RU

Атырау облысында шенеунік кәсіп ашпақ боп келген тұрғынға дәретханаға жол сілтеген

Атырау облысында шенеунік кәсіп ашпақ боп келгенге дәретханаға жол сілтеген. Құлсары әкімі Шәкір Кейкиннің осындай дөрекіліктерінен мезі болған жұрт шу көтеріп жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Айтуларынша, атқамінер басқа жер беремін деп бұлардың өтімді аудандардағы учаскелерін тартып алыпты. Ал абайсызда әкімнің қайынатасының үйінің маңында дүкеннің іргетасын құйған кәсіпкер қорыққаннан оны бұзып тастаған.

Құлсарылық бірнеше кәсіпкер әкіммен арадағы бітіспес даудан әбден мезі болған. Айтуларынша, қала әкімі Шәкір Кейкин билігін пайдаланып, ойына келгенін істеуде. Іңкәр Шынашева кәсібін ашу үшін жер телімін алғанына 10 жылдан асса да, әлі күнге дейін түк тындырмапты. Өйткені учаскесі әкімнің қайынатасының үйінің маңында.

"Қазіргі таңда жер бос тұр. Құжаты бәрі қолымда,бермей отыр. Сонда заң қайда? Атамның жері мына жақтан қақпаны шығарам деп анық айтты", - дейді Құлсары қаласының тұрғыны Іңкәр Шынашева.

Дүкен ашып, дүрілдеймін деген Алмагүл Сейсенованың да жағдайы осы. Оған сенсек, орталық көшеден алған жер телімін қала әкімі өзге аумақтан беремін деп қайтып алыпты. Бірақ арада 8 жыл өткенімен ол да құжаттарын құшақтап әлі жүр.

"Жайсаңбаевтың кезінде алғанмын. Сол жерді енді бертін келе осы Шәкір Кейкин деген мырза қайтып алып алды. Басқа жерден жер беремін деп. Арызымды жазам, маған бермейді. Алдап отыр", - дейді Құлсары қаласының тұрғыны Алмагүл Сейсенова.

Бума-бума жарамсыз қағаз жинаған тұрғындар Құлсарыда жетіп артылады. Соттасқанымен де пайда жоқ. Ашу-ызаға булыққан кәсіпкерлер өздерін қабылдаудан қашып жүрген әкімге тілшілермен бірге кіріп, айқайдың астына алды.

"Мен қолыма ұстап тұрғанда мына құжатты шошаңдата бермеңіз, қарындас дедіңіз ғой. Дәретханаға барып, сүртіп тастаңыз дедіңіз. Аяғым ауыр келіншекпін, ішімде балам бар", - деп әкімге ренішін білдірді Құлсары қаласының тұрғыны Іңкәр Шынашева.

Шенеунік мұның бәрі өзіне дейінгі басшылардың былығы екенін айтып, ақталмақ болды.

"Мәселені шешіп беремін деп түбегейлі айта алмаймын. Оған дейін кәсіпкерлік мақсаттағы жерлердің барлығына келісім алатын бөлімдер бар", - дейді Құлсары қаласының әкімі Шәкір Кейкин.

Кәсіпкер атана алмай жүргендер облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атына арыз жолдапты. Одан нәтиже болмаса, Астанаға жолға шыққалы отыр.

Тағы оқыңыздар:

Данияр Елеусінов өзін салафит деп атағандарға жауап берді (видео)

Иракта енді арақ сатқандар қатаң жазаға тартылады

Өз-өзін өлтіруге тапсырыс берген келіншек ауыр халде жатыр

Шымкентте газды дұрыс орнатпау салдарынан екі бала ажал құшты

Арменияда құрсақтағы сәбидің жынысына байланысты жасанды түсік жасатуға тыйым салынбақ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1294183-atyrau-oblysynda-sheneunik-kasip-ashpa.html