RU

20 жастағы студент қыз "Шымкент аруы" атанды (фото)

Шымкенттің ең сұлу аруының есімі белгілі болды. Ол - Тоғжан Бекжігіт.

Бұл туралы аймақтағы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Жас ару жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуды көздейді. Соңғы оқыған кітабы Абай жолы. Бала күнінен сылқым болып өскен Тоғжан би өнерін де қатар меңгерген.

Шымкенттің ең сұлу аруы атанамын деп о баста 100-ден астам бойжеткен бақ сынаған. Тек оның 16-сы ақтық сынға жолдама алып, тартысты бәсекеге өнерлерін паш етті.

"Мисс" атағынан дәмелі арулардың екеуі өзге ұлт өкілдері болғанымен, барлығы да өздерін қазақ тілінде таныстырып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Үлкен сахнаға шыққан үміткерлердің арасында қобалжып, тіпті таныстырылым сөзін ұмытып қалғандары да болды. Ал сахна артында үміткерлер өздерін сенімді ұстап, тіпті кезектесіп селфилете түсті.

Қатысушылардың топтық биімен ашылған сұлулық додасы үш кезеңнен тұрды. Алғашқысы өзін-өзі таныстыру болса, екіншісі - зияткерлік білімін анықтауға арналды. Бұл кезеңде үміткерлер қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Ал үшінші турда сән киімінің үлгісі көрсетілді.

Қатысушылардың өнеріне қазылық еткендердің қатарында эстарада жұлдызы Еркін Нұржанов та бар. Ал Шымкент әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров әділ қазылар алқасының төрағасы болды. Бұл байқауда қатысушы Салима Бейсенғалиева "Көрермен көзайымы" атанды. Екінші вице-мисс атағына Даяна Садвакасова ие болса, Айымжан Файзулла бірінші вице-мисс атағын алды.

"Шымкент аруы-2016" титулының иегері Тоғжан Бекжігіт Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ІІ-курс студенті. 20 жастағы Тоғжан бұған дейін өзі білім алатын оқу ордасында ең сұлу ару атанған. Бала күнінен биге құмар болып өскен ол тіпті ән де салады екен.

Айта кетейік, "Шымкент аруы-2016" байқауының жеңімпазы 75 мың теңге көлеміндегі қаржылай сертификат пен республикалық "Қазақстан аруы-2016" додасына жолдама алды.

"Республикалық деңгейдегі жарыста барымды салып, қала тұрғындарының үмітін ақтауға қолымнан келгенше тырысамын" деген сұлу ару бұл жеңісіне алдын ала сенімді болғанын да жасырмады.

"Өте қуаныштымын. Қолдау көрсеткен баршаларыңызға алғыс айтамын. "Шымкент аруы" атанғаныма ризамын. Жеңіске жету қиындау болды, барынша тырыстым әрі сендім",-деді қуанышқа кенелген бойжеткен.

Арудың әжесі Закида Абылқызы да немересінің жеңіске жететінінен үмітті болған.

"Енді өзіміз дайындығына қарай үмітті болдық. Ұтып алар дедік. Тілектес болып отырдық. Кішкентайынан мен бақтым. Сәнге құмар қыз болып өсті. Ән айтып, би билейтін",-деп қысқа қайырды "Шымкент аруы-2016" титулы иегерінің 70 жастағы әжесі.

Тоғжан Бекжігіт "Қазақстан аруы-2015" титулының иегері Әлия Мергембаева секілді кітап оқымайтындардың қатарынан емес. Соңғы рет Абай Құнанбайұлының туындыларын оқып шыққан ол Шымкенттің тарихына келгенде біраз кідіріп қалды. "Шымкент қанша жаста?" деген сұраққа "1900..." деп ойланып жауап берді бас жүлде иегері.

Студенттік өмірдің екінші жылына қадам басқан аруды сөгудің де қажеті жоқ. Өйткені Шымкенттің құрылғанына нақты неше жыл болғаны туралы әкімдік нақты деректі бекіткен жоқ. Бұған дейін археологтар шаһардың 2200 жылдық тарихы бар деген тоқтамға келген, тек ресми ақпарат жоқ.

Қаладағы №47 мектепті бітірген жеңімпаз ару отбасының ортаншы перзенті. Анасы бастауыш сыныптың мұғалімі, әкесі құрылысшы. Ағасы мен інісі бар. Айтпақшы, Тоғжанның анасы Гүлмира Наушабаева қызының дәл қазір тұрмысқа шығуына қарсы емес.

"Барлығы да Алланың бұйрығымен болады. Өз қалауымен барлық нәрсе. Болып жатса, "қой" демеймін" деген ол перзентінің модельдік жолды таңдауына қарсы еместігін ашып айтты.

Тағы да оқыңыздар:

Қайрат Мәми: 1 миллион 100 мың теңге жалақы аламын, құпия емес!

Жүрегі сыр берген Атамбаев Түркияда ауруханада жатыр

Атырауда 5 мың долларға сәби сатпақ болған қызметкер сотталып кетті

Дубайда араб жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызы тойының қызықсыз өткеніне өкінді

Украиналық модель өзін ұрып-соғатын миллиардер күйеуінен қашып кетті

Шымкенттік шенеунік 1 млн теңге пара алып жатқан жерінен ұсталды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1257546-20-zhastaghy-student-qyz-shymkent-aruy-ata.html