RU

Қазақ хоккейіндегі ең сымбатты жігіт туралы не білеміз? (фото)

Хоккей – бұл нағыз ерлер спорты. Жоғары жылдамдық, аса айбынды күш, дәлдік – бұл қасиеттер әр хоккейшінің бойында болуы тиіс. Сондықтан болар, қыздар жағы хоккейшілерді аса мықтылығы, ер мінезділігі және де аса тартымдылығы үшін жақсы көреді. Бүгінде ел хоккейінің дамуы аса өзекті тақырып десек, осы қазақ хоккейінің тізгінінде жүрген бірді-екілі қазақ жігіттерін ел арасында танытып, «жұлдыз» ету де маңызды мәселелердің бірі.

NUR.KZ порталы Хоккейден Ұлттық құрамадағы ең жас әрі сымбатты қазақ хоккейшісі Әлихан Әсетовпен арнайы сұхбаттасып, оның тұлғалық, адами қасиеттерін анықтауға тырысты.

- Әлихан, неге хоккей? Неге күрес емес немесе басқа емес? Хоккейді таңдағаныңа не себеп болды?

- Кішкентай кезімде таңдау менің еркімде болған жоқ. Отбасымызда әкенің айтқаны заң, сондықтан әкем мені қайда апарды, мен сонда еріп жүре бердім. Гимнастика, күрес тағы да көптеген спорт түрлеріне берді. Бір күні мені мұз айдынына әкеліп, конькиге тұрғызды. Бастапқыда ұнатпадым, сөйтіп хоккейден де кетіп қалдым. Бірнеше ай өткен соң, әкем мені онда қайта жіберді. Осы күнге дейін әкеме мен үшін мықты таңдау жасағанына алғысым зор.

- Ел арасында «Қорқақ адам ғана хоккей ойнамайды» («Трус не играет в хоккей») деген әзіл-шыны аралас сөз тарап кеткен. Өзіңді қорқақ немесе батыр санатына жатқыза аласың ба?

- Өзімді ешқашан қорқақ санамағам (күлді), батыр да емеспін. Өзімді өзім қорғай алатын, өзімнің жақындарыма сүйеу бола алатын адаммын деп есептеймін. Әкем кез келген әке секілді бізге осыны үйретті. Қазақ жігіті ер мінезді болуы керек. Мен осы талапқа сай келемін деп ойлаймын. Айналамдағылардың мен туралы пікірін білмеймін. Бірақ, хоккейдегі қызуқандылығымды жоққа шығара алмаймын.

- Хоккейде сен жас болсаң да, біраз жетістікке жеткеніңді білеміз. Әлем чемпионаттарында қарсылас қақпасына гол соққан кездеріңе де куә болдық. Осы күнге дейін қандай жетістіктеріңді атап өтер едің, қайсысы өзің үшін қымбат, елеулі?

- Менің ұлттық құрамаға кіруімнің өзі мен үшін үлкен жетістіктердің бірі. Себебі, бұл халықаралық деңгей ғой. Өте тәжірибелі ойыншылармен кездесіп, өзіңе мықты тәжірибе жинақтайсың. Енді, өзге жетістіктерім туралы айтар болсам, бірнеше жыл бұрын 18 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, бірінші орын алдық. Бұл біз үшін үлкен қуаныш болды, себебі бірден командамыз спорт шеберлері атағын алды. Бір жылдан соң тағы да 18 жасқа дейінгі әлем чемпионатына барып, тағы 1-орынға ие болдық. Осы жолы біз өзіміздің спорт шеберлері атағымызды дәлелдеп шықтық. Ал ең есте қалған оқиға былтырғы әлем чемпионаты болды. 20 жасқа дейінгі жасатр арасындағы әлем чемпионатында мені ерекше атап өтіп, cұрмерген атанғаным үшін бағалы Tissot сағатын тарту етті.

- Ересектер арасындағы командада ең жас хоккейшінің бірі болған қандай екен? Сені жасыңа қарап, шеттетіп, бағаламай жататын кездер бола ма?

- Шағымым жоқ (күлді). Жас ойыншы болудың артықшылықтары да бар ғой. Бойыңда қуатың тасып тұрады дегендей... Жоқ, ешкім шеттетпейді, бір командамыз, шүкір, ұжымымыз тату. Керісінше, білмегенімді солардан үйреніп, білімімді үнемі толықтырып жүремін. Мен үшін ең маңыздысы – өзімді дамыта түсу, алға ұмтылу, бұдан да биіктерден көріну, қазақ хоккейін дамыту. Бұл мақсаттарыма жететініме сенемін. Өз мақсаттарыма жетуге тырысып бағамын, қалған сөздер мен үшін маңызды емес. Маған біреу сене ме, сенбей ме ол екінші орындағы мәселе. Бастысы, өзіме өзім сенем.

- Дамыту демекші, еліміздегі, жалпы қазақ хоккейін дамыту үшін не істеу керек? Не жетіспейді бізге? Қандай әрекеттер жасау керек? Хоккейшінің өз аузынан естісек.

- Айтатын сөз көп. Бірақ, ең бастысы хоккей стадиондарын көптеп салу керек. Үш нәрсені бөліп айтар едім. Осы үшеуі болса, бізде бәрі болар еді. Стадиондарды, жаттықтырушыларды арттыру және халықаралық ойындарға көптеп шығу керек. Ақшаға кеп тірелетін мәселе де жоқ емес. Мәселен, ірі қалаларда болмаса, хоккей еліміздің көп жерлерінде дамымай отыр. Қаншама әлеуеті зор балалар бар ауылда, күші де, қабілеті де жетер еді олардың хоккей ойнауға. Мәселен, бізде, Өскеменде хоккейді тегін оқытады. Естуімше, Алматыда хоккейге қатысу үшін айына кемі 25-30 теңге төлеу керек дейді. Ол қаншама дарынды, қарапайым балалардың хоккейдегі жолына бөгет. Бұның барлығы хоккейдің дамуын тежеп отыр. Хоккей спорттың ерекше түрлерінің бірі, бүкіл әлем хоккейді сүйіп тамашалайды. Сондықтан, біз біржақты емес, спортты жан-жақты дамытуымыз керек қой.

- Хоккейдегі әлем жұлдыздарының қайсысы сен үшін үлгі?

- Өмірде мен үлгі тұтатын бір-ақ адам бар, ол менің әкем. Әкем Әсет Сауырбаев дзюдодан спорт шебері, спорттың адамы. Сондықтан, оның кеңестері, оның ақылдары мен үшін құндырақ болып тұр.

- Қазір сен ересектер арасындағы ұлттық құрамаға кіріп отырсың. Қазақ хоккейшілерінің жалақысы қандай? Қазақстанда хоккейшілерге жасап отырған жағдайлар көңіліңнен шыға ма? Осы жағына тоқталсақ.

- Иә, мен жастар арасындағы хоккейден ересектер арасындағы хоккейге ауыстым. Жалақыны нақты айтпасам да, елде хоккейшілерге жағдай жақсы жасалған дер едім. Алғашында, Астанаға ауысқанда мен мұндай жағдай жасалады деп күтпеп едім. Әзірге, алаңсыз жаттығу үшін менде барлығы жеткілікті.

- Естуімізше, хоккейшілердің жалақысы өте жоғары. Бізге қызық болып отырғаны, алғашқы жалақыңды қайта жұмсадың?

- Қайда жұмсадым? Бұл сұрақты ата-анама қойған дұрысырақ секілді (күлді). 4 жыл бойғы жалақымды ата-анам жұмсайды. Жалақым менен гөрі ата-анама қажет. Кейін уақыты келгенде ала жатармын.

- Небәрі 20 жастасың. Соған қарамастан, жеткен жетістіктерің бар. Ал өзіңе ұнамайтын, өзің жойғың келетін бойыңда қандай кемшіліктерің бар?

- Кемшілік әр адамда болады ғой. Иә, менің кемшілігімнің көбісі  хоккейде. Бірақ, мен оларды міндетті түрде түзетемін. Әр қателігімді, шалыс басқан жерлерімді жаттықтырушым айтып, үнемі жөндеп отырады. Әзірге, міндетім жаттықтырушыны тыңдап, айтқанын істеу. Сол арқылы мен өз мінімді жөндей аламын. Өз қателіктерімді реті болса мойындап, келесіде соны жойып отырамын. Қайталамауға тырысамын. Хоккей - қателікті кешірмейді.

- Отбасың туралы айта кетсең. Әлихан Әсетовтың анасы, әкесі қандай? Қандай отбасында тәрбие алған?

- Отбасымда екі ұлмыз. Ағам Сұлтан және мен. Әкемді бағана айтып өттім. Анам үй тәрбиесіндегі адам. Үнемі үйдегі еркектердің тазалығын қадағалап, қарындарының тоқ болуын бақылап отырады. Менің ата-анама алғысым шексіз. Әрбір ойынымда демеу болып, анам жанымнан қалмай жүреді. Әкем де жаны қалмай, маған ақыл-кеңесін үйіп-төгеді. Ағам болса әр ойыннан соң қоңырау шалып, жеңсем де, жеңілсем де қолдау білдіреді. Ағам да спорттан құр алақан емес.  Ол да менімен бірге хоккейде қатысқан. Біраз, өмірде өз жолын тауып, басқа қызметке кетті. Үйімізде анамнан басқа қыз жоқ болса, ата-анам бізді ер мінезділікпен қатар тазалыққа, сыйластыққа үйретті.

- Жеке өмірің, қыздар жайында әңгімелессек. Хоккейге, оның ішінде өзіңе ғашық қыздар көп пе? Көп хабарласа ма?

-  Шынымды айтса, бұған мән бермеппін ешқашан. Менің қызым бар, онымен жүргеніме көп болды. Сондықтан, басқасы мен үшін маңызды емес. Осы күніме ризамын. Қыздарды жиі ауыстыру менің мінезіме жат.

- Хоккейдің бір ерекшелігі – ол қатаңдық. Хоккейде төбелескен кездерің көп болды ма? Ең естен кетпес, өмір бойы жадыңда қалған бір жанжалдарың бар шығар?

- Әлбетте, бұл хоккейге тән. Сондықтан, төбелес - жанжалдар өте көп болды. Әсіресе, бала күнімде. Мысалы, жаңадан командаға келгенде кім күшті, кім әлсіз дегенді анықтайтын дүниелер болады ғой (күлді). Ал әкеміз бізді өзіңді қорға деп үйреткен. Сондықтан, үйде де ағам екеміз алыса кететінбіз. Ата-анам бір жаққа кетсе, міндетті түрде күш сынаса кететінбіз. Содан ағам екеуіміз, қосымша кикбоксингке бара бастадық (жаңа айттым ғой, бармаған спорттың түрі жоқ деп). Одан әрі тәжірибеміз арта түсті. Кейіннен чемпионаттарда да қарсыластармен талай жаға жыртыстық. Көбі ұмытылып қалды. Ондай кезде ашу басымдау болады. Бар ойың - команданың жеңісі. Сондықтан, хоккейдегі бұл ерекшелік бар және әрқашан болады да. Қазір де, түрлі жаттығуларға барамын қолым боста, хоккейден бөлек. Бірақ, өте аз. Себебі, уақытым өте тығыз.  Ал тағы төбелестер тағы болып жатса, қарап тұрмаймын,  тайсалып қалмаспын (күлді). Әкемізден келген қасиет.

- Қымбат көлігің бар ма?

- Аса қымбат емес, бірақ шағын ғана көлігім бар. Маркасы -  Skoda (Шкода).

- Қазірге кездегі ең маңызды мақсатың, арманың қандай?

- Тап қазір «Барыстың» негізгі құрамына кіргім келеді. Осындай шағын ғана арман. Оған жеткен соң, ары қарай армандай беремін ғой (күлді).

- Сұхбатыңызға рахмет!

Тағы оқыңыздар:

Алматыда 100 миллионның көлігін мінетін студенттер кімдер? (фото)

Ильин бастаған ауыр атлеттер түгелдей медальдарынан айырылды

Ақтөбедегі терактіге қатысқан жігіттің анасы ұлының несиесін төлей алмай отыр (фото)

Еліміздің төрт облысында -9 градусқа дейін күн суытады

Қазақстан мектептерінде хиджаб киюге ресми түрде тыйым салынатын болды

Ақтөбелік оқушы сыныптас қыздарын жыныс мүшесінің суретімен қорқытқан

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1288010-qazaq-khokkeyindegi-enh-symbatty-zhigit.html