RU

Астанаға құпия түрде жеткізілген Кейкі батырдың бас-сүйегін оның ұрпақтары да көре алмады

Астанаға 1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілістің даңқты қолбасшыларының бірі, атақты мерген Кейкі батырдың бас-сүйегі ақыры жеткізілді деп хабарлайды КТК арнасы.

Торғай даласында патшалық Ресейдің отарлау саясатына, кейін «қызылдарға» қарсы шыққан оны большевиктер айуандықпен өлтіріп, екі қолы мен басын кесіп алған болатын. Содан батырдың басы Петербордағы мұражайда сақталып, Қазақстанға қайтарылмай келді. Астана мен Мәскеу арасындағы ұзақ келіссөздерден кейін әйгілі қолбасшының сүйегі түнде Елордаға жеткізілгенімен, оны ешкім көре алған жоқ.

Кейкінің басын әкелу құдды бір құпия іс-шараға ұқсап кеткендей. Петерборға жіберілген арнайы ұшақ белгіленген уақыттан Астанаға бұрын жетіп, бас сүйекті түнде жасырын жолмен алып кеткен. Сондықтан әуежайда тағатсыздана күтіп тұрған батырдың ұрпақтары да атасының басын көре алған жоқ. Бір ғасыр күткен істің ың-шыңсыз өткеніне олардың да өзектері өртенгенімен бастысы даңқты бабаларын енді арулап жерлейтіндеріне шүкіршілік етеді.

"Топырақтан жаратылған дүние топыраққа қайтадан түсуі керек. Бір жерде басы қалды, бір жерде денесі қалды. Бас пен дене бірігуі керек. Өз топырағына бұйыруы керек", - дейді Кейкі батырдың ұрпағы Өтеш Бекішов.

Бірақ, батырдың нақты қайда жерленетіні әзірге шешілген жоқ. Ұрпақтары туған жері Қостанай облысының Амангелді ауданына апарып қойғысы келсе, екіншілері Астанадағы Ұлттық пантеонға жерленгені дұрыс деп отыр. Енді мұны жақында құрылатын үкіметтік комиссия шешуі тиіс.

Бір қызығы, әйгілі қолбасшының сүйегі мұражайға емес, Мәдениет министрлігіне қойылыпты. Негізі ғалымдар бұған дейін бас сүйектің Кейкі батыр екенін растағанымен, енді тағы бір нақтылау үшін Алматыда ДНК сараптамасы жасалмақ.

Кейкінің шын есімі– Нұрмағанбет Көкембайұлы. Жастайынан қайтпас қайсарлығымен танылған ол 1916 жылы Амангелді Иманов бастаған Ұлт-азаттық көтерілісте ерлігімен көрінген. Талай жаудың басын шауып, кейін Кейкі атанған.

Тағы оқыңыздар:

Малайзияда бәтеңкесіне сыра құйып ішкен дипломаттың басы дауға қалды

Тәуелсіздік мерейтойын атап өтуге бюджеттен 407 млн теңге жұмсалмақ

АҚШ-тағы Головкиннің жанкүйері: «Борат» GGG-дің көлеңкесінде қалды

Бангладеште теңдессіз ерекше мешіт салынды (фото)

Қостанайда печеньенің ішінен қоңыз тапқан тұрғын есеңгіреп қалды

Қазақстан Ауғанстанның қауіпсіздік күштеріне 2 млн доллар бөлді

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1275543-astanagha-qupiya-turde-zhetkizilgen-key.html