RU

«Болашақпен» АҚШ-қа оқуға барып жоғалып кеткен студентті Қазақстан іздеуге енді кірісті

Бес жыл бұрын «Болашақпен» АҚШ-қа барып, кейін із-түзсіз кеткен отандасымызды құзырлы органдар дереу іздеуге кірісті деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал бұған дейін құжаттарының көшірмесі болмады деген желеумен еліміздің Сыртқы істер министрлігі істі орта жолда тоқтатып тастаған екен. Тек күні-кеше ғана әкесінің қайтара жазған өтінішінен соң, шетелдегі Қазақстанның өкілдері өскемендік жігітті табуға тырысуда.

АҚШ-та іс-түзсіз кеткен студентті іздеу негізі жыл басында басталған екен. Тек онда да жер-жерді тіміскілеп емес, жақындарынан сұрастырып қана. Дипломаттар, штаттардағы қазақ диаспорасынан Ержанның бар-жоғын сұрапты. Бірақ, бірге оқитын курстастары да, «Болашақтың» сол елдегі бақылаушылары да бейхабар боп шыққан. Ал полицияға беруге баланың паспорты болмай, сөйтіп іздеу жұмыстары аяқсыз қалыпты.

"Әкесінің өтініші бойынша біз баланы іздедік. Консул өкілдері сол жақтағы студенттерден де сұрақ-жауап алып, оның қай жерде жүргенін таппақ болды. Бірақ, құжаттарының көшірмесі қолға тимеген соң, тексеруді тоқтатқан едік", - дейді СІМ Баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов.

«Құжат таппадық» деген желеуді құзырлы орындар енді ойлап табуы да мүмкін. Әйтпесе, шетел асқан студенттің паспорты еш жерде сақталмапты дегенге сену қиын. Десе де, енді іздеу қайта басталды. Оның өзі студенттің іс-түзсіз жоғалуы қоғамда үлкен талқыға түскен соң ғана болып отыр. Министрлік студенттің бар құжатын «Болашақтан» алдырып, АҚШ-тағы консулдыққа енді жіберіп отыр. 28 жастағы Ержан Еліковты табуға, тіпті, ішкі істер департаменті де қызу кірісіп кеткен.

"Жоғалып кету фактісі  бойынша арнайы тергеу, тексеру әрекеттерін Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер департаменті жүргізіп жатыр", - дейді адвокат Қалтай Қалиақбаров.

Ұлының іздестіріліп жатқанын естіп, ата-анаға да қан жүгірген. Тек «Болашақтың» баласына жүрдім-бардым қарағанына қапалы. Өйткені, баласын бір кездері бағалап, шетел асырғандар, енді оны білімсіз деп атаған.

Бірақ, қызығы сол, «Болашақ» үлгерімі нашар болды деген студент төрт жыл бойы стипендия алып жүрген. Тек жоғалған жылы оқудан шығарылып отыр. Оның өзінде сабаққа келмегені үшін. Әзірге сотқа дейінгі тергеу шаралары басталып кеткен.

Тағы да оқыңыздар:

Ыстамбұл әуежайына жақын маңда жойқын жарылыс болды

Қостанайда ақшаға қызыққан күдікті зейнеткерді аяусыз өлтіріп тастады

Назарбаев алғашқылардың бірі болып Путинді туған күнімен құттықтады

Қостанайда шенеунік 300 мың теңге пара алып жатқан жерінен ұсталып қалды

«Алматы-1» теміржол вокзалы маңында метро стансасы салынады

Ольга Рыпакова ресми түрде Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері атанды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1276640-bolashaqpen-aqsh-qa-oqugha-baryp-zhoghal.html