RU

Қазақстанның сыртқы қарызы соңғы төрт жылда сегіз есе өскен

Қазақстанның сыртқы қарызы соңғы төрт жылда сегіз есе өскен. 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды қараған мәжіліс депутаттары осылайша дабыл қағуда, деп хабарлайды Qamshy.kz.

Мемлекет қарызының артуы Ұлттық қорға үлкен салмақ салып отырған көрінеді.

«2008 жылдан бері Қазақстанның мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздары 2,2 миллиард доллардан бүгінгі күні 32 миллиард доллардан астам сомаға артып отыр. Бұл қарыздарға кететін шығындар төрт жыл ішінде сегіз есеге жуық артып, бюджет шығындарының білім беру, медицина сияқты кейбір баптарынан асып отыр. Мемлекеттік қарыздың күрт артуы бюджет тұрақтылығына қысым жасайды. Әсіресе, Ұлттық қор қаржысын сақтауда кері әсері көп», - дейді мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов.

Депутатты мұнай бағасының баррелі 30 доллардан, АҚШ долларының бағасы 360 теңге шамасында тұрақтаған жағдайда Ұлттық қордағы қаражаттың әрі кетсе бес жылға ғана жететіні туралы мәлімет те алаңдатып отыр. Оның айтуынша, алдағы үш жылда бюджет түсімінің негізгі бөлігін шикізаттық емес сектор құрайтындықтан, ол түсімдер ұлттық валютада болады. Ал, қарыздар келісім-шарттар бойынша бағам айырмашылығы ескеріле отырып, шетел валютасымен қайтарылады.

«Үкімет алдағы уақытта сыртқы қарыздың артуын қалай реттемек? Бұл жерде Халықаралық валюта қорының деректерін алға тарту дұрыс емес. Мен ХВҚ мәліметтері бойынша Қазақстанның үкіметтік қарыздарының ІЖӨ-ге қатынасы 2014-2015 жылдары 14,7-ден 23 пайызға өскенін білемін. Дамыған елдерде мұндай цифрлар тіпті 90-100 пайызға дейін жететінін бәріміз білеміз. Бірақ, олар – дамыған елдер. Онда өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласы жақсы дамыған. Ресурстық елдерде жағдай басқаша. Норвегияда бұл – 28, Ресейде – 18, Иран мен Чилиде – 17, Индонезияда – 27 пайыз. 90-100 пайыздық көрсеткіштер Ұлыбритания, Германия, Франция сынды дамыған елдерге тән», - дейді депутат бюджет жобасын таныстырған депутаттарға қарата.

Ал, үкіметтегілер болса, Қазақстанның қарызы артып бара жатқанын мойындай отырып, оны кірістердің азаюымен және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру қажеттілігімен түсіндіреді. Министрлер қарыздың өсуінен қандай да бір қауіп күту қажет емес деп санайды.

«Бірден айтайық, қарызды 90-100 пайыздық (ІЖӨ-ге қатысты) көрсеткішке дейін өсіру мақсатымыз жоқ. Бүгінде бізде шынымен де қарыздың белгілі бір шамада өсуі байқалып отыр. Ол кірістердің түсуімен, бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырумен байланысты. Біз халықаралық қаржы ұйымдарынан ұзақ мерзімді, «жұмсақ» қарыздар алудамыз. Қазір үкіметтік қарыз 21 пайыз, мемлекеттік қарыз 24 пайыз деңгейінде. Бұл айырмашылық пен болжам Ұлттық банктің сыртқы нарықта қысқа мерзімді ноталарды шығару бойынша еркін жұмысты жандандыруына байланысты», - дейді Ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаев.

Оның айтуынша, бұл қарыздың бір бөлігі тұрақты қарыз болып саналмайды. Министр қазір қаржы министрлігімен, басқа да салалық министрліктермен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мемлекеттік кепілдік беру жөніндегі жоспарларды қайта қарап жатқандарын айтады.

Алайда, депутаттар мемлекеттік қарыздың шынайы мөлшері ресми есептердегі цифрлардан көп болуы мүмкін екенін де айтады. Оны нақтылау үшін депутаттар квазимемлекеттік секторға жататын және мемлекет балансындағы ұлттық компаниялардың да қарыздарын есепке алуды сұрап отыр.

Тағы оқыңыздар:

Депутаттар елімізде 24 мың теңгеге өмір сүріп жатқандардың барын естіп, жаға ұстады

Атырауда хиджаб киген оқушыны мұғалімдер мектепке кіргізбей қойды

Мұрат Майкеев Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды

Шымкентте зообақ директоры арыстанның балаларына ат қою үшін желі қолданушыларынан ақыл сұрады

Айнұр Нұрсейіт ұшақтағы төбелес туралы: Әкем балалы әйелдің қылығына шыдай алмады

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1252596-elimizde-bilim-men-medicinagha-bolinu.html