RU

Жеті жасар баласы жұмбақ жағдайда көз жұмған әйел Сапарбаевтан көмек сұрады (фото)

Ақтөбе облысының жеті жастағы тұрғыны Саян Жақсылықовтың мәйіті сәуір айында нағашысының сарайынан табылған болатын. Оның өліміне қатысы бар бірде-бір күдікті әлі ұсталған жоқ. Шыдамы таусылған ана облыс әкімінен тергеу жұмыстарының дұрыс жүргізілуіне ықпал етуін сұрады деп хабарлайды Bnews.kz.

«Өздеріңізге белгілі, менің балам Саян мектепке барар жолда қайғылы қазаға ұшырады. Сол істі тергеп жатқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысына қарап, бес ай бойы шыдап отырдым. Олар «сараптама нәтижесі келсін, қаралып жатыр, Саянның ісің жүргіземіз, біздің де баламыз бар» деген соң күтіп отырдым. Бірақ, тергеу еш нәтиже берген жоқ. Осы бес айда екінші балама қауіп төніп тұрғандай болады. Екінші баламның өміріне алаңдап, істің тез ашылуына ықпал етуіңізді сұраймын», - дейді анасы Гүлзира Сейітова.

Істі бақылауында ұстап отырған Әйтеке би аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ардақ Исмағұловтың айтуынша, сот-медициналық сараптама нәтижесі әлі келген жоқ.

«Бұл – Астана мен Атырауда жасалатын сараптама, 5 айда нәтижесі дайын болуы тиіс. Күтіп отырмыз», - дейді ол.

Тергеу басталған кезде үш нұсқа қаралған екен. Құқық қорғаушылар қазір екі нұсқаны қадағалауға алғанын жеткізді. Кездесу кезінде облыс әкімі Б.Сапарбаев өз атына арнайы арыз жазуды сұрады.

«Облыс прокуроры мен облыстық ішкі істер департаменттерінің басшылығына істі қадағалауға алуды тапсырамын. Ал екінші балаңызға қиянат жасамауы үшін аудандық ішкі істер бөлімі бақылауға алады», - дейді облыс әкімі.

Айта кетейік, 27 сәуір күні Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Милы ауылында 7 жасар мектеп оқушысы жоғалып кетті. Бала бір күннен кейін нағашысының қорасынан табылған.

«Милы ауылында қаза болған бала бір үйдің екі қыздан кейінгі жалғыз ұлы екен. Ата-анасы мектепте мұғалім. Олар таңертең жұмысқа кетіп, бала 9:45-те үйінен шығып кеткен. Ол сол күйі мектепке бармаған. Сынып жетекшісі мектепте ата-анасын көріп, баласын сұраса, ешкім білмейтін болып шықты. Содан үй мен қораны, сарайды тінтиді. Бірақ, таппаған. Ал бүгін оның мәйіті нағашысының қорасынан табылды»,- дейді Әйтеке би ауданының тұрғыны Ақерке Кенжина.

Ал қаза болған мектеп оқушысы Саян Жақсылықовтың нағашысы Бейсенғали Сейітовтің айтуынша, баланың мүрдесі нағашысы әрі ауыл әкімі Рахила Сейітованың қорасынан табылды.

«Кімнен күдіктенетінімізді, кімге кінә артатынымызды білмеймін. Қазір баланың денесіне сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр»,- дейді ол.

Айта кетейік, баланың өліміне қатысты Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабымен іс қозғалды.

Материал авторы: Алтынай Сағындықова

Тағы оқыңыздар:

Нұрсұлтан Назарбаев: Мені асыра мақтаудың қажеті жоқ

Бахрейнде секс-құлдыққа сатылған қарағандылық қызды дипломаттар геолокация арқылы тапқан (фото)

Ақтөбеде қоқыс жәшігімен жыныстық қатынасқа түскен қаңғыбас жындыханаға жабылды (фото)

Қазақстанда айыппұл төлемесең айлығыңды ала алмайсың

Алматы облысында малын 6 миллион теңгеге сатып, үйіне оралмаған үш ағайынды табылмай жатыр

Халал балабақшалар Назарбаеваның ашуына тиді

Момышұлының келiнi: Қазақтың қыздары күйеуге тигенге дейiн ешқашан басына орамал салмаған

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1261833-zheti-zhasar-balasy-zhumbaq-zhaghdayda-koz.html