Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кәсіби боксқа ауысуы мүмкін қазақстандық боксшылар кімдер?

Опубликовано:

 

Қазақ боксы қашан да биігінен құлдыраған емес. Мұны әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да дәлелдеп келеді. Кез келген спорт түрі секілді бокста да буын алмасу мен жас таланттардың қатарға қосылу кезеңі болары сөзсіз.

Олай болса, алдағы уақытта кәсіпқой шаршы алаңға ауысуы мүмкін боксшылар туралы айта отырайық деп жазады Массагет.

Кейінгі жылдары қазақтың да күрзі жұдырықты жігіттерінің біразы кәсіпқой боксқа ауыса бастады. Жыл санап саны артып келеді. Бұл – қуантарлық жағдай. Алды Геннадий Головкин болса, одан кейін жолын жалғап келе жатқан Қанат Ислам, Иса Ақбербаев, Бекман Сойлыбаев, Бахтияр Эюбов, Батыр Жүкембаев, Жанқош Тұраров, т.б. шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмай келеді. Бұл жігіттердің де ізін басып келе жатқан жас таланттар да жетерлік. Алда олардың легі тағы толығары даусыз. Әсіресе, Риодағы Олимпиада ойындарынан ұлттық құрама сапында өзгерістер орын алып, кей боксшылар кәсіпқой боксқа ауысуы бек мүмкін.

Василий Левит

91 келіге дейінгі салмақта Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Василий Левитті кәсіпқой бокстың шаршы алаңынан көріп қалуымыз ғажап емес. Бразилиядағы доданың финалынан кейін қазақстандық боксшыны әлем тани түсіп, спорт саңлақтарының назарын аударды. Атақты америкалық промоутер Эл Хеймонның ұсыныс жасауы мүмкін екендігі де айтылды.

Василий Левит 28 жаста. Кәсіпқой боксқа жасы мен тәжірибесі сұранып-ақ тұр. Рио Олимпиадасы мен «Astana Arlans» сапындағы шеберлігін бағалаған спорт мамандары отандасымызды нағыз кәсіпқой боксқа дайын тұлға ретінде бағалауда. Ал Олимпиадаға дейінгі сұқбаттарының бірінде Василий «кәсіпқой боксқа жақсы ұсыныстар түссе, неге бақ сынап көрмеске?» - дегені де бар.

Данияр Елеусінов

Риода Олимпиада чемпионы атанған Данияр Елеусіновтің те кәсіпқой боксқа ауысуы мүмкін екені айтылып, жазыла бастады. Boxing News порталы, ағасы Дәурен Елеусіновке қосылып, Лу Ди Белланың қол астында өзінің кәсіпқой бокстағы мансабын бастауға ниетті екенін жазды. Ал боксшы бұл тақырыпқа қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Оралға барған сапарында кәсіпқой боксқа ауысу туралы ұсыныстың түскенін, әлі нақты шешім қабылдамағанын айтты.

Ұлттық құрама капитаны әуесқой бокста талай белестерді бағындырды. Данияр халықаралық жарыстарды қоспағанда, Азия, әлем және Олимпиада чемпионы атанды. Бәлкім, келер жетістігі мен жеңісі кәсіпқой бокста болар...

Әділбек Ниязымбетов

Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін мансабынан бөлек, жеке өміріне көп көңіл бөлуді көздеген Әділбекті де кәсіпқой бокстан көріп қалуымыз мүмкін. Дегенмен бұл боксшы да түскен ұсыныстарға қарайтыны анық.

- Келесі Олимпиадаға қатысу туралы шешім қабылдаған жоқпын. Жетістік бар, жетпегеніне тағы ұмтылу керек. Біраз тыныққаннан кейін, жаттықтырушыммен кеңесіп көретін боламын. Кәсіпқой боксқа ауысу туралы да әлі ойланғын жоқпын, - деді боксшы Риодағы додадан кейінгі сұқбаттарының бірінде.

Иван Дычко

Аса ауыр салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Иван Дычко да кәсіпқой бокстан ұсыныстар түсіп жатса, кетәрі емес. Жақын күндері жаттығуын бастайтын отандасымыз қандай шешім қабылдайтыны әзірге белгісіз. Бәлкім, Токиода топ жаруды көздеуі де мүмкін...

Мейірім Нұрсұлтанов

«Astana Arlans» клубы сапында 2013 жылдан бері жұдырықтасып келе жатқан Мейірім өзін сан қырынан танытты. Талай қауқарлы қарсыластарын қапы қалдырып, командасына маңызды ұпай сыйлады. Дегенмен ұлттық команданың негізгі құрамына көп іліге алған жоқ. Өйткені, 75 келіге дейінгі салмақта Жәнібек Әлімханұлы бар.

Мейірім Нұрсұлтанов – еңбекқор, намысқой боксшы. Оны осыған дейінгі жекпе-жектерінен-ақ көріп, байқап жүрміз. Бүгінде Мейірім қазақстандық кәсіпқой боксшылар Мадияр Әшкеев және Асxат Уәлиxановпен бірге "Main Event" промоутерлігінде жаттығып жүр. Бәлкім, кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегі көп күттірмесе керек.

Назым Қызайбай

Бүгінде қазақстандық боксшы қыздар да кәсіпқой шаршы алаңда бақ сынауды мақсат тұта бастады. Оның айқын дәлелі ретінде Фируза Шарипованы айтуға болады. Ал екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай бұл жолды таңдар ма екен?

Назымға танымал промоутер Сергей Завилейский ұсыныс жасағаны туралы осыған дейін ақпарат құралдарында жазылды. Дегенмен қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Олимпиадада бақ сынағысы келетіні жасырын емес. Сондықтан да Назымды кәсіпқой бокстан бұрын, Токиода топ жарғанын көріп қалармыз.

Тағы да оқыңыздар:

Жүрегі сыр берген Атамбаев Түркияда ауруханада жатыр

Атырауда 5 мың долларға сәби сатпақ болған қызметкер сотталып кетті

Әзілдің түбін түсіретін Мейрамбек Беспаев тағы да желіні "жарды"

Дубайда араб жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызы тойының қызықсыз өткеніне өкінді

Мейвезер: Альварес Головкинді ұрып тастайды

Украиналық модель өзін ұрып-соғатын миллиардер күйеуінен қашып кетті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1257368-kasibi-boksqa-auysuy-mumkin-qazaqsta/

pixel