RU

Таразда жалғызбасты ана алты баласымен көшеде түнеп жүр

Таразда жалғызбасты ана алты баласымен көшеде түнеп жүр. «Ішер ас, киер киімге тарықтым» деген келіншек «Күміс алқасын» сатпақшы.

Күздің қара суығында далада қалған отбасының басқа амалы қалмапты деп хабарлайды 31 арна.

Жоқшылық жүйкесін жұқартқан Жанар бес күннен бері алты баласымен жатақхананың ығында жансақтауға мәжбүр. Бес күннен бері балалары сабаққа барудан да қалған. Соңғы рет қашан тоя тамақ ішкендері де есінде жоқ.

"Далада түнеп жатырмын. Балаларға кешке магазиннен нанын суын әкеп берем. Тамақта ішкен жоқ. Баратын жерім жоқ. Ешкім мені кіргізбейді. Қайда барам мен?", - дейді «Күміс алқалы» ана Жанар Қуандықова.

Барар жер, басар тауы қалмаған жалғыз басты ана балаларының денсаулығына алаңдайды. Күздің ызғарлы түнінде тоңған кенжесіне суық тиіп қалыпты. Жұпыны өмір жүдеткен жеткіншектер тоңбай жатуды армандайды. Пәтер ақыны төлей алмағанымыз үшін үй иесі баспанадан қуып шықты дейді. Далада қалатын болғандықтан жәрдем сұрай жергілікті билікке жүгініпті.

"Үйден қуып жатыр деп алдын ала барғанмын. Әкімдіктегілер қарамай қойды да шығарып салды. Кеше барып ем жазыл деді әкімге, кейін өзіміз звондаймыз деді. Мен ол уақытқа дейін далада жатпайтын шығармын?", - дейді «Күміс алқалы» ана Жанар Қуандықова.

Қала басшылығы бұл отбасыға бірден бәсірелеп берер баспана жоқ деп кесіп айтты. Бірақ билікке өкпесі орынсыз дейді. Бұған дейін қоғамдық жұмыспен қамтамасыз еткендерін алға тартады. Келісімшарт уақыты келген соң жұмыстан шығып қалыпты. Кейін басқа тұрақты жұмыс ұсынған. Бірақ ана бас тартты дейді.

"Баспана мәселесін айтсақ ол кісіге қазіргі таңда әкімдік тарапынан барлық жағдай жасалып, Төлеби көшесінің бойындағы жатақханадан бөлме іздестіріліп жатыр. Қыстық мерзімге уақытша болса да беріледі", - дейді Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Гүлбахрам Дүйсекова.

Шенділер жесір әйелдің жайсыз отбасы ретінде тіркеуде тұрғанын айтады. Билік тарапынан бар көмекті көрсеттік дейді. Бірақ бұл отбасыға бір баспана бұйырмай-ақ тұр.

Тағы оқыңыздар:

Дос Көшім мектептерге үштілділікті енгізуді орыс тілін сақтап қалу технологиясы деп атады

Белгілі саясаттанушы тоғызыншы рет ауысқан үкіметтің өзгеріс әкелетініне сенбейді

Тони Блэр Қазақстан үкіметіне кеңесші болудан бас тартты

Әдепсіздік танытып, дөрекі сөйлеген депутаттар парламанттен қуылатын болды

7-сыныптың оқулығында жүрген Сабина Алтынбекова желі қолданушысын таңырқатты (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1258867-tarazda-zhalghyz-basty-ana-alty-balasym.html