RU

Ақтөбеге қонаққа келген әншілер әжетхана таппай сандалып кетті

Ақтөбеде айына ондаған өнер адамы келеді. Басым бөлігі концерттерін қалада өнер көрсетуге ыңғайлы жалғыз орын саналып келген Студенттер сарайында өткізеді. Оқу орнына қарасты бұл өнер сарайында бірнеше жылдан бері дәретхана мәселесі шешімін таппай келеді.

Бұл туралы Тілші порталы жазады.

- Осыған дейін талай әншілермен сұхбат құруға барып жүрдік. Бір емес, екі емес, үнемі байқайтын көрініс болған соң, сөз қозғауды жөн көріп отырмыз.

Бірде, қазірде елімізде аса танымал жас жігіттердің бірі келді. Қасындағы адамдардан дәретхананың бар-жоғын сұрады. Жастарға бәрі жарасады ғой, ауылдың бір тентегі, барды да, арғы жағындағы қараңғы бөлмеге кіріп, шаруасын тындырып келді. Тағы бірде ерлі-зайыпты әнші мен продюсері келді.

«Концерт басталмай тұрып, бір жерге барып келейін» дегені сол еді, «шыда, үстіңдегі сахна киімімен залдан қалай өтесің, зал лық толы» деп тарс етті.

Тағы бір үлкен әнші апайымыз журналистермен сөйлесемін деп отырып, концерттің уақыты таяп қалғанын аңғармаса керек. Қасында жүрген көмекшілері «саспаңыз, қазір горшок апарып береміз» дейді әзілдеп.

Бұл жайтты қазбаламақ болып, қалалық әкімдік өкілдеріне хабарласқанбыз.

«Сахнаның артында әжетхана жоқ. Тек жалпы, көпшілік кіретін есік жақта ғана бар. Иә, ол бұрыннан бар проблема. Хабарымыз бар. Он шақты жыл болды, негізі. Сұрастырып көремін», — деп қысқа қайырды билік өкілі.

Өз кезегінде, танымал әншілердің бірімен де осы мәселе төңірегінде сөйлесіп көрдік.

«Рас, концертке барғанда, үйден дайындалып барамыз. Әдемі көйлекпен халықтың арасымен қалай өтеміз? Мұны барлығы біледі. Студенттер сарайы жекенікі болуы мүмкін. Сырттан ешкім ештеңе дей алмасы анық. Дегенмен, қоғамдық шаралар, үлкен концерттер сол жерде өтетін болғандықтан, жағдай жасау керек қой», — дейді өнер адамы «Тілшіге» берген сұхбатында.

Аты-жөнін көрсетуді қаламаған ол талай рет Алматыдан, Астанадан келген танымал жұлдыздардың туалет таба алмай қысылғанының куәсі болғанын айтады.

Өнер мен депутаттық қызметті қатар алып жүрген Света Айтбаеваға қоңырау шалдық.

«Көпшілік орындарда тіпті нашар. Теміржол вокзалы, мейрамханалардың өзінде ыңғайсыз. Қаладағы білім беру мекемелерінде де жағдай мәз емес. Бұрын облыстық мәслихат депутаты ретінде білім басқармасының алдында осы мәселені көтергем. Бастауыш сыныптарының оқушыларын мұғалімдері даладағы әжетханаға жетектеп өздері апарады. Басқарма басшысы ренішін білдірді. Дегенмен, кейін нәтиже болды», — дейді халық қалаулысы әрі танымал әнші Света Айтбаева.

Оның айтуынша, мәдениет алдымен тазалық орындарынан басталады. Әншінің пайымынша, Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы тіпті қиын, оларға қай жерде болмасын, жағдай жасалмаған.

Материал жазылып жатқанда, намазқан танысымыз хабарласып, ыңғайсыз естілсе де, Қобда мешітіндегі дәретханадағы көріністі айтып берді.

«Әдетте исламда әурет жерді көрсетпеу керек дейді. Қобдадағы мешіттің дәретханасында бірнеше тесік бар. Арасын неге бөліп қоймасқа? Шын мұсылман бірінің дәрет сындырып жатқанын екіншісі көрмеуі керек сияқты еді ғой», — дейді ол.

Тағы да оқыңыздар:

Танымал саясаткер Болат Әбіловтің жұбайы қайтыс болды

Швециялықтар құдайға сенбейтіндерге арнап зират ашып қойды

Директор қалыңдығының жалақысын талап еткен студентті пышақтап тастады

Ақтөбедегі салынып жатқан көпірдің құны Сапарбаевты шошытты

Астанада тойға туыспын деп кіріп кеткен бейтаныс ер адам қонақтарды тонап кеткен (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1293033-aqtobege-qonaqqa-kelgen-anshiler-azhet.html