RU

Ерасыл Әубәкіровке сексуалды зорлық көрсетілмеген болып шықты

Астанада Ерасыл Әубәкіровті азаптап өлтіргендер 47 жылға сотталды. Студентті қинап ажал құштырған Нұрбек Әжімбай 20 жылға, Андрей Тихоненко 16 және Виталий Шерстенев 11 жыл арқалады деп хабарлайды КТК арнасы.

Алқа билердің кескен үкімі осындай. Ал болашақ дәрігер Ерасыл Әубәкіровті азаптап жатқаны жайлы видео болса да, күдіктіден куәгерге айналып шыға келген Аян Мейірбаев жазадан мүлдем сытылып кетіп отыр. Бай баласы сотта да төбе көрсеткен жоқ.

Дүйім жұртты дүрліктерген 23 жастағы Ерасыл Әубәкіровтің өліміне қатысты сот бір ай бойы жабық өтіп, журналистерге де кіруге тыйым салынған еді. Бірақ соңғы отырыста есік ашық болды. Сондықтан үкімді тыңдауға келгендердің қарасы қалың. Қаптаған камерадан бөлек, айыпталушылардың туыстары, алқа билер мен марқұм Ерасыл Әубакіровтің әкесі де осында.

Тек, алғашқыда студентті «өлтіруге тапсырыс беруші» деп айыпталып, кейін күтпеген жерден жәбірленуші болып шыға келген Аян Мейірбаев жоқ. Ал Нұрбек Әжімбай, Андрей Тихоненко, Виталий Шерстенев бұл үшеуі қылмыстық топ құрып, Ерасыл Әубәкіровті азаптап өлтірген болып шықты. Тергеушілердің осындай уәжі істі қараған алқа билерді де, судьяны да иландыра алғандай.

"Нұрбек Әжімбай кінәлі деп танылып,20 жыл бас бостандығынан айырылсын. Дүние мүлкі тәркіленсін", - дейді судья Асхат Әшірбеков.

Әжімбайдың сыбайластары Андрей Тихоненко 16 және Виталий Шерстенев 11 жыл абақтыда отырады. Әсіресе Ерасыл Әубәкіровті азаптау сәтін видеоға түсіріп алған Нұрбек Әжімбайдың анасы ұлының кінәсіз екеніне сенімді.

"Менің ұлым ешкімді өлтірген жоқ. Видеоны өзін қорғау үшін түсірген. Нағыз қылмыскер бостандықта жүр. Әділетсіз үкім бұл. Ақшаның күшімен шешіліп отыр бәрі", - дейді Нұрбек Әжімбайдың анасы Сәуле Сатыбалдиева.

«Бостандықта жүр» деп Сәуле Сатыбалдиева Аян Мейірбаевты айтып тұр. Алайда, судьяның айтуынша Мейірбаев студентті азаптамаған, тек жұлқылаған көрінеді. Тергеу материалдарына қарағанда, Нұрбек Әжімбай курстасы Аян Мейірбаевтан ақша бопсалаған.

Яғни, оның қалталы әкесіне ұлының жас жігітті қинап жатқан сәттегі видеосын жіберіп, одан 135 миллион теңге талап еткен көрінеді. Бұл ойы жүзеге аспаған соң Әубәкіровті өлтіріп, Мейірбаевтың көлігінің жүк салғышына салып жіберген екен.

"Сотта Аян Мейірбаевтың кінәсіз екенін дәлелдейтін айғақтар көрсетілді. Яғни, сот ашық әділ өтті. Әркім тұрып өз ойымызды айттық. Алқабилер де куә", - дейді Әубәкіровтың адвокаты Тельман Аленов.

Ал былтыр ақпанда өлтірілген марқұм студентке сексуалды қиянат жасалмаған болып шықты. Бұны сараптама да дәлелдеген.

Жазадан құтылған Аян Мейірбаевтың өзі бүгін үкімді тыңдауға келген жоқ. Тіпті, осы уақыт ішінде процеске бір-ақ рет қатысыпты. Ал, сотталған үшеу әзірге изоляторда отырмақ. Егер 15 күн ішінде сотқа апелляциялық шағым түспесе, олар қатаң тәртіптегі колонияға аттанады.

Тағы да оқыңыздар:

 

Трамп пен Клинтонның бірге ән шырқағаны желіні жарды (видео)

Алматылық тұрғын үш жасар ұлымен бірге көлік апатынан қайтыс болды

Достасқан Путин мен Ердоған енді екі елдің арасында газ құбырын тартпақ

Қанат Ислам жанкүйерлерін ашық жаттығумен қуантпақ

Атышулы Алматы зообағында керіктің неден өлгені анықталды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1281910-erasyl-aubakirovke-seksualdy-zorlyq.html