Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылордалық үздік диқандар Ыбырай Жақаев медалімен марапатталды

Опубликовано:

Қызылордада ақ күріштің атасы атанған, Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығына арналған кең көлемдегі мерекелік іс-шаралар басталды.

Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев, Ыбырай Жақаевтың ұлы, еңбек ардагері Сейітбек Жақаев, ауылшаруашылығы саласының мамандары, мемлекеттік құрылымдар мен ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен «Дала академигі - Ыбырай» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция жұмысы аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың алғысөзімен басталды. Ол Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев әр гектардан 171 центнерден күріш өнімін жинап, әлемдік рекордқа қол жеткізігенін және сол үшін «дала академигі» атанғанын тілге тиек етті.

- Қызылорда облысы әркез еңбек адамдарымен танылған аймақ.

Облыс бойынша 102 адам Социалистік Еңбек Ері атағын алған. Оның 41-і Шиелі ауданынан шыққан.  Жақаевтың сара жолын оның шәкірттері мен ізбасарлары жалғастырып келеді. Қызылорданың күрішін тек Қазақстан ғана емес, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттері тұтынады. Ыбырай Жақаев медалімен осы жылдан бастап аймақтың ең үздік дихандары марапатталатын болады,- деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Ыбырай Жақаев атындағы медаль алдымен оның шәкірттері, Социалистік Еңбек Ерлері Сәлима Жұмабекова, Шырынкүл Қазанбаева және Амангелді Ахметовке, сондай-ақ,  биылғы  науқанда үздік көрсеткішке қол жеткізгендерге  табысталды.

Конференцияда Еңбек Ері, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, күріш өндірушілер мен өңдеушілер өңірлік қауымдастығының президенті Абзал Ералиев, «Қазақ өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің бөлім басшысы Ғалиолла Мейірман, «А.Оспанов атындағы топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің бас директоры Абдулла Сапаров, «Ыбырай Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің бас директоры Серікбай Өмірзақов және өзге де ғалымдар мен ауылшаруашылығы мамандары Қазақстандағы күріш өсіру мәселелері және оның болашағы тақырыбында баяндама жасады.

Осы күні қызылордалықтар Еңбек аллеясында Ыбырай Жақаев ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойды. Ал, 22 қазанда «дала академигінің» мерейтойы өзі туған жері  Шиелі ауданында жалғасады.

Онда күріш тарихының мұражайы және Құрметті азаматтар аллеясы ашылады. Сондай-ақ, ауданның ауылшаруашылық саласындағы үздік мамандарды марапаттау және мерекелік серуендеу шаралары өтеді. Жексенбі, 23 қазанда  қалалық ипподромда ат жарысы болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1292128-qyzylordalyq-uzdik-diqandar-ybyray-zh/

pixel