RU

Ақтөбедегі терактіде жарақат алған ер адам әлі күнге дейін басындағы оқпен жүр

Ақтөбедегі терактіде жарақат алған Ойландық Жармановтың басындағы бір бытыра әлі күнге дейін алынбай қалған. 38 жастағы ер адам өзі шеккен жан мен тән азабын 5 млн теңгеге бағалап отыр деп хабарлайды Kerek-info.kz.

Ақтөбеде "Паллада" қару-жарақ дүкенінің иесіне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 28 жастағы дүкен директоры Артем Горлаев қару-жарақты дұрыс сақтамағаны үшін сотталып жатыр. Бұған сотталушы кінәсін мойындап, прокуратурамен процессуальдық келісім жасауға өтініш берген. 15 қыркүйекте Ақтөбе қалалық сотында өткен кезекті сот отырысында бұл өтініш қабылданған жоқ. Бұған – жәбірленушілердің бірі, "Жедел күзет" қызметінің жүргізушісі Ойландық Жармановтың моральдық өтемақы талап етуі себеп.

"5-ші маусым күні мен кезекшілікте болған едім. Оқ құлақ шекемнен тиді. Денемнен, басымнан 6 бытыра алып шықты. Біреуі әлі басымда тұр. Осы оқиғадан кейін жағым қарысып, сөйлеуім де қиындап кетті. Қазір ауруханада травматология бөлімінде жатырмын. Дәрігерлер еңбекке жарамсызсың деп отыр. Неше айдан бері жұмыссызбын. Екі балам бар. Әйелім жұмыссыз.Ол да науқас, дәрігерлердің есебінде тұр. Қазір әркімнен қарыз сұрап жүрміз. Дүкен директорын кінәлі, моральдық өтемақыны сол ғана төлесін демеймін. Бұл шығынды кім төлесе де, ризамын", - дейді жәбірленуші.

Жәбірленушінің өкілі Нұржамал Әжіғалиеваның айтуынша, Ойландық Жарманов қазір тегін емделіп жатыр. Алайда, оның жағдайы әрі қарай не болатындығы белгісіз. Сондықтан жәбірленуші шеккен жан мен тән азабы үшін 5 млн теңге талап етіп отыр.

"Прокурор қабылдаған шешім аяқталған ақырғы шешім емес. Горлаев кешірім сұрап, моральдық шығынды өтесе, процессуальдық келісімге келуге болады", - дейді ол.

Кезекті сот отырысы 22 қыркүйекке тағайындалды.

Айта кетелік, 5 маусым күні болған теракт кезінде лаңкестер "Паллада" дүкеніне бірінші болып шабуыл жасаған болатын. Қарулы топ өздерімен бірге 18 қаруды оқ-дәрісімен бірге алып кеткен. Тергеу тапаншалар мен оқ-дәрілердің сөреге дұрыс бекітілмегендігін анықтады.

Оқиға салдарынан дүкен сатушысы Андрей Максименко мен жедел күзет қызметкері Мейірхан Тәжібаев қаза тапты. Тағы екі адам жарақат алды.

Тағы оқыңыздар:

Атырауда хиджаб киген оқушыны мұғалімдер мектепке кіргізбей қойды

ОҚО-да аяусыз зорланған алты жасар мүгедек қыздың анасы әділдік іздеп, жанұшыруда (фото)

Депутаттар елімізде 24 мың теңгеге өмір сүріп жатқандардың барын естіп, жаға ұстады

Павлодар облысында арнайы жасақ жергілікті тұрғындарды соққыға жықты

Депутат Балиева тентек балаларды отбасынан тартып алуды ұсынды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1252925-aqtobede-teraktide-zharaqat-alghan-er.html