RU

ОҚО-да рұқсатсыз жерді жалға берген әкімнің кесірінен кәсіпкерлер сан соғып қалды

Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Арыс қаласының әкімі облыс басшылығының рұқсатынсыз жерді жалға беріп жіберген. Салдарынан оңтүстікте кәсібін дөңгелетемін деп тиынына дейін жұмсаған алматылық кәсіпкер сан соғып қалды. NUR.KZ порталына жағдайын түсіндірген алматылық тұрғын оңтүстіктегі талай былықты жайып салды.

Нағима Жандарбекова алматылық деген аты болмаса, Оңтүстік астана мен Шымкенттің ортасында табан тоздырып келеді. Осыдан екі жыл бұрын бизнеспен айналысамын, әрі материалдық жағдайы төмен туысыма көмектесемін деп ол оңтүстіктегі Арыс қаласынан жер алып, монша салады. Зейнет жасындағы туысы моншаны дөңгелетіп отырады.

Ыстық суды іргелес жатқан  жердегі ұңғымадан алып, ол үшін айына 250-300 мың теңге төлепті. Бірақ, ондағылар ешқандай түбіртек бермеген. Үш ай өткен соң су сатып отырған кәсіпкер райынан айнып, су жеткізуді тоқтатып тастайды. Бармаған жері қалмаған Жандарбекова әкімдіктің есігін талай қағып, ақыры жылы су шығатын жерді жалға алуға бекінеді.

Өйткені сумен жарылқап отырған кәсіпкер ол жерді заңсыз алып отыр дейді. Екі жақты тартыс басталған соң Арыс қалалық әкімдігінің ол жерді табиғи ыстық суды пайдаланып отырған кәсіпкерге 2014 жылдың 20 қазанында бір жылға жалға беру туралы, 2015 жылдың 16 ақпанында жерді он жылға жалға беру туралы қаулы шығарғаны белгілі болады. Ал негізінде табиғи минералды ыстық су шығатындықтан жерді жалға беруге рұқсатты облыстық әкімдік тарапы беруі тиіс.

ОҚО әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың аймақ басшысы Атамқұловқа жазған қызметтік хатында Арыс қаласының әкімдігі жер кодексінің заң нормаларын бірнеше рет бұзғаны туралы жазылған.

"Анау су ұңғымасы орналасқан жердің құжатын зерттеп, оның еш жерде тіркелмегенін, заңсыз екенін "финпол" анықтады. Ал оны жасағандар бір-біріне сілтеп, ақыры қайтыс боп кеткен адамның мойнына іліп жіберді. Сұмдықтың сұмдығы. Былық көп. Жылы суды сатып отырған кәсіпкердің ол бизнесін жүргізуге ешқандай рұқсаты жоқ. Оны министрлік береді", - деді ашынған Нағима Жандарбекова.

Ерекше айта кетерлігі, кәсіпкер Жандарбекова жергілікті тұрғындармен тілдесіп, ыстық су сатып пайдаға белшесінен батып отырған кәсіпкер бұл бизнесін жерді жалға алғанына көп бола қоймаса да, біраз жылдан бері дөңгелетіп отырғанын анықтаған.

Тіпті жергілікті халық талай емге шипа минералды жылы суды жылыту құбырларына пайдаланып келеді екен. Айтпақшы, Арыс қаласы әкімдігінің кәсіпкер Жандарбековаға сұраған жері жалға берілмейді деп шығарған қаулысын сот заңсыз деп тапты.

"Әкімдік сот шешімін орындауға асығар емес. Сот шешімі орындалып, маған жер берілсе деймін. Барлық жаққа барамын. Талабым орындалмаса,  Жоғарғы сотқа шағым түсіремін. Мен құқығымның тапталғанын қаламаймын", - деп ойын түйді алматылық тұрғын.

Айта кетейік, бұған дейін бұл мәселе облыстық арналардың бірінде көтерілген. Алайда шарасыз қалған кәсіпкер еш нәтиже шықпады деп отыр.

Тағы оқыңыздар:

Нұрсұлтан Назарбаев: Мені асыра мақтаудың қажеті жоқ

Бахрейнде секс-құлдыққа сатылған қарағандылық қызды дипломаттар геолокация арқылы тапқан (фото)

Ақтөбеде қоқыс жәшігімен жыныстық қатынасқа түскен қаңғыбас жындыханаға жабылды (фото)

Қазақстанда айыппұл төлемесең айлығыңды ала алмайсың

Алматы облысында малын 6 миллион теңгеге сатып, үйіне оралмаған үш ағайынды табылмай жатыр

Халал балабақшалар Назарбаеваның ашуына тиді

Момышұлының келiнi: Қазақтың қыздары күйеуге тигенге дейiн ешқашан басына орамал салмаған

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1261723-oqo-da-ruqsatsyz-zherdi-zhalgha-bergen-ak.html