RU

БАҚ: Алматы облысында жоғалған үш ағайынды шекара бекетіне жақын маңда өлтірілген (фото, видео)

Алматы облысы Жамбыл ауданындағы қанды қылмыс шекара бекетінің маңында болған, деп хабарлайды Qamshy.kz. Бұл туралы портал тілшісіне қылмыс жасалған орынға арнайы барып қайтқан марқұмдардың туыстары мен жәбірленуші тараптың адвокаты Мұхтарима Карбанова айтып берді.

Қылмыскерлер қолынан қаза тапқан марқұмдардың туыстары мен жәбірленуші тараптың қорғаушысы қылмыс орнымен танысқаннан кейін тергеу барысына, алғашқы сатыдағы тергеу амалдарына қатысты сұрақтар туғанын айтады.

«Қылмыс болған жер «Қастек» шекара бекетіне жақын орналасқан. Оқиға орнына бара жатқан бізді де шекарашылар алыстан көріп, жанымызға келді. Жөн сұрап, құжаттарымызды тексерді. Біз де олардан 18 қыркүйектегі оқиғаға қатысты сұрадық. Шекарашылар 19 қыркүйек күні бір көлікті көргенін, олардың ішінде үш-ақ адам болғанын айтты. Мұқият марқұмның қалтасында ол күні жеке құжаты болмаған. Ол бұған дейін жеке бас куәлігінің мерзімі бітіп, жаңасына өтініш берген. Сонда шекарашылар мемлекеттік шекараға құжат тексеріп өткізгенде оны қалай өткізген? Басқа куәгерлер көрдік деген үшінші көлік қайда? Бұдан басқа да сұрақтар туады. Үш азамат өлтірілген орындардың арасы 100 метрден аспайды. Атылған мылтық дауысын ешкімнің естімей қалуы мүмкін емес. Одан кейін қылмыс болған жер жүк көлігінің жүруіне өте қолайсыз. Ешкім мұндай жерге өз бетінше ауыр көлікпен келмейді. Жол жүру өте қиын, көлік аударылып кетуі мүмкін. Сондықтан, қайтыс болған азаматтарды қинап әкелген де ойлаймыз. Тергеушілердің айтқаны мен ол жердегі жағдай үйлеспейді. Мәйіттерді шөппен жасырған дейді. Ал, ол жерде ондай орылған шөп жоқ, қан іздері жоқ. Бірақ, машинаның, малдың келген іздері анық көрініп тұр», - дейді марқұмдардың бірінің туысы Еркін Бейсекей.

Үш жігіттің туыстары сондай-ақ, қылмыскерлердің мәйітті алып жасырмақшы болған бірінші көліктің де құйға батпағаны, сайға құлағанын анықтаған. «Жасырамыз деп алып келе жатып, алдарынан малды ауыл шыққан соң айналып қашқан. Сонда көлік сайға түсіп, кептеліп қалған. Енді сол жерге келіп көлікті шығаруға көмектескен тракторисі бар, электригі бар, куәгерлер, Үлгілі ауылының тұрғындары делінген күдіктінің бірінің бөлелері Айдос, Мұрат есімді, бұрынғы милиция қызметкері делінген кісілердің көлік үстіндегі мәйіттерді көрмеуі мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Олар білді», - дейді Бейсекей.

Сондай-ақ, марқұмның туыстары қылмыс орнында тергеуде айғақ болатын, көліктің дөңгелегіне тірейтін арнайы тежегіш құрал, арақ бөтелкесі, кілт, басқа да заттардың сол жерде қалып кеткенін айтады.

Жоғалған үш азаматқа тиесілі көліктердің бірі табылған Қаншеңгел аулының тұрғыны, мейірбике боп істейтін Сәния есімді келіншек те өртенген көлік туралы айтып берген. Ол кісі өртенген көлік жанынан еш адам көрмегенін, бірақ балалары көлікті сөндіруге барғанда ол жерден бампері жоқ «Мерседес» көлігі шаңдатып өтіп кеткенін көрген.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мұхтарима Карбанова да қылмыс орнына барған.

«Арнайы қылмыс орнына барып қайттық. Мақсат қылмыс орнын өз көзімізбен көріп, онда марқұмдардың барған жолын көру болды. Күдіктілердің әрекеттері туралы бұған дейін тергеушілер айтып берген болатын. Оқиға орнына бара жатқанда шекарашылар тоқтатты. Оларға болған жайды айттық. Оларға да сұрақ қойдық. Шекарашыларға мал айдап бара жатқандарын айтыпты күдіктілер. Ол туралы шекарашылардың қызмет кітапшасында да жазылған екен және бір адамда жеке куәлік болмаған. Бұл да сұрақ туғызады», -дейді адвокат.

Адвокат қылмыс орнының көлікпен баруға өте қолайсыздығына және ол жердің мал сататын, саудаласатын жерге ұқсамайтынын, марқұмдардың ол жерге қандай сөзге сеніп баруы мүмкін екеніне назар аудару керек деп санайды.

«Жолдың өзі сондай тар. Көлікпен бару қолайсыз. Оларды күш қолданып, қорқытып апаруы мүмкін. Бұл сұрақтардың барлығын біз тергеу тобына қойып, жауап алатын боламыз», - дейді адвокат М. Карбанова.

Естеріңізге салсақ, 18 қыркүйек күні Алматы облысы Жамбыл ауданында мал сатуға шыққан Көксу ауданының үш бірдей тұрғыны жоғалып, олардың қылмыскерлер қолынан қаза тапқаны 24 қыркүйек күні хабарланды. Аталған қылмысқа қатысты екі күдікті қамауға алынды. Күдіктілер полицияға өздерінің үш азаматты өлтіріп, малдың тезегімен көміп кеткендерін айтқан.

Видео авторы: Ақбота Мұсабекқызы

Тағы оқыңыздар:

Қостанайда із-түзсіз жоғалған келіншек бір аптадан бері табылмай жатыр (фото)

Шымкентте 13 адам ҰБТ "жауаптарын" сатумен айналысқан

Дәрігерлер ВИЧ-ке шалдыққан ересек адамды құлан-таза айықтырды

Жапониялықтар Олимпиада медалін ескі смартфондардан жасамақшы

Универсиадада Қазақстанға алтын сыйлауы мүмкін спортшылар кімдер?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1271300-baq-almaty-oblysynda-zhoghalghan-ush-aghay.html