RU

Ақтөбеде ұлының лаңкес екенін естіген ана ақыл-есінен айырылып қалған

Ақтөбедегі теракті жасағандарға қатысты сот тыңдалымынан олардың аналары жылап шықты. Еңселері езіліп жүргенін айтқан туыстары көпшіліктен өздерін қарғамауды сұрады деп хабарлайды өңірден NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбедегі терактіге қатысты айыпталып жатқан күдіктінің туысы Мариям Гацаева екінші күдікті Арсен Таңатаров анасына түрмеден хат жібергенін айтады.

Хатта ол: «Бізге екі күн бойына бірдеңе берді. Ондай әрекетке қалай барғанымды білмеймін», - деген екен.

"Арсен Таңатаровтың жақында баласы өмірге келеді. Бәрінің кішкетай баласы бар. Қазір бәрі шоу сияқты өтіп жатыр, мүмкін уақыт өткеннен кейін шындықтың беті ашылар. Араларындағы бір баланы Дмитрий Таңатаров бір жігіттің жаңа туған баласына көмек керек деп шет елде жүрген жерінен алдыртқан. «Ақтөбеге келетін ақшам жоқ» дегеніне қарамастан ұшаққа билет алып берген. Мына жаққа келді де өлді, анасы шашын жұлып отыр», - дейді Мариям Гацаева.

«Сіздер білесіздер ме, атыс кезінде өлген жігіттің шешесі ақыл есінен айырылды. Ұлының жағдайын естігенде көтеріліп кетті. Біз бәріміз осындай жағдайда жүрміз. Мен тілшілерден бізді таптай бермеуді сұраймын. Керісінше, мұсылмандардың проблемасын көтеріңіздерші. Намаз оқитын балалардың барлығы жұмыссыз жүр. Мына тексеруге келген адамдардың әлеуметтік көмек жасап жүр дегендері бос сөз. Олар тек басқа адамдарды да есепке алу үшін келді. Орамал таққандар мен сақал өсіргеннің бәрі уахабшы болып шығып жатыр», - дейді Мариям Гацаева.

Ол сот залының ішінде көз жасын төгіп отырған адамдарға қарап, еңсенің езілетінін айтты.

«Мен залға кірген кезде бауырымды көріп жылап жібердім. Жылап отырған жас балаға көзім түсіп кетті. Мейірбек Мұқанов та жылап отырды. Аянышты көрініс. Ешкімде сақал жоқ. Түрмеде оларға намаз да оқытпайды. «Паллада» дүкенінің иесін аямау керек еді. Олар қаруды сол жерден еркін алды. Ал адам өлтіретін қару емін-еркін алатын жерде тұру керек пе еді? Барлығын Дмитрий Таңатаров ұйымдастырды. Бірақ ол өліп қалды. Біздің бауырларымыз сорлап отыр. Ештеңені дәлелдей алмаймыз. Балалары, бауырлары теракті жасаған еңгезердей ер адамдардың жылап тұрғанын көзімізбен көрдік», - дейді Гацаева.

Ақтөбеде теракт жасағандарға қатысты келесі сот отырысы 24 қазан күні жабық түрде болады.

Тағы оқыңыздар:

Баян Мақсатқызы өзін соққыға жыққан күйеуін кешірді

Мемлекеттік қызметкерлерге жұмыста шай ішіп, темекі тартуға тыйым салынбайтын болды

Мектепте ақша жинаған мұғалімдер енді қызметінен қуылады

ОҚО әкімі елбасының саясатына қарсы шығатындарды қорқытты

"Мұсылман иіссуы" аталып кеткен әтірді қолданған оқушылар емханаға түсті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1289481-aqtobede-ulynynh-lanhkes-ekenin-estige.html