мүмкін емес.

Тағы оқыңыздар:

Лилия Рах пен сыбайластары 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін

Алматыда қоқыс жәшігінен ер адамның кесілген басы табылды (фото, 18+)

Жігіттер неге отау құрмай «жүріп» алады?

Сенатор Сұлтанов қазақтардың өз мемлекеті болмады деп айды аспаннан бір-ақ шығарды

Исекешев Астана Автокөлік жолдары басқармасының басшысын кептеліс үшін жұмысынан қуып жіберді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1243999-qayrat-nurtas-auzyna-tukirgen-10-zhasar-q.html