RU

Жалғыз жүрген жастардың басын қосатын кешегі жеңгелер бүгінде өткен шақта қалды ма?

Кешегі Ақтоқтыны үйге әкетуге асығып,  қайын сіңілісін күзететін Балқадишаның жеңгелерін қазіргі заманда өткен шақта айтатын болдық. Бүгінгі жеңгелер қайын сіңілі мен қайнысына ат қойып, жалғыз жүрген қайын жұрттағы жастардың бір басының екеу болуына өзінің үлесін қосып жатыр ма? Бұл сұраққа qamshy.kz жауап іздеді.

Бұл сауалға еліміздің тұрғындары жауап беруге тырысты.

Майнұр, 26 жаста

Үш жеңгем болса да, әлі жалғыз жүрмін. Жеңгелерімнің арасында «Тұрмысқа шық, жасың өтіп бара жатыр» деген сөзді ара-тұра айтқандары болмаса, ешқайсысының «қайын сіңілім кәрі қыз болып бара жатыр», «осы қызға лайықты жігіт іздейін»  деген уайымы мен ниетін  байқамадым, кенже жеңгем өзіммен бақталас, аңдығаны менің косметикам мен киімім.

Кей кездері жеңгелерім менің жалғыз жүргеніме қуанатындай көрінеді. Үшеуі де «асықпа, қыдыр, жүр» дейді. Семейлік Дария есімді  құрбымның жеңгесіне қарасам, қызығамын. «Еркем, сұлуым» деп бәйек болады, тіпті Дарияны бір рет атымен атап қойғанда, жеңгесіне өкпелеп сөйлемей қойды.  Жақында сол құрбымның ұзату тойына бардым.

Күйеу жігіті екеуін жеңгесі таныстырыпты. Келгеніне екі-ақ жыл болса да, күйеуінің туысқан інісімен өз сіңілісін табыстырып, қайын сіңілісін алыс ағайын туыстарына ұзатып жатыр.  Қай жерге барса да «менің сұлу қайным бар, ақылды да, пысық қайын сіңлім бар» деп жарнама жасап жүреді.  Құрбым да жеңгесіне  сыйлықтар алып, «жеңеше» деп бәйек.

Өзім үйде қыздан жалғыз болған соң, жеңгелеріммен сырласып, құрбы болғым келеді.  Дегенмен, жеңгелерімнің маған қатысты сыртымнан айтқан күңкіл өсегінен басқа ештеңені де естімеймін. Жалғыз жүргенім менің жаныма батқанымен, жеңгелерімді еш алаңдатпайтын сияқты.

Әсем, 24 жаста

Менің екі жеңгем бар. Қос жеңгем де мені «Әсемок» деп айтады. Ерекше ат қойған емес. Ал жігіт таңдау жағына келсек, жеңгелерім осы уақытқа дейін бірде-бір жігітпен таныстырып көрмепті. Бастарына жауапкершілік алудан қорқатын болар.

Асыл, 21 жаста

Бір ғана жеңгем бар. Оның өзі менен екі жас қана кіші. Жеңгеммен аса қатты сырласа бермеймін. Оның үстіне жеңгем орысша тәрбие алған солтүстіктікі. Көбінше алыстан араласуға тырысамыз.

Болат, 28 жаста

Жеңгеммен қалжыңымыз жарасады.  Менің екі жеңгем бар. Біреуі өзіммен жасты, екіншісі менен төрт жас үлкен. Жеңгелерім қалжыңдап «Қашан абысын әкелесің» деп тиісіп тұрады. Бірақ, ешқандай да қызбен таныстырып көрмепті. Қазір ондай пысық жеңгелер аз сияқты. Бір жағынан таныстырған қызды жақтыра ма, жақтырмай ма деп ойлайтын болар. Әйтпесе, жеңгелерім жаман қыз таңдайды деп ойламаймын.

Гүлнұр, 32 жаста

Мен үлкен әулеттің келінімін, туған екі қайным, үш қайын сіңілім бар. Және туысқан қайныларым мен қайын сіңілілерім де көп. Шынын айтсам, ешқайсысына ат қойып көрмеппін. Қазір заман басқаша. Ертеңгі күні таныстырып, табыстырып қойып, сосын олар отбасы болып кете алмаса, ата-енем мен күйеуім менен көріп жүрмей ме?! Одан да тыныш жүрген артық деп ойлаймын.

Сәуле, 36 жаста

Жасы 27-ге келген бойдақ қайнымды бір-екі рет ұжымдағы қыздармен таныстырғанмын. Бірақ, күйеуім шатағың болмасын деп ұрсып кеткен соң, қазір ондай іске араласпаймын. Оның үстіне ол қылығымды енем біліп қойып, жақтырмай қалды. Қазіргі жастарға ештеңе ұнамайды ғой. Негізінен әркімнің өз теңін өзі тапқаны дұрыс сияқты. Қайын сіңілілеріме күйеу іздемек түгілі, олардың болашақ күйеулерін аяймын (күліп).

Статистика  мәліметтерін қарасақ Қазақстандағы 14 пен 29 жас аралығындағы қыз-жігіттердің саны 4 миллион 616 мың екен. Олардың 2 миллион 337 мыңы – ер балалар болса, 2 миллион 279 мыңы – қыздар.  Соңғы деректер бойынша Қазақстанда 18 бен 35 жас аралығындағы күйеуге шықпаған 700 мың қыз бен 300 мың сүрбойдақ бар екен.

Тағы да оқыңыздар:

Президент Тәуелсіздік күніне арналған шараларда қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды

Әлемдегі ең қымбат көйлек аукционда сатылмақ (фото, видео)

Сағынтаевты Қазақстан премьер-министрі етіп тағайындады

Мамин Қазақстанның бірінші вице-премьері болып тағайындалды

Мәсімовке дейін ҰҚК кімдердің тізгінінде болды? (фото)

Шымкенттік әйел күйеуінің өліміне полицейлерді кінәлап отыр

Көкшетауда белгісіз жабысқақ жәндіктер қаптап кетті (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1247300-zhalghyz-zhurgen-qayyn-zhurttaghy-zhastard.html