RU

Ақтөбеде балалардың өміріне алаңдаған тұрғындар Сапарбаевтан көмек сұрады (фото)

Ақтөбеде Шаңғай ауданының жиегіне қоныстанған «Бам» ауылының тұрғындары қала іргесінде тұрып, өркениетке жете алмай отырғандарын айтады деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

70 жылдары «Ақтөбетрансқұрылыс» жұмысшыларына арналып салынған «СМП 555» ауданын халық «Бам» деп атап кеткен. Кезінде салынған 50-ге жуық барақ үйлерге қазір ауылдан көшіп келген халық қоныстанып отыр. Шағын ауылда бүгінгі күні жеке үйлердің саны 80-ге жеткен. Ауыл тұрғындарының басты проблемасы - жол.

"Бізге жол керек. Мен бұл жерге 1976 жылы көшіп келдім. Ол кезде жағдайымыз жақсы болды. Жанымызда дүкеніміз болатын. Қазір түк жоқ, балшыққа батып отырмыз. Балаларға аяқ киім шақ келмейді. Ауылымыздағы жалғыз көшеде жарық жоқ. Қараңғыда сабақтан қайтқан балалар балшыққа құлап қалып жатады. Өйткені жалғыз жолымыз жарықтанбаған. Айналада қаңғыбастар көп. Балаларымыз үшін қорқамыз", - дейді ауыл тұрғыны Әлия Шынтемірова.

Халық жолдың қиындығынан ауылға жедел жәрдем қызметін шақырудың өзі мұң екенін айтады. Олар үшін жақын маңдағы аялдамаға жалғыз жетудің өзі қорқынышты. Жол бойында қаңғыбастар көп жиналатын қуыстардан ауыл тұрғындары имандарын үйіріп өтеді. Ашынған тұрғындар жергілікті биліктің жағдайларын өз көздерімен көруді талап етіп отыр.

"Жағдайымызды ауызбен айтып жеткізе алмаймыз. Әкімшілікте отырған шенеуніктер неге келіп жағдайымызды көрмейді? Жолдағы езілген балшықты бір күн кешіп өтсін. Біздің балаларымыз осы жермен күнде жүреді. Обал-ақ. Қаланың іргесінде тұрады деп кім айтады? Біздің қасымызда әкімдері бар ауылдың жағдайы жақсы. Балаларымыз күнде былғанып келіп жатыр. Қуыстан өткен кезде балалар үшін қорқынышты. Біз аузымызды ашып ай сұрап отырған жоқпыз. Бір көшеге жол салып, жарық жүргізіп берсе біз үшін соның өзі өркениет болар еді",- дейді тұрғын Амангелді Шоңғарин.

Тұрғындар шенеуніктердің «баланста жоқсыңдар» деген сөзінен шаршаған. Олар жауапсыз мамандарды Бердібек Сапарбаевқа айтып жазаламақ.

"Жергілікке билікке шағымдансақ, баланста жоқсыңдар деп шығарып салады. Ай сайын коммуналдық қызмет ақысын төлеп отырмыз. Қала әкіміне барып едік, ол ештеңе шешкен жоқ. Енді Бердібек Сапарбаевқа барамыз. Облыс әкіміне кіру үшін арамыздан адамдар сайлап жатырмыз. Ол кісі жауапты адамдарды тұрғызады деп сенеміз", – дейді ауыл тұрғыны Әлия Шынтемірова.

Ауылға жарық тартылған бағаналардың өзі қауіпті жағдайда тұр. Тұрғындар құлағалы тұрған оларды ағашпен тіреп қойған. Ал бойынан тоқ өтіп жатқан сымдар баланың бойы жететіндей болып салбырап тұр.

"Кілең ауылдан көшіп келген қазақтар тұрамыз. Елден келген халықтың жағдайын сұрап бұл жаққа ешкім келген жоқ. Газды да өзіміздің күшімізбен тартқызып алдық. Ауылда жағдай жоқ. Балалар тоқ жүріп тұрған сым астында ойнайды. Осы тоқты "жөндеп беріңдерші" деп барсақ, "баланста жоқсыздар" деп шығарып салады? Бұл қалай ? Сонда біз тоққа түсіп өлуіміз керек пе? Ешкімнің жаны ашымайды",- дейдіАмангелді Шоңғарин.

Тағы оқыңыздар:

Бас прокурор ақтөбелік оқушыларға ағалық ақылын айтты

Қарағандылық азамат итке бола Ресей тұрғынын өлтіріп тастады

Ақтөбеде бұрынғы полицей жол апатын жасап, бір адам қайтыс болды

Алматыда ірі жол апаты болып, бірнеше көлік соқтығысып қалды (фото, видео)

Эстония президентінің күйеуі төрт баласын бағып, жұмыссыз отырмақ

Жамбыл облысында жүкті келіншекті пойыз қағып кетті

Оңтүстікте күтпеген жерден қар жауып, ауа-райы күрт бұзылып кетті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1272965-aqtobede-balalarynynh-omirine-alanhda.html