RU

Әкесіне бауырын бөліп берген жігіт перзенттік парызының өтелгеніне қуанды (фото)

Трансплантациялық ота арқылы баласының 70 пайыз бауыры салынған Сапабек Әлханов ауруханадан шықты. Әлхановтар отбасының қуанышында шек жоқ.

46 күн ауруханада болған атасын немересі келіп шығарып алды деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі.

«Менің енді алғыстан басқа айтарым жоқ. Өзім көп жыл ауырып, қиындық көрдім. Баламның донор боламын дегеніне көп болды. Тек мен оны пышаққа салуға қорқып, өзім келіспеген болатынмын. Қиналсам да өзім қиналайын, балаларыма ауыртпалық түспесе екен дедім. Мен балама өмір сыйласам, енді балам маған өмір сыйлады. Екі ұл, бір қызым, үш немерем бар. Өзім ауырым жүрген соң балаларымды ертерек үйлендірген болатынмын. Екеуі де органда қызметте жасап жүр», - дейді Сапабек Әлханов.

Әкесіне донор болған Жалғасбек Қайырбеков перзенттік парызын өтей алғанына қуанады.

«Әкеме бауырымды берсем, ол менің перзенттік парызым. Кесіп берген бауырым әкемді аман алып қалғаны үшін шүкіршілік айтамын. Көмек адамға қиналған кезде керек. Екінші адамға өмір сыйлау үлкен сауап. Әкемнің өмірін аман алып қалуды басты парызым санаған соң, пышаққа түсіп, жарымжан болып қаламын деп ойлаған жоқпын. Ешқандай үрей болған жоқ. Бауырым әкемдікімен 100 пайыз ұқсас болғанына қуандым. Дәрігерлер мұндай ұқсастық тек егіздерде болуы мүмкін деп айтып жатыр. Қан қысымы, дене қызуымыз барлығы тең келді», - дейді Жалғас Қайырбеков.

Азаматын ауруханадан шығарып алуға Сапабек Әлхановтың жолдасы да келді. Ол екі бірдей жақын адамы пышаққа түскен кезде жанын шүберекке түйіп отырған.

«Жолдасымның ауырғанына 10 жылдан асып кетті. Содан бері аурухана есігін тоздырдық. Алмаған дәріміз жоқ. Дәрігерлердің арқасында осы уақытқа дейін шыдады. Соқыршек болып пышаққа түскеннің өзінде қорқасың ғой. Бұл жерде етінен ет кесіп берген секілді. Бір үйден екі адам пышаққа түсіп жатқанда жанымызды шүберекке түйіп отырдық. Бірі балам, екіншісі жолдасым. Үй ішімізбен аурухананы күзетіп отырдық. Ешкімнің басына ауру бермесін. Әкесі отадан кейін оянғанда бірден баласын сұраған. Баласы да көзін ашқан бойдан әкесін сұрапты. Баламды жансақтау бөлімінен шығарғаннан кейін қасына бір күн қонып кеттім»,- дейді жұбайы жолдасының аман-есен шыққанына қуанып.

Отбасы мүшелері аурухана алдында қауышып, атасы немересін құшақтаумен болды. Жазылып шыққанына қуаныш білдірген емделуші дәрігерлерге алғыс айтты.

«Ешкім мен сияқты ауырмасын, мен секілді қиналмасын. Осылай отбасыммен қауқылдастырған дәрігерлерге алғысым шексіз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Әскерұлының еңбегі үлкен. Ақтөбеде отырып тегін ем алуға мүмкіндік туғызды. Облыстың бас хирургі Ерлан Бықытұлы ота жасалатын кезде зыр жүгіріп, бәрін ұйымдастырып жүрді. Менің бұл дәрігерлерге алғысым шексіз. Көзіммен көргеннен кейін айтып отырмын. Бұлай отырып сұхбат беремін деген ой болмап еді. Мен осы жағдайға жеткізген бірінші Алла, екінші осы дәрігерлер. Емдеуші дәрігерлерім Жанаәділ мен Ермаханға да алғысымды жеткізіңіздерші. Олар дәріге дейін ауызыма өздері салып, бағып-қағумен болды. Бұл да медицинаның жетістігі. Мен бәріне ризамын», - дейді Сапабек Әлханов.

Ауруханадан шығарылған әкесінің де, баласының да жағдайы толық жақсы. Енді олар учаскелік дәрігердің бақылауында болады.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Тағы да оқыңыздар:

Сүйіктісіне су жаңа Bentley сыйлаған қалталы азамат Қазнетте қызу пікірталас тудырды

Белгілі журналист үкімет отырысында бірінен соң бірі орысша сөйлеген министрлерді сынға алды

Астаналық шенеунік Сағынтаевтың қойған сұрағына жауап бере алмай, қиналды

ШҚО-да сүйіктісінің туған күніне кеткен бойжеткен із-түзсіз жоғалып кетті (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1256923-akesine-bauyryn-bolip-bergen-zhigit-pe.html