RU

Мәдениет министрін «төсекке сүйреді» деп айыптаған актриса сотқа дайындалып жатыр

Мәдениет министрін «төсекке сүйреді» деп айыптаған актриса да адвокат жалдап сотқа дайындалып жатыр. Ал адвокат Гүлнар Жуасбаева Мұхамедиұлы қызметінен кетсе ғана соттың әділ әрі ашық өтетініне сенімді.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Әйтпесе, құрығы ұзын шенеунік қызметін пайдаланып кетеді дейді ол. Сондай-ақ, адвокат алдағы уақытта ары тапталған тағы 2-3 арудың ашық мәлімдеме жасайтынын жайып салды.

Мәдениет министрінің маңайындағы дау күн санап өршіп барады. Арыстанбек Мұхамедиұлын қыздарға қырғидай тиеді деп айыптаған актриса енді оны тағынан тайдыруға білек сыбана кіріскен сыңайлы. Еңлік Сыдықованың қорғаушысы басы бәлеге қалған министрдің қызметінен кетуін талап етіп отыр. Себебі, соттың әділ өтуіне шенеуніктің шен-шекпені әсер етуі мүмкін дейді Гүлнар Жуасбаева.

"Әділ сот болуы үшін министр отставкаға кетуі керек. Сосын қарапайым азамат ретінде сотқа берсін. Сонда әділ сот болады. Ал енді өзі министр болып креслода отырып, сотқа берсе сот шешімі әділ болмайды", - дейді Еңлік Сыдықованың адвокаты  Гүлнар Жуасбаева.

Сотта Еңлік Сыдықованың сөзін сөйлейтін адвокат бастысы сең қозғалды деп отыр. Өйткені Арыстанбек Мұхамедиұлынан жәбір көрген тағы 3 қыз бар екен. Олар да Мәдениет министрінің мәдениетсіздігін айтып, шенеуніктің қызқұмарлық қылығын жалпақ жұртқа жайып салмақшы.

"Эфирден кейін қыздар жазып жатыр. Видеоны интернетке жібереміз деп. Қазір 3-4 қыз бар дайын",- дейді Еңлік Сыдықованың адвокаты Гүлнар Жуасбаева.

Мұхамедиұлының өзі мұның бәрін жоққа шығарды. Айтуынша, бұл әлдекімдердің қасақана ұйымдастырған әрекеті. Министрдің осындай күдігіне ілінгендердің бірі режиссер Талғат Жәнібеков. Мұхамедиұлын ақша сұрады деп айыптаған режиссердің өзі қыздарға еш қатысым жоқ дегенімен, оларды қолдап отыр.

"Мен Еңлікті танымаймын. Яғни бұрын-соңды араласқан емеспіз. Соған қарамастан оның ашық мәлімдеме жасауын батылдыққа балаймын. Себебі Мәдениет министрінің қызқұмар екенін бұған дейін де мың мәрте естігем. Демек, жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды", - дейді режиссер Талғат Жәнібеков.

Бұл талас-тартыстар Мәдениет министрінің беделіне нұқсан келтіргені рас. Алайда Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокат айтты екен деп қызметінен кете қоймасы белгілі. Сондықтан ол өзіне тағылған айыптардың бәрін енді тек сот арқылы жуып-шаюға тырыспақшы.

Тағы да оқыңыздар:

Трамп пен Клинтонның бірге ән шырқағаны желіні жарды (видео)

Алматылық тұрғын үш жасар ұлымен бірге көлік апатынан қайтыс болды

Достасқан Путин мен Ердоған енді екі елдің арасында газ құбырын тартпақ

Қанат Ислам жанкүйерлерін ашық жаттығумен қуантпақ

Атышулы Алматы зообағында керіктің неден өлгені анықталды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1281739-madeniet-ministrin-tosekke-suyredi.html