RU

Қызылордада қаза болған адамның жүзі мен қырқын қосып жасау үрдіске айналуда

Қазақи қаймағы бұзылмаған Қызылорда өңірінде соңғы екі жыл көлемінде қайтыс болған адамның қырқы мен жүзін қосып жасау – дәстүрге айналып келеді деп хабарлайды өңірден NUR.KZ тілшісі.

О дүниелік болған кісіні дініміз бен ділімізге сай жерлеу ежелден келе жатқан салт – дәстүріміз. Жаназасын шығарып, қонақасын беру – тіріге міндет. Әр бейсенбі сайын рухына Құран бағышталады. Қырқы мен жүзі жасалынады. Ал, көз жұмғанына тура 1 жыл толғанда жақындары жиналып, үлкен ас берілетіндігі белгілі. Алайда, соңғы уақыт Қызылордада осы салт – дәстүрлеріміздің көбісі өзгеріске ұшырағанын байқауға болады.

«Осыдан бір жыл бұрын әкем көз жұмды. Ажал айтып келмейді ғой. Састық та қалдық. Қолымызда жинап жүрген ақшамыз да болған жоқ. Несие алып, банкке қарызға батқымыз келмеді. Әкемізді жерлеуге жақындарымыз бен әріптестеріміздің жинап берген қаражатын жұмсадық. Кейін әулетіміздің үлкендері әкемнің қырқы мен жүзін қосып жасап жібер деп кеңес берді. Көп ысырап қылмай, ел қатарлы жөн-жоралғыларды атқарып шықтық», - дейді қала тұрғыны Сәуле Абдрашова.

Қазір Сәуле секілді үнемдеуді қолға алып жатқан қызылордалықтар аз емес. Бұған қаржылық дағдарыстың әсері де тиген болса керек. Қайтыс болған жақынын жерлеу үшін миллиондап қаражат жұмсайтындармен жергілікті имамдар да күресіп келе жатқандарын айтады. Ал, көз жұмған адамның қырқы мен жүзін қосып жасау қаншалықты дұрыс? Шариғатта бұл жөнінде не айтылған? Бұл сұрақтарды «Ақмешіт- Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат Омаровқа қойған болатынбыз.

«Жалпы, қайтыс болған адамның қырқы мен жүзін жасау жөнінде шариғатта арнайы айтылмаған. Дегенмен, бұрыннан орындалып келе жатқан салт – дәстүрлеріміз. Негізінен қайтыс болған адамның артынан дастархан жайып, тамақ тарату – садақа болып есептелінеді. Яғни, марқұмға сауап болып жазылынады. Бірақ міндетті түрде екеуі бөлек берілсін деген қатып қалған қағида жоқ. Қазір әркім өз мүмкіндігіне, қалтасына қарай атқарып жатыр ғой. Бастысы – ысырапшылыққа жол бермеген дұрыс», - дейді бас имам.

Дегенмен, Қызылордада имамдардың пікірімен келіспейтіндер де кездеседі. Әлі күнге дейін бір – бірімен жарыса мазар салып, қонақ күтіп жүргендер бар. Имамдар жуырда жамағатты үнемділікке бағыттайтын үңдеу жариялаған болатын. Олар бұл бағыттағы жұмыстарын әлі де жалғастырамыз деп отыр.

Тағы оқыңыздар:

Төлешовтің ісін Челах пен Жоламановқа жаза тағайындаған судья қарайтын болды

Рамзан Қадыров Қазақстандағы ауыр дертке шалдыққан қызды құтқарып қалды (фото)

Ақтөбеде әйелі алты баласымен отбасын тастап кеткесін отағасы инсульт алды (фото)

Баян Есентаеваның қызы сотта әкесін қорғайтын болды

Жамбыл облысында құран оқылғанда ғана ағатын бұлақ жұртт таң қалдырды (фото, видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1250476-qyzylordada-qaza-bolghan-adamnynh-zhuzi.html