RU

Алты баланың әкесі: Ақтөбеліктер көмекке ағылып келгенде жылап жібере жаздадым (фото)

Шымкенттен көшіп келген көпбалалы отбасын ақтөбеліктер қамқорлыққа алды деп хабарлайды aktobenews.kz.

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желі арқылы көп балалы отбасының көмекке мұқтаждығы айтылды. Шымкент қаласынан көшіп келген Шыныбековтер отбасы адам төзгісіз жағдайда тұрып жатыр. Шиеттей алты бала төбесі толық жабылмаған, есігі жоқ, едені де салынбай, сыз тартып тұрған үйде тұрып жатыр. Таразда сауда жасап жүрген шешелері жылына бір рет келеді екен. Жеті айлық балаға қарау, мектеп жасындағы екі баланы сабаққа апару, оларға тамақ тауып беру - әкенің міндеті.

Ол әйелінің үйге қайтпайтынын естігеннен кейін жүрегі ауырып ауруханаға түскен. Инсульт алған оны дәрігерлер бақылауда ұстап отыр.

"Құрбан айтқа көмектесуге келген адамдар менің балаларымды суретке түсіріп интернетке салған. Екі күннің ішінде қаншама адам көмекке келді. Кеше үйге сұранып барып қайтқан болатынмын. Адамдар туысқандарым секілді. Такси жалдап келіп, қолдарындағы барын тасып жатыр. «Аға, қандай көмегім керек?» деп жас жігіттер келгенде жылап жібере жаздадым. Бауырларымнан көрмеген жақсылықты жаттан көріп жатырмыз. Өзімнің екі апам мен інім басқа қалада тұрады. Олар да көпбалалы отбасы, маған қарайласуға шамалары жоқ", - дейді алты баланың әкесі.

18 жастағы қызын ақылы бөлімде колледжде оқытып жатқанын айтқан Бақыт Шыныбеков бұған әрі қарай шамасы келмей ме деп алаңдайды. Ол жасап жатқан қайырымдылықтары үшін ақтөбеліктерге шексіз алғыс айтты.

"Мен Ақтөбеге 18 жыл бұрын көшіп келгенде халық көмектеспейтін шығар деп ойладым. Бірақ халықтың жағдайымды интернеттен көргеннен кейін дорбалап барын тасып жатқанына риза болдым. Ақтөбеліктердің мейірімді екенін екі күнде көрдім. Жоқшылықтан қиналғанға қолдау білдіретін ел бар екен", - дейді Бақыт Шыныбеков.

Бақыт Шыныбековтер отбасына қала әкімшілігі де қолдау білдіретінін хабарлады. Қазіргі кезде гуманитарлық колледжде оқитын үлкен қыздарын оқу ақысынан босату жөнінде келісімдер жүріп жатыр. Қалалық білім бөлімінің тарапынан 2012, 2013 жылы туған екі қызды бес күндік балабақшаға орналастыруға ұсыныс жасалған. Бірақ бұл көмектен балалардың әкесі бас тартып отыр.

"Қазіргі уақытта қалалық әкімдік тарапынан көпбалалы отбасыға уақытша тұратын баспана іздестіріліп жатыр. Отбасы ол жерде үйдегі жөндеу жұмыстары аяқталғанша тұратын болады. Ал үйдің жөндеу жұмыстары қазіргі кезде ақтөбелік белсенділердің және тұрғындардың көмегімен жасалып жатыр", - деп хабарлайды қала әкімдігі.

Қалалық әкімдіктегі кәмелеттік жасқа толмағандардың құқын қорғау орталығы балалардың анасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде әйелі алты баласымен отбасын тастап кеткесін отағасы инсульт алғанын хабарлаған болатын.

Тағы оқыңыздар:

Қостанай облысында жантүршігерлік жол апатынан бір адам тіл тартпай кетті

Төлешовтің ісін Челах пен Жоламановқа жаза тағайындаған судья қарайтын болды

Рамзан Қадыров Қазақстандағы ауыр дертке шалдыққан қызды құтқарып қалды (фото)

Ақтөбеде әйелі алты баласымен отбасын тастап кеткесін отағасы инсульт алды (фото)

Баян Есентаеваның қызы сотта әкесін қорғайтын болды

Жамбыл облысында құран оқылғанда ғана ағатын бұлақ жұртт таң қалдырды (фото, видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1251438-alty-balanynh-akesi-aqtobelikter-kome.html