RU

Қарақат Әбілдина өзін "тәкаппар, адам менсінбейді" деп атағандарға жауап берді

Танымал әнші Қарақат Әбілдина отбасылық өмірі мен өнердегі жаңалықтары туралы Ikerim.kz сайтына сұхба берді.  NUR.KZ порталы аталған сұхбатты қысқартып, назарларыңызға ұсынады.

- Танымал әншісіз, жарсыз, анасыз. Бәріне бірдей үлгеру қиын емес пе?

-«Әйел затының қырық жаны бар» дейді, сол рас. Кез келген адамға Алла тағала күш-қуат, өнер, білім береді. Бірақ сол қабілетін, қасиетін жарқыратып көрсете алу үшін әйел затына үлкен тірек, қолдау қажет. «Жалғыз адамның үні, жаяудың шаңы шықпайды». Сол сияқты қанша жерден әйел заты керемет дарынды болса да, өмірлік серігінен қолдау таппаса, ол бойындағы қабілетін көрсете алмас еді.

Ол Алладан берілген, анамның сүтінен, әкемнің қанынан дарыған қабілетімді тұншықтырмай, қазан-ошақтың қасында қалдырып қоймай, керісінше оның түрленуіне жағдай жасап келеді. Мұның барлығы қазақ өнерінде танымал Қарақат әнші ретінде де танытып, бар мейірімін, махаббатын, қаражатын аямай, үнемі мені демеп келе жатқан азаматымның арқасында. Егер Қыдырәлідей азамат менің өмірімде болмады деп есептесек, осы қазіргі жеткен жетістігіме, деңгейіме жете алар ма едім, жете алмас па едім ол – екіталай дүние.

«Әйел сұлу көрінер азаматымен, еркек сұлу көрінер қазанатымен». Байқасам, Қыдекең әрдайым «Менің Қақатым» деп өзінен бұрын мені алға тартып отырады. Мысалы, өткенде «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағын бір отбасында екі адамға берілмейді» деген кезде де маған жолын берді. Мен: «Қыдыр, неге мен аламын? Сіз деген бүкіл қазақ өнерінің бір қабырғасын қалаған азамат емессіз бе? Сіздің қасыңызда мен кіммін? Сіз, содан кейін мен» деген едім. Сонда ол: «Жоқ, Қақат, әр нәрсенің уақытында болғаны жақсы. Сен қазір нағыз піскен шағыңдасын. Жассың ба, әдемісің ба, киін, тақ, мін»,- деді. Ондай азаматқа қалай басыңды имейсің? Мұндай азаматтың жақсылығын қалай айтпасың?

-Бақытты әйелдің портреті қандай болуы керек? Және өзіңізді бақытты әйелмін деп айта аласыз ба?

-Әйел баласымен бақытты. Аналық сезімді, аналық махаббатты сезінген әйел бақытты. «АНА» атану – жүрегіңді елжіретеді, бойыңды мейірім кернейді. 62 тамырың иіп, балаңды қолыңа алып, емізгеннен бастап, ол сенің бүкіл сезім қылдарыңды оятады. Және де өзіңнің сүйіп қосылған жарыңмен бақытты өмір кеше алсаң, бір-біріңді қолдап, сүйеніш бола білсең, сол кезде бақыттың дәмін сезінесің.

-Өнер адамы болған соң сын көп болады. Теріс пікірлерді қалай қабылдайсыз?

-Бөтен адамдардан мені «өте тәкаппар, адам менсінбейтін, қатты қатал» деген сияқты пікірлерді көп естимін. Ия, менің мүмкін бір көзқарасқа елпелектеген, бәрінің іші-бауырына кіріп-шығатын мінезім жоқ шығар. Ол – менің болмысым. Бірақ мен өзімді қатты қатал, қатігез адамдардың қатарына жатқызбаймын. Сыйласқанның құлы бола алатындай, адаммен адамша сыйласа алатындай ішкі құрметім бар, ішкі сана-түйсігім бар. Ненің жаман, ненің жақсы екенін ажырата алатамын. Егер мен теріс энергияны сезген болсам, өз-өзімді көндіріп, жағдай үшін немесе пайда, атақ-даңқ үшін дос бола алмаймын. Бір сөзбен айтқанда, жүрегімнің әмірін тыңдаймын. Мен әртіс екенмін деп, кез келген жерде жөні бар, жөні жоқ күліп, ыржиып, жымыңдап, қалжыңдап жүре алмаймын. Мүмкін сондықтан да салқынқанды көрінетін шығармын. Бірақ менің ол мінезімнен ешкім тоңып жүрген жоқ. Өзімнің жаратылысым сондай.

-Ер адамның көңілін табу үшін қандай мінез керек?

-Жұмсақтық. Ғабит Мүсіреповтің мынандай керемет сөзі бар: «Әйел ашуланса — жеңіледі, еркелесе — жеңеді». Осы тәсілді қолданған әйел әрдайым алда. Ашуға бой алдырып, ертеңгі күні басың дал болып керегі не? Ия, оңайға түспеуі мүмкін. Бірақ оларға көп нәрсе керек емес. Уақытылы тамағы, заттарының рет-ретімен өз орнында тұруы, жалпы күнделікті өмірде мәселе туындамауы тиіс. Сөзбен жүрегіне жылу жеткізіп, еркелетіп отыру керек.

-Қайын жұртыңызға қандай келінсіз?

-Мен ол кісілермен бірге тұрмаймын. Марқұм ата-енемді көрген жоқпын. Ол кісілердің орнын басатын қайын ағам мен қайын апам бар. Тек алыстан сыйласамыз, қуаныштарымызда ғана бас қосамыз, ешқандай да кикілжің болған емес. Келіндік парызымды орындап жүрмін. Үйдің баскөтерері біз болғаннан кейін барлығын жарылқап, қарайласып келеміз. Ол кісілерден тек ризашылық болмаса, ешқандай наз болған емес.

-Қазіргі абысын-ажынның қатынасына баға бере аласыз ба?

-Жалпы барлығы тәрбиеге келіп тіреледі деп ойлаймын. Көбіне естіп жататынымыз абыс-ажынның арасындағы кикілжің, түсініспеушілік. Білмеймін, ол бір қанға сіңген қасиет шығар. Әлбетте, ондай жағдайларды көрген кезде қынжыласың. Өз басыңнан өтпегендіктен маған түсіну қиын. Менің ойымша, бес күн өмірде сыйласып өткен жөн. Сен баратын үйіңнің адамдарын, туыстарыңды өзің таңдап алмайсың. Бірақ неге сен жарыңды дүниеге әкелген анасын, оның туғандарын құрметтей алмайсың? Сыйла, құрметте ертең өмір бойы олармен болмайсың ғой. Оның бәрі уақытша сынақ.

—Жар таңдауда қандай нәрселерді назарда ұстау қажет?

-Білмеймін, мен 18 жасымда Қыдырмен таныстым, 21-де тұрмысқа шықтым. Ол кезде мен өзім бала болдым, пәк болдым, мен үшін ол алғашқы махаббат болды. Мен оны емес, ол мені таңдады десе де болады.

Ал қазіргі жағдайда ең алдымен тәрбиесіне қарау керек. Мүлкіне, атағына ғана қарап, ертеңгі күні ол тексіз жерден шыққан азамат болып шықса, шаңырақ шайқалады. Ол қаншалықты текті отбасының тәрбиесін көрген бала? Ең бастысы – ұяты, намысы, имандылығы бар ма? Осындай сұрақтарға мән беру керек деп ойлаймын. Ал көлік, үй, атақ кейін бола беретін уақытша нәрселер.

Тағы да оқыңыздар:

Келімбетов: Қазақстан экономикадағы қиындықтардан аман өтті

Жұмысында шай ішіп, шылым шегетін шенеуніктер бақылауға алынатын болды

Алматыда 100 миллионның көлігін мінетін студенттер кімдер? (фото)

Голландиялық стюардесса ұшқыштармен жыныстық қатынасқа баратынын мойындады

Атыраулық әйел Құран ұстап ант беріп, 1,5 млн теңгені қолды қылған

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1284625-qaraqat-abildina-ozin-takappar-adam-m.html