RU

Таразда екі оқушыны салмағы үш тонналық бетон басып қалды

Таразда екі оқушыны қоқыс жәшіктерін қоршап тұратын цемент бетон басып қалды. Құдай сақтап балалар тірі қалғанымен, біреуі ауыр жарақатпен ауруханада жатыр.

Зіл батпан цементтің астында қалған жеткіншектерді көршілері байқамағанда ажал құшуы да мүмкін екен деп хабарлайды КТК арнасы.

20-ға жуық адам ауыр бетонды әзер көтеріп, жан дауысы шыққан жеткіншектерді астынан шығарып алған. Дабыл қағып, жедел жәрдем мен құтқарушыларды шақыртқан да осы көршілер. Кәугерлердің айтуынша, екі оқушы бетондардың үстінде секіріп ойнап жүріпті. Кенеттен зіл батпан цемент құлап кетіп кеткен.

"Құлағанда балалар секірді, ары секіреміз деп. Бірақ жетпей қалды да, цемент аяқтарына түсті ғой. Денеге түскен жоқ, түскен кезде өлер еді. Бір баланың меніңше беліне жақын түсті -ау деймін", - дейді оқиға куәгері Қадыржан Есжанов.

Жапа шеккен 4-ші сынып оқушылары шұғыл ауруханаға жеткізілген. Оның біреуі жеңіл жарақат алғандықтан үйіне жіберілсе, жамбасы сынған екіншісінің жағдайы күрделі. Екі күннен бері жансақтау бөлімінде жатқан ол тек бүгін жалпы палатаға шығарылды.

"Баланың жағдайы жалпы орташа. Сөйлеп жатыр, тамағын ішіп жатыр. Бірақ дәрігерлердің құзырында болу керек. Жамбас сүйегінің сынуына байланысты, жатады әлі", - дейді Жамбыл облыстық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Дәулетбек Ахметжанов.

Тұрғындар бұл жағдайға ісіне салғырт қараған атқамінерлерді кінәлауда. Айтуларынша, бетонның қауіпті жағдайда тұрғаны оларға баяғыда ескертілген. Алайда, оған құлақ асқан тірі пенде болмапты.

Ал, осы қоршаулардың беріктігіне тікелей жауапты «Жасыл ел-Тараз» компаниясының басшылары жұмған ауыздарын ашпады. Тіпті мекеме басшысы тілшілердің келгенін көре тұра, кабинетін ішінен құлыптап, шықпай қойды.

Қоқыс жәшіктері бұл маңға өткен жылы орнатылыпты. Жұрттың айутынша, оқыс жағдай болғанға дейін мына бетон қоршаулары бір-біріне бекітілмей, ары-бері теңселіп әзер тұрса керек. Ақыры екі бала опат бола жаздады. Бұл оқиға шешеуніктерге үлкен сабақ болса керек. Қазір бетондар темірмен мықтап ұстатылып, тіпті төңірегіне құм төсеп қойыпты.

Тағы оқыңыздар:

Қазақстан экономикалық еркіндік рейтингінде Ресейден озып кетті

"Қазақша сөйлемеймін деген" қызметкер саясаттанушының қан қысымын көтеріп жіберді

Маңғыстауда болған жантүршігерлік жол апатынан бір отбасының мүшелері түгелдей қайтыс болды

Есікте зорланған бойжеткеннің қорғаушысы сараптама нәтижесін жария етті

Ақтөбеде үш бірдей мүгедекті өсіріп отырған отбасы қайырымды жандардың көмегіне зәру (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1255921-tarazda-eki-oqushyny-salmaghy-ush-tonnal.html