RU

Шымкент тұрғыны төрт жасар баласын балабақшада қылқындырғанын мәлімдеді (фото)

Шымкент тұрғыны Алина Хаджиева ұлы Маркті балабақшадағы басқа балалар қылқындырғанын мәлімдеді. Бұл туралы TVK арнасына сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Оның айтуынша, бұл кезде тәрбиеші балалардың қасында болмаған.

Баланың анасы бұл жағдайдың 7 қыркүйек күні Шымкенттегі №14 "Сұңқар" балабақшасында орын алғанын жеткізді. Сөзіне дәлел ретінде ол түсіріп алған суреттерін көрсетті.

«Бұл сәрсенбі күні сағат 13:30-да болды. Маған Қарлығаш есімді тәрбиеші хабарласып: "Сіз келе аласыз ба? Ұлыңыз құлап түсіп, жарақат алды", - деді. Мен оған: "Ол құлап, жеңіл-желпі жарақаттарды жиі алады ғой, ол кезде хабарласпайтын едіңіздер. Не болып қалды?!, - дедім. Ал ол болса: "Мен білмеймін, мен жаңа ғана кезек ауыстыруға келдім. Бұл жерде жаңадан келген тәрбиеші болған.", - деді. Телефон тұтқасын манағы тәрбиешіге беріңіз десем, ол оның жылап тұрғанын айтты".

"Мен жұмыстан шыға алмадым. Күйеуім барып, балабақшадағы ұлымның суреттерін жіберді. Ұлымның басында қанды ісік пайда болыпты, ал мойны қанталап кеткен. Балабақша ауласында ойнауға арналған алаңқай бар, ол жерді сәндік үшін пластмассадан гүлдер жасап, қатты жіппен  бекіткен. Балалар сол гүлдің біреуін жұлып алып, жібімен менің ұлым Маркты қылқындырған. Екі бала екі жағынан ұстап тартқанда, ұлым ес-түссіз талып түскен. Мойнындағы қанталаған іздер сол пластмассаның ізі",- дейді Алина.

Шарасыз әйелдің айтуынша, жұмысқа тұрғанына екі күн болмаған тәрбиеші балаларды аулада қараусыз қалдырған. Ол қайтып келгенде, Марк жерде жатқан. Болжам бойынша, ол ес-түссіз жатқан.

Баланың есінде басқа балалардың жіпті қатты тартқаны ғана қалыпты. Ал Алина болса, баласының өліп кетуі мүмкін екенін айтып, қынжылып отыр. Ол баланың қауіпсіздігіне жауап беретін адамдар бұл іске қатысты жауапкершілікке тартылғанын талап етіп отыр.

Зардап шеккен баланың ата-анасы жедел жәрдем мен полиция шақырған. Бірақ олар полиция қызметкерлері тарапынан қолдау көрмегенін айтып отыр.

"Бөлім меңгерушісі арызымызды қайтып алуымызды сұрады. Бұл үшін ол басқа балабақшаның бір жылғы ақысын төлеп бермекші болды. Бізді онсыз да басқа балабақшаға ауыстыруға міндетті. Сосын, олардың адвокаттары келіп, сіз арызыңызды қайтып алуға уәде бергенсіз дейді. Бұдан кейін олар тіптен баланың өзі жіптің үстіне құлап, қылқынып қалғанын айтатын болды."

Алина Хаджиеваның айтуынша, сенбі күні оның анасына тергеуші істің жабылатынын жеткізген. Содан бері тергеуші ешқандай түсінік берместен, телефон тұтқасын көтермей қойған.

Дегенмен, ақпарат құралының тілшісі тәрбиешіге қатысты  ҚР ҚК 141-бабы "Өз міндеттерін тиістінше орындамау" бойынша қылмыстық іс ақыр соңында қозғалғанын анықтады. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Тағы оқыңыздар:

Бұрынғы күйеуіне тоқал алуға рұқсат берген шымкенттік келіншек алты баласын әрең бағып отыр (фото)

Қазақстанда аборт жасауға тыйым салу ұсынылды

Тоқтар Төлешовтің меншігіндегі «Шымкентсыра» зауыты АТФ банктің меншігіне өтіп кетті

Ақтөбе облысында ауыл тұрғыны екі бірдей әкімді "жұмысынан шығарып жіберді"

Бердімұхамедовтің суын қырағы көмекшісі Меркельдің көзінше ауыстырып қойды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1248909-shymkent-turghyny-tort-zhasar-balasyn-ba.html