RU

Төрт бірдей ауыр дертке шалдыққан қазақ бүлдіршіні өмір сүру үшін арпалысып келеді

Шымкентте тұратын төрт жарым жастағы Темұрланның ата-анасы барша қазақстандықтардан көмек сұрайды. Бүлдіршін төрт бірдей ауыр дертке шалдыққан. Оның бірі - "маклеод синдромы". Кішкентай Темұрлан Қазақстан былай тұрсын, ТМД елдері бойынша аталған дертке шалдыққан жалғыз бүлдіршін деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

Балақайдың еміне 85 мың АҚШ доллары қажет. Мұндай соманы сырқат балақайдың ата-анасы таба алмағандықтан, қайырымды жандардың көмегіне зәру.

Темұрлан Ерланов - отбасының кенжесі, алдында 26 жастағы ағасы бар. Дүниеге өзгелер секілді дені сау сәби болып келген. Төрт айлығында дәрігерлер екпе жасап, содан бастап сәбидің денсаулығы күрт нашарлап, екі ай жансақтау бөлімінде жатқан. Алайда медицина мекемесіндегі емнің сәбиге еш көмегі тимеген. Керісінше, талмасы жиі ұстай түскен.

Бір жасында сәби Астанадағы медициналық мекемесіне жатып, ондағылар бір аптадан кейін сәбиді үйіне қайтарады. Туған қаласы Семейге қайта оралған Темұрлан сондағы ауруханаға жатқызылады. Бірақ, сәбидің талмасы күніне үш-төрт рет ұстайтын жағдайға жетеді. Аяқ-қолы қалтырап, аузынан көбік шыққан бүлдіршіннің дертін ақ халаттылар алғашында анықтай алмай дал болған екен. Кейінірек оған  "маклеод синдромы", "драве синдромы", артериялық гипертензия және өңеш жолының кішірейіп, тарылуы деген төрт дерттің диагнозын қояды.

Осы ретте айта кетейік, "маклеод синдромы" анықталған Темұрлан Қазақстан былай тұрсын, ТМД елдері ішінде бұл ауруға шалдыққан жалғыз науқас. Яғни, бүлдіршіннің бір өкпесі мүлдем жұмыс істемейді, ал екінші өкпесі тек 70 пайыз ғана жұмыс істейді. Оның кез-келген уақытта істен шығу қаупі бар. Аталған дерттің емін жанұшырып іздеген ата-ана қазақстандық мамандардан қайыр болмаған соң Үндістан мен Түркия еліндегі ақ халаттылармен байланысқа шыққан.

Аталған дерт сирек кездесетіндіктен шетелдік дәрігерлер шарасыз екенін айтқан. Тек Израиль мамандары ғана сәбиді төрт дертінен де айықтырып беруге кепілдік берген. Алайда шетелдік дәрігерлердің медициналық көмегіне 85 мың АҚШ доллары қажет. Мұндай қаражатты табу бүлдіршіннің ата-анасы үшін аса қиын. Өйткені бір минутқа баласын қараусыз қалдыруға болмайтынын түсінген анасы Әсия Оразалина жұмысынан шығып, қазіргі таңда сырқат сәбиінің жанында. Әкесі Ерлан Бекбосынов ауруханалардың бірінде санитар болып жұмыс істейді.

Ал "драве синдромы" дегеніміз - эпилептикалық энцефалопатия. Яғни, кәдімгі эпилепсия. Өкпеге қысым түскен сайын бүлдіршіннің қызуы көтеріліп, ұстама ауруы жиілеп барады.

Артериялық гипертензия дертіне шалдыққан Темұрланның жоғарыда атап өткен екі дерттің салдарынан ағзасында ауытқушылық пайда болып, жүрегіне салмақ түскен. Ол аз дегендей, өңеш жолы кішірейіп, тарылған бүлдіршін еркін тыныс ала алмайды. Бұл талма дертінің жиі ұстауына әкеп соғады. Небәрі төрт жасында төрт бірдей ауыр дертке шалдыққан Темұрлан бүгінде тек дәрі-дәрмектің күшімен өмір сүріп келеді.

Яғни, өмірдің оңы мен солын әлі ұға қоймаған бүлдіршін гормональды дәріге тәуелді. Онсыз жағдайы тіптен қиын. Тәулігіне 7-8 рет талмасы ұстайды. Ондай сәтте балақайдың ата-анасы екі жақтап бүлдіршіннің аяқ-қолына массаж жасап, тілін жұтып қалмаудың амалын жасайды. Дәрі береді. Бүлдіршіннің бір күндік еміне 30-40 мың теңге жұмсалады.

"Төрт жыл болды, барған есігіміз қалмады. Әр талмасы ұстаған сайын көзіме жас келеді. Тіпті отандық ақ халаттылар екі рет ауруханада жатқан ұлымның өліміне дайын болыңыздар деп шығарып салған. Сенесіз бе, дүниеге дені сау болып келген сәбиім төрт айдың ішінде сырқат атанып, міне, төрт жыл болды, емін іздеп, күн сайын өлім мен өмірдің арасында арпалысып келеміз. Далаға шығара алмаймын. Көпшілікті көрсе, талмасы ұстап қалады", - дейді Әсия Оразалина.

Темұрланның ата-анасы - семейліктер. Сәбилері дертке шалдыққан соң олар екі бөлмелі пәтерін сатып, балаларының еміне жұмсаған. Алматы, Астана мен Семейдегі аурухана табалдырығын тоздырып, нәтиже шықпаған соң ата-ана Шымкентте пәтер жалдап тұрады. Олар бұл әрекетін елдің оңтүстік өңірінің тұрғындары бауырмашыл әрі қолынан келген көмегін аямайды деген үмітпен  байланыстырып отыр.

Темұрланның анасы Әсия Оразалина қыркүйектің 5-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің қабылдауына жазылыпты. Алайда екі аптадан астам уақыт өтсе де билік тарапынан ешбір хабар жоқ. Бауыр еті баласы әлі де дертінен айығып кетеді деген үмітін үзбеген ана әкім Атамқұлов оның бұл өтінішіне бей-жай қарамайды деген сенімде.

"Ол кісі облыстың бірінші тұлғасы ғой. Жағдайымды тыңдап, қол ұшын созады деп сенемін. Тіпті болмағанда облыстық денсаулық сақтау басқармасындағыларға тапсырма беріп, квота алуымызға көмек берсе деймін... Мен пәтер сұрап отырған жоқпын. Ұлымның ел қатарына қосылып, сауығып кетуін тілеймін. Біз қашанғы қасында болады дейсіз?! Жасым 46-да,  әкесі 47 жаста. Әйтеуір ұлымыз өз тамағын өзі алып жейтін халге жетсе деймін. Халықтан да жалына көмек сұраймын", - деді жанары жасқа толған ана.

Осы ретте айта кетейік, Темұрланның ата-анасы осыдан екі жыл бұрын израильдік дәрігерлермен байланысқа шыққан. Содан бері олар барынша кеңестерін беріп келеді. Тіпті ондағылар "экономикалық жағдайы шарықтап дамып келе жатқан Қазақстан бір бүлдіршініне қол ұшын бере алмай отыр ма" деп таң қалған екен. Осы ретте  нағыз асыр салып ойнайтын шағында төрт қабырғаға қамалып,  дәріге тәуелді болған Темұрланға қол ұшын беремін деушілер болса, төмендегі телефон нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз.

Ата-анасы Ерлан мен Әсия  8-775-551-17-47 , 8-775-898-42-59

Киви-әмияны:  8-775-551-17-47 , 8-775-898-42-59

Темұрлан Ерланов  «КазКоммерцБанктегі» есеп-шоты KZ6092603014TF555000

БИК KZKOKZKX.

ИИН 120223504706.

Тағы да оқыңыздар:

Кәмшат Жолдыбаева жалғыздықтан құса болған әйелдің бейнесіне енді

Қайрат Мәми: 1 миллион 100 мың теңге жалақы аламын, құпия емес!

Еліміздегі ең қымбат нан Петропавлда сатылып жатыр

Шымкентте тәуіпке көрсеткеннен кейін 11 айлық сәби көз жұмды

Жүрегі сыр берген Атамбаев Түркияда ауруханада жатыр

Дубайда араб жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызы тойының қызықсыз өткеніне өкінді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1257629-tort-birdey-auyr-dertke-shaldyqqan-qaz.html