RU

Ақтөбелік жесір мұғалім парақор директорлардың былығын аша бастады

Ақтөбеде 29 жастағы келіншек өзінің жұмыстан заңсыз босатылғанын айтады. Жұмысынан босап қалған соң несиесін төлей алмай, қызын асырай алмай қалған ол мектептегі барлық былықты жайып салды деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

Жолдасы төрт жыл бұрын қайтыс болған Венера Давлетаринаның алты жасар қызы бар.

«№29 орта мектепте 1-9 класс оқушыларына ағылшын тілі пәнінен сабақ бердім. Сол жерде бір жыл еңбек еттім. Мені 14 қыркүйекте жұмыстан босатты. Директорға жолдасымның қайтқанын, баланы жалғыз асырап отырғанымды, несиемнің барын айтып бірнеше рет бардым. Ол: «Мен саған ауызша айтып тұрмын. Орныңды босатасың, басқа жұмыс ізде!» деді. Не үшін босатқанын да түсінген жоқпын. Олар мені босатқаннан кейін басқа жерден жұмыс тауып беруге тиісте емес пе?», - дейді Венера Давлетарина.

Бірнеше алғыс хаттар алып жүрген жас маман жұмыстан өзін әділетсіз шығарып жіберді деп ойлайды.

«Директор керек кезінде бізді пайдаланып, қорғаны болмаған соң шығарып жіберіп отыр. Жаңа жылдың алдында мектеп аттестациядан өткенде бізден ақша жинады. Менен 60 мың теңге ақша алды. Кейбіреулерден 20 мың теңгеден жиналды. Мен сияқты ешкімі жоқ адамдардан көбірек сұрайды. Қазір менің жоғалтар ештеңем жоқ. Жыртылған нәрсе жыртылды. Мен өз құқымды қорғағым келеді. Қорқатындай өтірік ештеңе айтып тұрған жоқпын. Жалпы жеті жыл еңбек өтілімде еш жерден ескерту алып көрген емеспін», - дейді мұғалім.

Келіншек бір айдан аса уақыт жұмыссыз жүріп, жалғыз баласын асырай алмай қалған.

«Қазір қызымды асырай алмаған соң уақытша енемнің қолына апарып бердім. Менің Каспий банкінен алған 800 мың теңгедей несием бар. Жұмыстан босатқаннан кейін мен оны төлей алмай қалдым. Қыздармен 10 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамын. Қазір қатты қиналып кеттім. Банк несиемді төлемеген соң қызымның жәрдемақысын ала алмайтын қылып тастады. 49 мың теңге банктің екі айлық несиесі төленбей тұр. Жұмыс істейтін болған соң бір жылда төлеп тастаймын деп ойлаған едім», - дейді ол.

Келіншек осыған дейін бірнеше мектепте жұмыс істеген. Айтуынша, осыған дейін тағы бір директордан опық жеген.

«Осыған дейін №30 орта мектепте жұмыс істедім. 2014 жылы ол жерге жұмысқа кіру үшін менен 1 мың доллар ақша сұрады. Ол кезде қайтыс болған жолдасымның жәрдемақысын алған болатынмын. Баламды асырау үшін жолдасым қайтқан кезде төленген ақшаны апардым. Ақшаны мектеп директоры Жанар Терековаға бердім. Бір жыл істегеннен кейін жұмыстан шығуыма тура келді. Ол: «Сені бала күтімімен кеткен адамның орнына алып едік, ренжімей кетші» деп шығарып салды. Жұмыссыз қалғанымда жылап, қалалық білім бөліміне бардым. Ләззат Аманжолқызы жағдайымды түсініп, осы №29 мектепке кіргізген болатын. Сол салада жүргеннен кейін Ләззат апайға №30 мектепке ақша беріп кіргенімді айта алмадым. Енді мен бәріне айтатын боламын», - дейді ашынған мұғалім.

Жұмыссыз қалған мектеп мұғалімі енді ештеңеден тайынбайтынын айтты.

«Прокуратураға, «Нұр Отанға» арыз жазып қойдым. №29 мектептен кеткен кезде қысым көрсетілді. Мектептің кәсіподақ ұйымына жұмыстан шығарса шағымданатынымды айттым. Олар: «Өзіңді ойламасаң да қызыңды ойла. Сенің қызың осы мектепте оқиды. Қызыңды ойла» деп қорқытқан кезде мен оны ол жерден шығарып алдым. Мен енді сотқа да шағым түсіретін боламын», - дейді Венера Давлетарина.

Тағы да оқыңыздар:

Алматылық жігіттер пәктігін жоғалтқан аруларға қалай қарайды? (фото)

Әнші Луина продюсерімен 5 жылдан бері азаматтық некеде тұратынын айтты

Аяғынан айырылған бойжеткен танымал модель атанды

Нұртас Адамбай ашаршылық туралы кино түсірмекші

Украинаның шығысында ең қатыгез қолбасшыны өлтіріп кетті

Ерке Есмахан 3 миллионның тонын киетінін жасырмай айтты (видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1285654-aqtobelik-zhesir-mughalim-paraqor-dire.html