RU

«Көкшетау минералды сулары» жаңа инновациялық желіні іске қосты

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше жұмыс бабындағы сапармен Ақмола облысында болды. Елбасы сапары аясында Қазақстан Тәуелсіздігімен құрдас «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамында жаңа инновациялық желі іске қосылды.

Өңірдегі кезекті іргелі жоба

Өткен жылы қолға алынған бұл жобаға 3,7 миллиард теңге қаржы жұмсалған және көптеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туған. Жаңа өндірістік желі алкогольсіз сусын дайындаудың барлық айналымында кластерлік жүйемен жұмыс істейді, яғни сусынды дайындап, өздері жасаған құтыларға құйып, тұтынушыларға дайын өнімді үздіксіз жеткізеді. Мұнда германиялық ең соңғы үлгідегі құрылғылар орнатылған.

Жұмыстың бәрі автоматтандырылып, компьютерлік бағдарламамен басқарылады. Осылайша, Көкше өңіріндегі іргелі кәсіпорынның өндірісін  кеңейтетін тағы бір жаңа жобасы жұмысқа кірісті. Осының нәтижесінде өндіріс қуаты арттырылып, жаңа табыс арнасы ашылды деуге болады. Қала құраушы кәсіпорын бюджет қоржынын толықтыру арқылы әлеуметтік саланың дамуына сүбелі үлес қосатыны белгілі.

Еліміз  тәуелсіздігін алған 1991 жылы құрылған кәсіпорында бүгінде 100-ге тарта өнім түрлері шығарылады.

Оның ішінде  соңғы 15 жыл бойы «Туран» брендімен («TURAN») Ресей Федерациясына минералды сулар мен алкогольсіз сусындар тұрақты түрде жеткізіліп келеді. Бұл кәсіпорынның өнім түрлерін көбейтуге, сапалық көрсеткіштерді жақсартуға ұмтылдыратыны анық. Зауыт шығарған табиғи таза сусындарды еліміздің барлық өңірінен кездестіруге болады және тұтынушылар тарапынан жақсы бағасын алғанын айтуымыз керек.

Қазіргі күні кәсіпорында экологиялық таза аймақтардан бутилденген табиғи минералды су шығару бойынша Оңтүстік-Шығыс Азиядағы халықаралық маңызы бар ең үздік инновациялық қазақстандық кәсіпорынды құруға арналған жаһандық жаңғырту басталды.

2020 жылға дейін табиғи минералды суды жылына 400 миллион литрге дейін жеткізуге мүмкіндік беретін өндірістік қуатты арттыру жоспарланған.

Акционерлік қоғам президенті Мұрат Ахметовтің айтуынша, кәсіпорын жұмыс істеген уақыттан бері  бюджетке 50 миллиард теңгеге жуық салық төленген. Оған осында жұмыс істейтін 1 мыңға жуық жұмысшының қосып отырған үлесі зор. Ынтымақты ұжым ел мерейін еселеу жолында екпінді істерімен таныла беретіні анық.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1261869-kokshetau-mineraldy-sulary-zhanha-inn.html