Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттік қария бәйбіше мен тоқалын қалай тату ұстап отыр? (фото)

Опубликовано:

Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында тұратын ақсақал Майлан Дербіс екі әйелімен тату-тәтті өмір сүріп жатқан отағасылардың бірі. «Ол әрекетіме өзіндік себептер болды» деген қария қос әйелімен бірге тұрған жылдары туралы аймақтағы NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

1938 жылы дүниеге келген Майлан Дербіс жоқшылықтың заманында өзі аяқтан тұрып, қарапайым жұмысшы болып еңбек еткен. 1962 жылы өзінен екі жас кіші Раушан апамен отау құрады. Ел қатарына қосылып тату-тәтті өмір сүріп келген ерлі-зайыптылар Алланың берген алты қызын тәрбиелейді. Бәйбішесі отыз бес жасқа толған шағында дәрігерге көрінген соң бала өмірге әкеле алмайтынын біледі. Араға бірнеше жыл салған соң отағасы соңынан ұрпақ қалдыру қажеттігін сезіп, екінші әйел алу туралы шешім қабылдайды.

«Қыз – жат жұрттық емес пе? Қыздар ертең тұрмысқа шыққан соң біздің қасымызда қалатын, ұрпақты жалғастыратын ұл қажет» деген ойымды жарым Раушанға жеткіздім. Сөйтіп оған «мақұл» десең, сенің айтқаныңды аламын дедім» деп әңгімесін бастады ақсақал.

Отағасының ұсынысын тыңдаған Раушан апа қарсылық танытпаған. Содан Майлан қария 48 жасында екінші әйелдікке Қалдықыз Қарабаеваны алады. Мұсылмандық әдіспен неке қиылады. Ол кезде тоқалы 29 жаста және бірінші некесі сәтсіз аяқталған келіншек болатын.

Тоқалды үйіне әкелген соң отағасы бәйбіше мен екінші жары арасында келісімге келеді.

«Екінші әйеліме жағдайымды о баста түсіндіргенмін. Тіпті бәйбішенің жасы мен жолы үлкен екенін, сондай-ақ ол кісі босағаны пәк болып аттағанын айттым. Және де дүниеге ұл келсе, алғашқы ұлды құжат бойынша бәйбішенің атына жаздыру қажеттігін де жеткіздім», - деді қария.

Қалдықыз апа отағасының ол талабына еш қарсылық танытпапты. Алайда совет үкімет заманында екі әйел алу қылмыспен пара-пар болғандықтан Майлан қария ол әрекетін көпшіліктен жасырған. Тек туыстары ғана оның жағдайына түсіністікпен қараған. Тек өзі қызмет еткен училищедегілер қарияның тоқалы барын естіп, талай жиналысқа салыпты.

«Сонда да мойындамадым. Ал үйдегі әйелдеріме ешкімге тіс жармау керектігін айттым. Өйткені мемлекет біліп қойса, мені соттатып жіберетін еді. Әлдекімдер тексеріп келсе, екінші әйелімді бәйбішемнің сіңлісі деп құтылатынбыз», - деп өткенін еске алды Майлан Дербіс.

Екіжақты келісімнен соң шаңырақта маңдайы торсықтай ұл бала дүниеге келеді. О бастағы келісім бойынша оны бәйбіше өз бауырына басады. Кейін тағы бір ұл дүние есігін ашып, құжат бойынша Қалдықыз апаның перзенті болғанымен оны тәрбиелеуде бәйбішенің көмегі көп тиген.

«Бәйбішені келе сала «әпке» деп атадым. Әлі күнге дейін солай атаймын. Бір ер азаматтың жұбайлары болғанымызбен күндестік деген болмаған бізде. Ол кісі маған көп нәрсені үйретті. Балаларымды бағып, тәрбиеледі. Не дегенмен жасы үлкен, көпбалалы ана. Көпті көрген ғой» деп әңгімеге араласты қарияның екінші жары Қалдықыз Қарабаева.

Айтпақшы, алғашқы некеден дүниеге келген алты қыз әкелерінің екінші әйел алу туралы шешіміне алғашында қарсылық танытқан. Тіпті асқар тау әкелеріне ренжіген де екен. Ұл бала өмірге келген соң алты қыз сәбиді қолдан-қолға алып, қатты қуаныпты.

Қызығы сол, бір шаңырақтың астында тұрған бәйбіше мен тоқал тіпті той-жиындарға бірге барады. Шаңырақтың тұңғыш ұлы Шымкентте тұрады. Соңғы екі жылдан бері бәйбіше тоқалдан туған ұлының қолында, немерелерінің сүйікті әжесі атанып отыр. Ал қара шаңырақта отағасы тоқалы екеуі кіші ұлымен бірге тұрады.

Айтпақшы, өмірден көргені мен түйгені көп қария екінші әйелін шаңыраққа әкелген соң екі жарынан да қағаз жүзінде қолхат жаздырып алған екен.

«Ауызша келісім бір басқа ғой. Отбасы болған соң ұрыс-керіссіз болмайды. Мен үйдің басшысы ретінде екеуін де татулыққа шақырып отырамын. Ал кейде жанжал шығып жатса, келісім туралы айтамын» деп ағынан жарылды ақсақал.

Ерекше айта кетерлігі, бәйбіше мен тоқал арасында қандай да бір реніш бола қалса, оны жеңудің өзіндік сыры бар болып шықты.

«Реніш болып жатса, үндемей құтыламын. Менің ерім деп отағамызды қызғанбағанмын да. Себебі бәйбішенің жолы үлкен. Меніңше бүгінгідей тату-тәтті өмір сүріп жатқанымыз сол шыдамдылықтың арқасында», - деп ойын түйді Қалдықыз апа.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Тағы да оқыңыздар:

Қазақ қыздары пәтері мен көлігі бар жігіттерді іздеп жүр (фото)

Өз қақпасына 17 гол жіберіп алған Қазақстан футболшылары ұятқа қалды

Соңғы бір айда еліміздегі азық-түлік бағасы шарықтап кеткен

Алматыда жолақысы бірден 200 теңгеге көтерілуі мүмкін

Өскеменде діни экстремистік ұйымның мүшелері сотталып кетті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1279057-oqo-da-qariya-baybishe-men-toqaldy-tatu-t/

pixel