RU

Қанат Ислам жанкүйерлеріне естен кетпес бокс кешін сыйламақ (фото)

Қанат Ислам кәсіби бокстағы кезекті жекпе-жегін Қазақстанда өткізеді. 29 қазан күні Алматыда өтетін бокс кешін 13 мың адам тамашалайды деп күтілуде.

Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

29 қазан қазақ боксының жанкүйерлері үшін маңызды дата болмақ. Алматыдағы үлкен бокс кешінде Қанат Ислам бастаған бірнеше қазақ боксшысы өнер көрсетеді. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

«Мен өз жанкүйерлерімнің алдында өнер көрсетуді армандадым. Алла қаласа, сол ойымның орындалуына да аз уақыт қалды. Әрбір боксшы үшін өз көрермендерінің алдында өнер көрсету үлкен бақыт. Сондықтан, бұл кеште аянып қалмаймын, қарсыласым да өте әлеуетті боксшы», - деп атап өтті Қанат Ислам.

Кәсіби бокста жеңіліссіз келе жатқан боксшымыздың келесі қарсыласы – ганалық Патрик Аллотей. Патрик кәсіби бокста 36 кездесу өткізіп, 28 жекпе-жекті нокаутпен аяқтаған.

Қанат Ислам мен бірнеше қазақ боксшыларына демеушілік танытып жүрген меценат, «Жер-Су» корпорациясының басшысы Бауыржан Оспановтың айтуынша, Қанаттың қарсыласы мықты боксшылардың қатарынан.

«Қанат Патрик Аллотеймен WBO intercontinental тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа таласады және WBA fedelatin белбеуін қорғайды. Яғни, Қанат қарсыласын жеңетін болса, әлемдік рейтингте бірнеше сатыға жоғарылайды», - деп атап өтті Бауыржан Оспанов.

Бұл күні Қанат Исламнан бөлек, Жәнібек Әлімханұлы, Жанқош Тұраров, Руслан Мырсатаев, Әли Ахметов сынды қазақ боксшылары да шаршы алаңға шығады. Боксшылардың барлығын Қанат Исламның жеке бапкері Нельсон Лопес жаттықтырады.

«Алдымыздағы жекпе-жек Қанаттың карьерасындағы өте маңызды матч. Бұл бізге рейтингтік ұпай жинауға мүмкіндік береді. Патрик Қанаттың бүгінге дейінгі қарсыластарының ішіндегі ең мықтысы», - дейді бапкер Нельсон Лопес.

Қанат Ислам мен оның кешінде өнер көрсететін боксшылардың барлығы Алматыдағы АІВА бокс академиясында жаттығу жұмыстарын жүргізбекші. Қанат Ислам мен Патрик Аллотей арасындағы кездесуді "Қазақстан" мен "Қазспорт" арналары, сондай-ақ шетелдік телеарналар тікелей эфирде көрсетеді.

Ал үлкен бокс кешіне кіру билеттері де қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді болмақ. Кешті ұйымдастырушы Бауыржан Оспанов билет құны қатардағы жұмысшылар үшін де қиындық тудырмайды деп сендірді.

Тағы да оқыңыздар:

Жарақат алған Месси үш апта бойы алаңға шықпайтын болды

Талғат Ермегияев қыз зорлап, адам өлтіргендермен бірге жазасын өтеуде

500 мың теңгеге кілем, 90 мың теңгеге үтік алғысы келетін ақтөбелік дөкей кім?

Шымкентте жемқорлық әрекеті үшін ұсталған депутат алаңсыз қызметіне оралды

Алматыда BMW жүргізушісі төрт адамды жер жастандырды (фото)

ОҚО әкімі ақша жинаудан жарысып, құдайдан қорықпайтындарды айтып қынжылды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1260668-qanat-islam-zhankuyerlerine-esten-ket.html