RU

Ақтөбеде екпенің кесірінен бойы өспей қалған жігіт отбасын құруды армандап жүр (фото)

Ақтөбеде ауған соғысының ардагері Гумер Галеев ұлының болашағы үшін алаңдайды. Ол 20 жыл бұрын дәрігерлердің салғырттығынан бойы өспей қалған жалғыз ұлының отбасы құрғанын көргісі келеді.

Бұл туралы аймақтағы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

«Дәрігерлердің кесірінен ұлымның бойы өспей қалды. Екі жасында балабақшада жүрген кезінде екпе салған. Оны бізге де айтқан жоқ. Екпеден кейін баламның дамуында өзгерістер болды. Баламды емдетеміз деп қаншама жерге бардық. Тоқсаныншы жылдары сауатты дәрігер табудың өзі қиын болатын. Демеушілердің көмегімен көптеген елдерге апарып емдеттік. Бірақ, баламда өзгеріс болған жоқ. Балама берілген екпенің сақтау мерзімі өтіп кеткен деп ойлаймын. Себебі, сол кезде Алматыдағы генетикалық университетке барғанымызда олар дәрінің сақтау мерзімі өтіп кеткен немесе мөлшері көп берілгенін айтты. Ешкіммен соттасқан жоқпыз, баламның жағдайына көндік», - дейді ауған соғысының ардагері Гумер Галеев.

Екі жыл ауған даласындағы соғысты көзімен көрген ардагер балалары бақытты болу үшін барлығын жасауға дайын екенін айтты.

«Екі жылдық әскери борышымды ауған жеріндегі ұрыста өткіздім. Сексенінші жылдары бізде таңдау болған жоқ. Әскерге шақыртылғаннан кейін ұрыс алаңына кеттік. Ол кезде әскерге бармау ұят болатын. Кейін отбасын құрдым. Қазір әйеліммен отыз жылға жуық бір шаңырақтың астында тұрып жатырмыз. Үш баламыз бар. Үлкен қызым тұрмыста, екі жиенім бар. Кіші қызым мен ұлым қолымда», - дейді ол.

Бойы өспей қалған ұлын бастауыш классқа дейін ғана мектепте оқытқан. Қалған кезде дәрігерлер үйден сабақ берген. Биыл 25 жасқа келетін Илшаттың ішкі құрылысы қалыпты дамыған. Тек сүйектері өспей қалған.

«Балам үйленуді армандайды. Үш жылдан бері үйлену туралы айтып жүр. Деректі фильмдерден бойы қысқа ер адамдардың дамуы қалыпты қыздарға үйленгенін қарайды. Оның ішкі ағзасының барлығы қалыпты. Өзім де денім сау кезімде баламды үйлендіруді армандаймын», - дейді Гумер Галеев.

Қыста далаға шыға алмай қиналатын Илшаттың өзі үйде біраз шаруаға жарайтынын айтып берді.

«Мен мамама көмектесіп, қоқыс төгіп келемін. Үйде барлық жұмысты істеймін. Үйге әпкем қонаққа келгенде оның бөпелеріне қараймын. Қонақ келгенде мамама дастарқан жаюға көмектесемін. Тек қыста далаға шыға алмайтыныма қиналамын. Әлеуметтік желіге тіркеліп адамдармен танысып жүрмін. Достық жібергендермен әңгімелесемін», - дейді Илшат.

Тағы да оқыңыздар:

Пиджак пен кроссовки киген Назарбаевтың стилі жастарға ұнап қалды (фото)

Тоқтар Төлешовтің әйелі мен тоқалдары туралы не білеміз? (фото, видео)

Әуежайда жүрегі ұстап қалған Атамбаевтың жағдайы қалай?

Денесін түк басып кеткен адам тезірек үйленуді армандайды (фото)

Олимпиадада ұтылған Жәнібек Әлімханұлы кәсіби боксқа ауысып жатыр

Кубалық волейболшылар жабылып қыз зорлағаны үшін сотталып кетті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1258118-aqtobede-ekpeninh-kesirinen-boyy-ospe.html