RU

Универсиадада Қазақстанға алтын сыйлауы мүмкін спортшылар кімдер?

2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға 4 ай ғана қалды. Қазір аталған додаға еліміздің спортшылары тыңғылықты дайындалып жатыр. Олардың арасында бұған дейін сан мәрте ел мерейін асырғандар да бар.

Барлығы 196 қазақстандық, спорттың 12 түрінен бақ сынайды. Осы орайда, Алматының төрінде өтетін спорттық додада қоржынға алтын салады-ау деген спортшыларымызға тоқталуды жөн көрдік.

1.Денис Тен – мәнерлеп сырғанау

Еліміздің мақтанышы мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға қатысады. Ол бұған дейін өзі қатысқан барлық ірі додалардың жүлдесін алған болатын. Тек өзінің спорттық мансабында Универсиадаға қатысып көрмеген. Бұл жолы халықаралық студенттер ойыны Қазақстанда өтуіне байланысты, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері келер жылы осы жарыста топ жаруды алдына мақсат қойып отыр.

2.Жанбота Алдабергенова –фристайл (акробатика)

Жанбота өзінің спорттық мансабын 2011 жылы қысқы Азия ойындарынан кейін бастаған. Небәрі үш жыл ішінде Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алып, Сочиде 6-шы орыннан көрінді. 2015-2016 жылғы маусымда Еуропа кубогының абсолютті чемпионы атанды. 2015 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды. Жанботаның фристайлдың акробатика түрінен Универсиадада топ жаруына барлық мүмкіндігі бар.

3.Юлия Галышева – фристайл (могул)

Фристайлшы Юлия Галышеваның есімін спорт сүйер қауымы өте жақсы біледі. Бұл спортшы 2010 және 2014 жылғы қысқы Олимпиадаларға қатысып, ел назарын өзіне аударған. Ванкуверде 11 орын алса, Сочиде 7-ші нәтиже көрсетті. 2015 жылы Крайшбергте өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Және сол жылы Гранадада өткен қысқы Универсиадаға қатысып, топ жарған болатын. Юлия Галышева 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиадада екі дүркін чемпион атануы әбден мүмкін.

4.Дмитрий Рейхерд – фристайл (могул)

Дмитрий Рейхерд әріптесі Юлия Галышева секілді фристайлдың могул түрінен сынға түседі. 27 жастағы спортшы үш бірдей Олимпиадаға қатысқан. Ең алғаш рет, 17 жасында Турин Олимпиадасында сынға түсті. Ал, екі жыл бұрын Сочиде өткен додада үздік нәтиже көрсетіп, 5-ші орын алды. 2015 жылы Гранадада өткен қысқы Универсиада ойындарында күміс жүлде еншіледі. 2011 жылы Қазақстанда өткен қысқы Азия ойындарының чемпионы болды. Рейхерд Алматыда өтетін қысқы Универсиадада алтын алуға басты фаворит.

5.Екатерина Айдова – конькимен жүгіру (500м, 1000м, 1500м)

Екатерина Айдова 2010 жылы конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанғаннан кейін, бұл спортшының болашағынан зор үміт күткендер көп болды. 2010 жылы Ванкувердегі Олимпиадаға қатысты. 201 жылы Сочидеде бақ сынады. Екатерина 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиада кезінде 500м, 1000м және 1500м қашықтықта сайысқа түседі. Сарапшылар оның үш қашықтықтың бірінде топ жарады деп топшылайды.

6.Роман Креч – конькимен жүгіру (500м)

Роман Кречтің соңғы жылдары көрсетіп жүрген нәтижелері көңілге қонымды. 2014 жылы Сочиде өткен Олимпиаданы ғана алатын болсақ, сол жарыста 500 метрге конькимен жүгіруден 7-ші орын алды. Бұл өте үздік көрсеткіш екенін сарапшылар сан мәрте айтқан болатын. Және сол жарыста 1000 метр қашықтықта 13-ші нәтиже тіркеді. Роман Креч жасөспірім кезінде әлем чемпионатында жүлде алған спортшы. Қазір бабы келісіп тұрғанда, бағы жанып, 2017 жылы Универсиадада топ жаруы әбден мүмкін. Ол, Алматыда өтетін ойындарда 500 м қашықтықта сайысқа түседі.

7.Федор Мезенцев - конькимен жүгіру (1000м, 1500м)

Федор Мезенцев 2012 жылы, 1500м қашықтықта конькимен жүгіруден Азия чемпионатының күмісін жеңіп алған болатын. 201 жылы Сочи Олимпиадасына қатысты. 2017 жылы қысқы Универсиадада екі қашықтықта сайысқа түсіп, алтын жүлде алуға таласады.

8.Шорт-тректен ерлер құрамасы: Нұрберген Жұмағазиев, Денис Никиша, Айдар Бекжанов, Абзал Әжіғалиев

2014 жылы Сочи Олимпиадасында шорт-тректен ерлер құрамамыз финалға шықты дегенде, бүкіл әлем мұны сенсацияға балаған болатын. Сол додада шорт-тректегі төрттігіміз 5-ші орынға тұрақтап, ел мерейін асырған болатын. Сарапшылар бұл команданың әлеуеті жоғары екенін айтады. Елімізде өтетін қысқы Универсиадада топ жаруы ықтимал.

9.Галина Вишневская – биатлон

Сарапшылар Галинаны Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталеваның ізбасары дейді. Расында, Вишневская өзін жасөспірім кезінен бастап дәлелдетіп келеді. Ол 2012 жылы Инсбрукта өткен жасөспірімдер Олимпиадасына қатысып, күміс жүлдегер болған. 2014 жылы Азия чемпионы атанды. Сочи Олимпиадасының қатысушысы. 2015 жылы қысқы Универсиадада күміс еншіледі. Келер жылы өтетін қысқы Универсиадада қоржынға алтын салады-ау деген спортшыларымыздың бірі.

10.Райкова Алина – биатлон

Алина Райкова 2015 жылғы қысқы Универсиаданың чемпионы. Сочи Олимпиадасының қатысушысы. Алматыда өтетін қысқы ойындарда өзінің былтырғы нәтижесін қайталауы мүмкін.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1270246-universiadada-qazaqstangha-altyn-syy.html