RU

ОҚО тұрғыны әйелінің мықтылығына таңданып, жан тебірентерлік хат жазды

Оңтүстік Қазақстан облысындаңы Құсшыата елді мекенінің тұрғыны Ержан есімді азамат Ikerim.kz сайтына хат жазып, келіншегі туралы ойымен бөлісті.

Ол өзінің жиырма бір жыл отасқан жарына өмірінде алғаш рет балаларымен бірге алғыс хат жолдапты.

NUR.KZ порталы аталған хатты сол қалпында назарларыңызға ұсынады.

- Жақында Артур есімді жігіттің хатын оқып біраз ойға қалдым… Дәлірегінде ол хатты маған екінші ұлым оқып берді. Содан соң біз көбінде жанымызда жүрген жандарды бағаламаймыз деген ой түйдім! Мүмкін оған біздегі менмендік себеп шығар. Осы хатты да балаларым қолқаламағанда жазбас па едім?! «Өзен ағысымен өлі балық қана жүзеді» дейді. Бірақ қатал тағдырға қарсы жүріп келе жатқан Сандуғашым туралы бәріңіздің де білгендеріңізді қаладым. Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастап айтып берейін.

Осыдан тура 21 жыл бұрын жарыммен туыстардың араласуымен таныстым. Ол көрші ауылда тұратын. Сонымен Оңтүстіктің дәстүрі бойынша екі-үш рет кездескен соң алып қаштық. Біз жақтың салты бойынша босаға аттаған қыз сол үйде қалуы керек. Иә, жұрт қатарлы тойымыз, құдалығымыз өтті. Көп ұзамай дүниеге тұңғышымыз келді. Өкініштісі, оның көзі нашар көретін болды. Негізі менің де жанарым жақсы көрмейді. Ол тұқым қуалайтын болса керек. Бірақ ол үшін мойыған жоқпыз.

Тіршілік кешіп, тағы екі ұлымыз дүниеге келді. Ата-анамызбен тұрған он жылда олардың да көңілін таба білді. Білсеңіздер ғой, оның мінезі өте ашық, үнемі көңілді жүреді. Оған қарап мен өзімнің жар таңдауда қателеспегеніме қуанамын және ол үшін Аллаға шүкірлік етемін. 2002 жылы дүниеге қызымыз келді. Бірақ оның да көзі кінаратпен туылды. Қазір үлкен ұлымыздың көзі мүлде көрмей қалды. Қызымыздың да жанары нашарлап кетті. Біраз жерлерге барып емдетпек болдық, емші-тәуіптерді де көрдік, бірақ алардан ешқандай пайда болмады.

 

Менің де көзім бұрынғысынан да нашарлай бастап еді, Ташкент қаласына барып емделіп келдік. Қазір біршама жақсы. Ал ұлым мен қызымның жанары емделуге келмеді. Тағы бір өзекті өртейтіні, ауылдық жерде тұрғасын оларды оқыта алмадық. Оған мүмкіндік келмеді, бір жағынан мұндай күйде сыртқа жіберуге қорықтық. Апта сайын Шымкентке барып келуге қаражатымыз да болмаған еді. Осындай жағдайлар жаныма қатты батады.

Өмірде біз күтпеген тосқауылдар үнемі кездесе береді ғой. Менің сондағы таң қалатыным – әйелдердің оңайлықпен берілмейтіндіктері. Менің де томпиған томпақ жарым өзін үнемі жігерлендіріп, бізді де солай жетектеп келеді. Бірақ ешқашан менің алдыма түскен емес. Оған дәлел – бірнеше жыл бұрын көлік сатып алғанбыз. Менің оны айдауға мүмкіндігім болмағасын, Сандуғашымды арнайы оқытып, жүргізуші куәлігін алды. Өзінің шебер айдай алатынына қарамай, туған-туыстың жиынына барарда мені рөлге отырғызады. Ал өзі жолды, бұрылыстарды жанымда айтып отырады. Онысы мені ойлағандықтан екенін де сеземін.

Бұл хатты оқып күліп отырмын, себебі өзіңе бұлай айта алмайтын сияқтымын. Балаларым да жанымда олай жазыңыз, бұлай жазыңыз деп айтып отыр. Сөздің соңында тек сенің барың үшін шүкірлік етемін. Сенің амандығыңызды күні-түні Алладан сұраймын. Себебі, сен бір күн жоқ болсаң үйде шәй, тамағымыз ішілмей, нанымыз піспей, сиырымыз сауылмай, тіпті күле алмай қалатынымызды да білесің ғой… Айтпасақ та, сезесің!

Менің жарымның тағы бір ерлігі жақында ғана диплом алды. Оқу ешқашан кеш болмайтынын дәлелдеп, 41 жасында университет бітіріп, биылғы жаңа оқу жылында балабақшаға тәрбиеші болып орналасты. Сенің мықтылығың бізді өмір сүруге шабыттандырады, жаным!

Тағы да оқыңыздар:

Алматылық жігіттер пәктігін жоғалтқан аруларға қалай қарайды? (фото)

Әнші Луина продюсерімен 5 жылдан бері азаматтық некеде тұратынын айтты

Аяғынан айырылған бойжеткен танымал модель атанды

Нұртас Адамбай ашаршылық туралы кино түсірмекші

Украинаның шығысында ең қатыгез қолбасшыны өлтіріп кетті

Ерке Есмахан 3 миллионның тонын киетінін жасырмай айтты (видео)

 

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1285676-oqo-turghyny-ayelininh-myqtylyghyna-tanh.html