RU

ОҚО-да білдей бір ауданның әкімі кәсіпкерден таяқ жеп, шекесі жарылып кетті

Оңтүстік Қазақстан облысында білдей бір ауданның әкімі кәсіпкердің қолынан таяқ жеп, шекесі жарылды. Хирургтің көмегіне жүгінген әкім он күн денсаулығына байланысты демалыс аштырған. Бұл туралы NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі хабарлады.

Оқиға 1  қыркүйек күні болған. Шардара ауданында бұл күні бірнеше нысан пайдалануға беріліп, кейіннен аудан әкімі Арман Абдуллаев бірқатар беделді азаматтармен  "Алтын жағажай" демалыс орнындағы мейрамханада әлденені атап өтеді. Бізге жеткен мәліметке сенсек, кәсіпкер мен аудан әкімі сөзге келіп қалып, кейін бизнесмен әкім Абдуллаевты бөтелкемен ұрып, шу шығарады.

Оқиға орнында Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихат пен аудандық мәслихат хатшысы да болған. Бұны сенімді дереккөз айтып берді. Мән-жайды білу үшін мәслихат хатшылардың біріне хабарласқанымызбен, тілдесу мүмкін болмады. Қыркүйектің 1-інде жарақат алған әкім тек үші күні дәрігердің көмегіне жүгінуге шешім қабылдайды. Жедел жәрдем қызметін шақырады. Үйіне келген хирург медициналық көмек көрсетеді.

Аудандық емхананың бас дәрігерінің орынбасары Нұрғали Молдаханов алғашында сауалға жауап берерде сескенген болу керек, мекеменің заңгерімен ақылдасып барып сұхбатқа келісті.

Жабаров деген хирург медициналық көмек көрсеткен. Науқас дәрігерге есіктің алдында құлап қалдым деп, ауруханаға жатудан бас тартқан. Содан денсаулығына байланысты демалыс алғашында үш күнге ашылып, кейін тағы созылды.

"Қыркүйектің он үшінде ол демалыс тоқтатылды", - деді бас дәрігердің орынбасары.

Белгілісі, ішкі істер органындағылар әкімге медициналық көмек көрсеткен кезекші дәрігерді тергеп те үлгеріпті. Тағы бір айта кетерлігі, оқиға болған және аудан әкімі үйіне жедел жәрдем шақыртқан күні аудандық ауруханаға ешкім жарақатпен түспеген.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бауыржан Шомпиев болса, оқиға орнында өзі болмағандықтан, ешнәрсе білмейтінін айтып ақталды. Әкімнен "не болды?" деп сұрай алмайтынын да жеткізді.

Тағы бір ақпарат көздеріне сенсек, кәсіпкер аудан басшысын бөтелкемен емес, тапаншамен басынан ұрған көрінеді.  Алайда оқиға орын ала сала бизнесменнің әкесі жағдайдың ушығатынын білу керек, ұлын Астанаға ұшырып жібереді.

Бір қызығы, бизнесменнен таяқ жеген әкім Абдуллаев тек он күн өткен соң ғана құзырлы органдарға шағымданған. Қазіргі таңда бұл іспен жергілікті шенділер емес, Бас прокуратураның өзі айналысып жатыр. Бас прокуратура қызметкерінің сөзіне сенсек, қазір тергеу құпия жағдайда жүріп жатыр. Соған қарағанда бұл іс жай "бұзақылық" емес сияқты.

Тағы оқыңыздар:

Нұрсұлтан Назарбаев: Мені асыра мақтаудың қажеті жоқ

Бахрейнде секс-құлдыққа сатылған қарағандылық қызды дипломаттар геолокация арқылы тапқан (фото)

Ақтөбеде қоқыс жәшігімен жыныстық қатынасқа түскен қаңғыбас жындыханаға жабылды (фото)

Қазақстанда айыппұл төлемесең айлығыңды ала алмайсың

Алматы облысында малын 6 миллион теңгеге сатып, үйіне оралмаған үш ағайынды табылмай жатыр

Халал балабақшалар Назарбаеваның ашуына тиді

Момышұлының келiнi: Қазақтың қыздары күйеуге тигенге дейiн ешқашан басына орамал салмаған

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1261894-oqo-da-bildey-bir-audannynh-akimi-kasip.html