RU

ОҚО-да үш рет егізді болған көпбалалы отбасы несиеге өмір сүріп жатыр (фото)

Оңтүстік Қазақстан облысында сегіз перзентті тәрбиелеп отырған ерекше отбасы бар. Шаңырақтың ерекшелігі - балалардың алтауы егіздердің сыңары.

"Дипломмен ауылға" бағдарламасы арқылы Түлкібас ауданына жұмысқа тұрған ерлі-зайыптылар бүгінде несие төлеп отыр. Бұл туралы батыр ана атанған Ұлболсын Жасымбекова өңірдегі NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

Ғалбият пен Ұлболсын 2006 жылы шаңырақ көтерген. Ерлі-зайыптылар алғаш рет 2002 жылы ауруханада танысқан. Алғаш танысқан кезінде Ғалбият Ғалым қазақ тілін меңгеруге арналған қосымша сабақ алып жүрген. Ал Ұлболсын медицина факультетінің бірінші курсында оқыған. Кейіннен екеуі Түркістандағы ХҚТУ-дің медицина факультетінде білім алып, төрт жылдай қыз бен жігіт болып кездесіпті.

34 жастағы Ғалбият Қытай елінің қазағы. Ата-анасы әлі күнге дейін сонда тұрады. Ұлболсынның ата-аналары алғашында қыздарының шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуына қарсылық танытқан. Алайда болашақ күйеу жігітпен танысқан олар Ғалбиятты танып-білген соң, баталарын берген. Шет жақта жүрген қазақ жігіті қазақи салтқа сай сүйіктісіне сырға салып, еліне алып кетеді. Жаз мезгілінде аспан асты елінде дүркіретіп той өткізіп, екі айдай жарымен сонда тұрады. Кейіннен Қазақстанға қайта келіп, білімін жалғастырады.

Айтпақшы, ерлі-зайыптылардың екеуі де дәрігерлер. 2010 жылы отағасы қолына дипломын алып, жас отбасы "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша бұрын-соңды мүлдем танып-білмеген ауданға жолдама алады. Ол кезде бұл отбасыда үш перзент тәрбиеленіп отырған. Осында жұмысқа орналасып, екі жыл пәтер жалдап тұруға мәжбүр болыпты. Ал аталған бағдарлама бойынша жас маманға берілетін жәрдемақы үй алуға жетпегендіктен, ерлі-зайыптылар несие алған. Қазіргі таңда отағасының ай сайынғы жалақысы түгелімен несиені жабуға жұмсалады.

"Шүкір, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Әр баланың өз несібесі болады деген рас. Ал көпбалалы аналарға мемлекеттен берілетін жәрдемақы тіптен күлкілі. Ай сайын он мың теңге көлемінде. Ол сегіз балаға жетпейді ғой. Әйтеуір жалақымыз жақсы. Өзім жекеменшік емханада қосымша жұмыс жасаймын", - деп әңгімесін бастады шаңырақтың отағасы.

Айтпақшы, Ғалбият пен Ұлболсынның тұңғыштары Аружан өмірге келгенде оның кіндігін әкесі кескен. Бүгінде шаңырақтың тұңғышы 10 жаста. Қалған екі перзенті Қымбат пен Сымбаттың (автор: алғашқы егізі) дүниеге келу процесіне Ғалбияттың өзі қатысқан. Егіздер бірінші сыныптың оқушылары.

Жас отбасы Түлкібас ауданына қоныс аударған соң Ұлжан мен Ұлпан есімді екінші егіздері өмірге келеді. Бүгінде олар 5 жаста. Көпбалалы ана Ұлболсын бұл есімді келесі сәби "ұл" болсын деген ниетпен қойғандарын айтып қалды. Арада екі жыл өткен соң жас ата-ананың ниеті қабыл болып, Ақарыс есімді ұл бала дүниеге келеді. Ал шаңырақтың кенжелері Бекарыс пен Жанарыс 1 жаста. Яғни, Ғалым әулетінің үш перзенті мектеп оқушысы болса, қалған бесеуі балабақшаға барады. Айтпақшы, шаңырақтың барлық перзентіне есімді отағасы Ғалбият қойған.

"Барлық бала өздігінше ерекше. Әрқайсысына тән өзіндік мінездері бар. Бірақ, шүкір, ешқайсысы бұзық емес. Жуас. Біз кейде қонаққа барарда барлығын үлкенімізге сеніп қалдырып кетеміз. Бір-бірімен ойнап, тіпті қамқор болады. Көп балалы отбасында тәрбиеленген бала көпшіл болады ғой. Балаларымыз да солай" деген жас ана сегіз баланың өзі көптік етпейтінін айтты. Оның сөзіне қосыла кеткен отағасы "Алланың бергені ғой. Біз жасанды түсік дегенге мүлдем қарсымыз. Баланың көптігінен қорықпаған жөн. Әр бала өзі несібесімен келеді. Ешкімге қол жайғымыз келмейді, бастысы ден сау болсын", - деді Ғалбият Ғалым.

Сонымен қатар ерлі-зайыпты балаларды тәрбиелеуде ешқандай шаршауды сезінбейтінін жеткізді. Қайта керісінше, жұмыстан келген олар перзенттерін көріп, бүкіл шаршауды ұмытып кетеді екен. Тағы ерекше айта кетерлігі, бір күн жұмыс істеп, екі күн демалатын ата-ана баланы бағуда ешкімнің көмегіне жүгінбейтіін айтты. "Жедел жәрдем" стансасында еңбек ететін олар кезегімен жұмысқа түсіп, балаларға өздері қарайды. Оның үстіне бұл ауданда қарасатын ешбір туыс-жақыны жоқ.

Отбасы иелері шаңырақтағы егіздердің дүниеге келуі отанасы қанынан келген деп есептейді. Себебі Ұлболсынның үлкен әпкесі дүниеге егіздердің бірі болып келген. Өкінішке орай оның сыңары шетінеп кетіпті. Ал отағасы Ғалбияттың әулетінде өмірге егіз алып келгендер мүлдем жоқ. Айтпақшы, оралман азамат Ғалбият алдағы уақытта Қытайдағы ата-анасын Қазақстанға көшіріп әкелуді басты мақсаты санап отыр. Айтуынша, ондағы қазақтар елге оралуға ынтық. Тек мүмкіншіліктері жоқ.

Ашық әңгіме барысында балаларының талай қызықтарын айтып берген ерлі-зайыптылар қызықты оқиғаларымен де бөлісе кетті.

"Балалы үй - базар" демекші, біздің әрбір күніміз қызыққа толы ғой. Осыдан біраз уақыт бұрын үйімізге еурожөндеу жүргізбенбіз. Бір күні жұбайым екеуміз қонаққа кеткенбіз. Балалар үйде қалған. Қонақтан үйге келсек, балалар қабырғаны сызып, бойларының өлшемін жазып тастапты. Ол ол ма, тағы мынандай оқиға болған. Ғаламторда өзіңіз де көрген шығарсыз, ұнмен ойнап, бөлмені шашып тастаған бала бар еді ғой. Тура сол сияқты біздің де ұлдарымыз ұнды шашып, тек бір бөлме емес, бүкіл үйді былғап, бізді біраз әбігерге салған. Үйді әрең жуып-тазалағанбыз", - деді көпбалалы әке.

Ерекше айта кетерлігі, баспаналы болуды армандаған жас отбасының отағасы Ғалбияттың айлық жалақысы түгелімен үй алуға жұмсалған несиеге кетеді. Ал көпбалалы аналарға мемлекеттен берілетін жалақы небәрі он мың теңге көлемінде. Бұл жамауды жабуға жетпейді деген ерлі-зайыпты әр баланың өз несібесі барына шүкіршілік етіп отыр.

Әңгіменің соңында көпбалалы шаңырақ иелері бір бала жетеді деп, халық санын көбейтуге тырыспайтын отбасыларға өз кеңестерін де айтуды ұмытпады.

"Кейбіреулер сегіз бала болғанша туа бергені несі деп ойлайтын шығар. Бірақ, біз балаларымыздың көптігінен ешқашан ұялмағанбыз. Ал ақша деген ешқашан жетпейді. Әр баланың өз ырысы бар. Әрине, бала тәй-тәй басқанша қиыншылық болуы мүмкін. Бірақ, оның бәрі уақытша ғана. Бала деген өседі ғой", - деп сөзін түйіндеген көпбалалы ана өмірге сәби әкелуде мұнымен шектелмейтіндерін жеткізді.

Себебі Жаратқанның бергеніне қиянат жасау - олар үшін үлкен күнә. Одан өзге ерлі-зайыптылар шаңырақ көтеріп, кейін балалар дүниеге келген соң махабат дегеннің жоғалып, тек сыйластық қалады дегенмен мүлдем келіспейді.

Тағы да оқыңыздар:

Шымкенттен қыз алған құдалар бата берушілерге 200 доллардан "лақтырған"

Жаңа үкіметке Тасмағамбетов келген соң қазнеттегілер сүйінші сұрап, бірін-бірі құттықтап жатыр

Илья Ильин Лондон Олимпиадасындағы алтынынан айырылатын болды

Шардаралық жігіт Қайрат Нұртастың қымбат костюмін сатып жібермекші (фото)

Павлодарда жалғыздықтан әбден қажыған зейнеткер 9-шы қабаттан секіріп кетті

Ақтөбеде оқытушылар мүгедек студентті мазақ қылып, оқудан шығарып жіберді

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1251172-oqo-da-ush-ret-egizdi-bolghan-kopbalaly-o.html