RU

Әйелдерінің қыз туатынын естіген әзірбайжандықтар түсік жасатуда

Екі қыздың анасы Әмина Әлиеваның үшінші перзентінің де қыз болатыны анықталған соң жақындары әйелді жасанды түсік арқылы құрсағындағы баладан құтылуға көндірген деп хабарлайды Азаттық Радиосы.

"Баланың жынысын анықтауға енем, күйеуім үшеуміз бардық. Дәрігер қыз туатынымды айтқанда олар ақырзаман келгендей түнерді. Сосын маған "жасанды түсік жасат" деді", - дейді Әмина.

30 жастағы әйелдің айтуынша, гинеколог дәрігер де енесі мен күйеуінің сөзін қолдап, аяғы ауыр ананы жасанды түсік жасатуға үгіттеген.

Әмина құрсағындағы баланы алдырғысы келмеген соң күйеуі оны "ажырасып, қыздарды өзіме алып аламын" деп қорқытқан. Ақырында ол айтқанға көніп, хирургиялық жолмен түсік жасатқан.

Әзірбайжан көбіне ұл туу талап етіледі

Бұл – жалғыз Әминаның басындағы жағдай емес. Әзірбайжан тәрізді патриархалдық қоғамда әйелдерден көбіне ұл туу талап етіледі, бұл елдегі гендерлік теңсіздіктің өршуіне ықпал етіп отыр. Биыл құрсақтағы баланың жынысына байланысты жасалған 8381 жасанды түсіктің өзі бұл гендерлік теңсіздіктің себебін айқындап тұр.

Жүктілігінің 15-аптасында аборт жасатқан Әмина ол отаның заңсыз болғанын айтады. Себебі, Әзірбайжан заңы бойынша, ана құрсағына бала біткеніне 12 аптадан асып кетсе, аборт жасауға тыйым салынады.

Біз дүниедегі ең үлкен күнәға баттық

"Ол қатыгездер баламның аяқ-қолын кесті. Бірақ, мен де кісі өлтірушіге жатамын. Біз дүниедегі ең үлкен күнәға баттық. Әкесі, шешесі, әжесі бәріміз бірігіп, жабайылар құсап шарасыз тіршілік иесін өлтірдік", - дейді Әмина Әлиева.

Бакуде тұратын дәрігер-гинеколог Терена Хазанованың айтуынша, жатырдағы баланың жынысы қыз екені анықталған соң жақындары жүкті әйелдерді түсік жасатуға жиі көндіреді.

"Ұл бала көтердің" дегенге дейін баласын алдыра беруі мүмкін

"Олар әйелге қысым жасап, аборт жасатудан басқа амал қалмайтындай етеді. Ол "ұл бала көтердің" дегенге дейін баласын алдыра беруі мүмкін", - дейді дәрігер.

Кей жағдайда аналардың өздері де таңдап түсік жасатады, себебі олар да өздерінің ұл тууға міндетті екенін сезінеді.

"Қандай құрбандыққа барып тұрғанын сезсе де олар бұл әрекетін қайталай береді", - дейді Хазанова.

Сол кезде баланы алдырмасам, ажыраспаған да болар едім

Жасанды түсік жасатқаннан кейін Әмина ауыр психологиялық жарақат алды. Аборттың кесірінен отбасы ойран болды. Ауыр азапты басынан өткерген ол күйеуімен әрі қарай бірге тұра алмайтынын түсінген. Арада алты ай өткенде екеуі ажырасқан. Оның 3 және 5 жастағы балаларын қазір күйеуінің жақындары өсіріп жатыр.

"Сол кезде баланы алдырмасам, ажыраспаған да болар едім", - дейді Әмина.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1285610-ayelderininh-qyz-tuatynyn-estigen-azi.html