RU

Жаңаөзенде айлығын еселеп көбейтіп алған мұнайшылар ереуілді тоқтатты

Жаңаөзенде алты күн бойы наразылық танытқан мұнайшылар жұмыстарына қайта кірісті. Облыс әкімі Алик Айдарбаевпен алты сағат келіссөз жүргізген олар ақыры дегендеріне жетіп, наразылық шеруін тоқататқан.

Жергілікті билік мұнайшылар қойған барлық талапты орындауға «Бұрғылау» компаниясын көндіріпті. Ал олардың негізгі сұрағаны - айлықты көтеру болатын.

«Бұрғылау» серіктестігінің белсенділері мен облыс әкімі арасындағы жабық есік жағдайда өткен келіссөз бірнеше сағатқа созылды. Ертеден кешке дейін созылған салғыласудан әйтеуір нәтиже шыққан. Бұл үшін Алик Айдарбаев компанияға тағы 34 жерден ұңғыма қазуға тапсырыс беретінін жеткізді. Әйтпесе соңғы уақытта жұмыс көлемі азайған серіктестіктің жалақыны көтермек түгілі оны уақтылы төлеуге қауқары болмай қалыпты.

"Алған тапсырыстары жыл соңына дейін тоқтаусыз жұмыс істеуге жетеді. Енді тариф мәселесін қарастырамыз. Осы арқылы кәсіпорын жұмысшыларының жалақылары ұлттық компанияда төленетін еңбекақымен теңеседі деп ойлаймыз", - дейді Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.

Мұнай-газ саласындағылардың жалақыларын басқа жолмен теңестіре салуға болмайды екен. Өйткені бұл жүйе тек ұлттық компанияларда енгізілген. Ал мұнайшылары наразылық білдірген жеке кәсіпорын оның құрамында емес.

Сондықтан ол жалақы мәселесін өздері реттеуі керек. Бұл үшін биліктегілер мекемеге келесі жылы да тапсырыстарды көптеп береміз деп отыр. Қойған талаптары бірден болмаса да, біртіндеп орындалатыны мұнайшыларды бұл жолы сабасына түсірген тәрізді.

"Дау бітті. Ары қарай қоян-қолтық жұмыс жасаймыз деп уәде беріп жатырмыз бір-бірімізге. Қалған мәселелер күнделікті жұмыс барысында шешіле береді", - дейді «Бұрғылау» ЖШС кәсіподақ ұйымының төрағасы Сәкен Бекқалиев.

Тараптарды ымыраға әкелген келісімге қол қойылысымен мұнайшылар үйлеріне тарқасты. Ал бүгіннен бастап күнделікті жұмыстарына қайта кірісіп жатыр.

Тағы да оқыңыздар:

Қазақстандағы әкімдердің жұбайлары кімдер? (фото)

Мирзияевтің күйеу балалары Каримовке тиесілі компанияларды өздеріне алып жатыр

Шымкенттік полицей Атамқұлов сыйлаған көліктің сау тамтығын қалдырмады

Рио Олимпиадасында боксшыларға төрелік еткен қазылар түгелдей қызметінен қуылды

Ресейлік шоумен Астанадағы мейрамханасына тірі жолбарыстарды жалдады

Серік Ибрагимов бойдақтығымен қош айтысты (фото, видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1275876-zhanhaozende-aylyghyn-eselep-kobeytip.html