RU

Дариға Назарбаеваның саяси мансабы туралы не білеміз?

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үлкен қызы Дариға Назарбаеваны парламент сенатының депутаты етіп тағайындады. Әкесі билікте отырған 27 жылдың ішінде қызы республикалық медиа құрылым басшысы да болды, үкімет пен парламентте жоғары лауазымды қызметтер де атқарды.

Назарбаева өзі құрған билікшіл партияны басқарып, кейін онымен бірге президенттік партия қатарына енді. Азаттық Дариға Назарбаеваның саяси мансабының өсуі туралы фотогалерея ұсынады.

Дариға Назарбаева - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Назарбаевның отбасындағы үш қыздың үлкені. Ол совет заманында Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетін тарих мамандығы бойынша тәмамдап, кейін Мәскеу мемлекеттік университеті аспирантурасында оқыған. Саяси ғылымдары докторы деген атағы бар.

СССР ыдыраған тұста Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтар отбасының ересек екі қызы мен күйеу балалары өзге замандастары тәрізді әртүрлі салада қатардағы қызметтер атқаратын. Арада бірнеше жыл өткенде мемлекеттік қызмет пен бизнесте олардың тасы өрге домалай бастады.

1995 жылы Дариға Назарбаева жаңадан құрылған «Хабар» агенттігі жабық акционерлік қоғамның басшысы болып тағайындалды. Жаңа агенттіктің құрылуы елдегі бірқатар оппозициялық ақпарат құралдарының «тендерден өте алмай» жабылуымен тұспа-тұс келді. Дариғаның күйеуі, медициналық білімі бар Рахат Әлиев әуелі салық комитетін басқарды, кейін ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына дейін жоғарылады. Ерлі-зайыптылар Қазақстандағы бірқатар медиа-компаниялар, үлкен кәсіпорындар мен коммерциялық банктің меншік иесіне айналды.

Дариға Назарбаева 2002 жылдан бері өзі негізін қалаған Еуразия медиа-форумының ұйымдастыру комитетін басқарады. Сонымен бірге ол 2002 жылы өз бастамасымен құрылған Қазақстан журналистері конгресі ұйымы жетекшісі болып сайланған.

Дариға Назарбаева 2003 жылы президент әкесіне қолдау таныту мақсатында жаңадан құрылған «Асар» саяси партиясының жетекшісі болып сайланып, 2004 жылы партия атынан парламент мәжілісінің депутаты атанды.

2006 жылы «Асар» партиясы өзге билікшіл партиялармен бірге президенттік «Отан» партиясына (қазіргі «Нұр Отан») біріккен соң Дариға Назарбаева әкесі басқаратын партия төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Дариға Назарбаева да біраз уақыт саяси сахнадан көрінбей кетті. Баспасөзге шыққан сирек сұхбаттарында ол «билікке құмар емес» екенін бірнеше рет мәлімдеген еді. 2011 жылдың соңында Дариға Назарбаева Мәскеудегі концертінде көпшілік алдына қайта шықты. Осыдан соң президенттің қызы үлкен саясатқа да қайта оралды.

Дариға Назарбаева 2012 жылдың қаңтарында президенттік «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша парламент депутаты болып сайланып, мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетін басқарды.

2014 жылы сәуірде Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттары төменгі палата төрағасының орынбасары қызметіне Дариға Назарбаеваны бірауыздан сайлады.

Сонымен бірге Дариға Назарбаева президенттік «Нұр Отан» партиясының парламенттегі фракциясын басқарды.

2015 жылы қыркүйекте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қызы Дариға Назарбаеваны премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындады.

Дариға Назарбаева жаңа қызметке тағайындалған соң көп ұзамай президент әкесі оны өзімен бірге Ұлыбританияға ертіп апарды, екеуі британ патшайымы екінші Елизаветаның қабылдауында болды.

Қазақстанды совет заманынан бері басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси мұрагері туралы сөз болғанда кейбір сарапшылар президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның да есімін атайды. 2016 жылғы маусымда Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда президент Назарбаев билікке әйел адамның келуіне қатысты сұраққа жауабында Қазақстанда гендерлік саясаттың табысты жүріп жатқаны, үш қыздың әкесі екені жайлы айта келе, ешкімнің аты-жөнін атамаса да, елде президент болуға лайық «дайындалған әйелдер» бар деп мәлімдеген еді.

Биыл қыркүйектің 13-і күні 53 жастағы Дариға Назарбаева парламент сенатының депутаты болып тағайындалды. Ал екі күннен соң жоғарғы палата депутаттары Дариға Назарбаеваны сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің жетекшісі етіп сайлауды бірауыздан қолдап дауыс берді. Конституцияға сәйкес, сенаттың 15 депутатын президент өз жарлығымен тағайындайды.

Тағы оқыңыздар:

Ақтөбеде туған науқас балаларды әкелері тастап кетіп жатыр (фото)

Әлімханұлы: Олимпиадаға өзбек боксшысын нокаутқа түсірем деп барғанмын

Қанат Ислам жанкүйерлеріне естен кетпес бокс кешін сыйламақ (фото)

Халал балабақшалар Назарбаеваның ашуына тиді

Момышұлының келiнi: Қазақтың қыздары күйеуге тигенге дейiн ешқашан басына орамал салмаған

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1261181-darigha-nazarbaevanynh-sayasi-mansaby-t.html