RU

Әйелінің аяғын сындырып, жағын айыра жаздаған еркекке қандай жаза керек? (фото)

Тұрмыстық зорлық-зомбылық бүгінгі қоғамның ең өткір мәселесіне айналып отыр. Бүгінде зорлық-зомбылық қылмыстарының 90 пайызы әйелдерге қатысты екені анықталған. Алайда осындай жәбірленуші әйелдердің көпшілігі басынан өткен жайды құқыққорғау органдарынан жасырып қалғысы келеді.

NUR.KZ порталы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың азабын тартып келген Гүлмира Қабышеваны әңгімеге тартқан еді.

«Біз он жыл көлеміндей бір шаңырақ астында тұрдық. Үш баламыз бар. Алайда осы жылдары ол үнемі маған қол көтеретін. Оған төзу мүмкін емес еді, сондықтан ажырасуға арыз жаздым», - дейді өз күйеуінен зорлық-зомбылық көрген келіншек.

Гүлмираның сөзіне қарағанда бұрынғы күйеуі жақсы жерде қызмет атқарады, соған сай табысы да жоғары. Күйеуі өзін жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін деген уәжбен қорқытып, келіншегінен ақпан айында жазған арызын қайтарып алуын талап еткен.

«Мен оған келістім, бірақ Қайратқа (бұрынғы күйеуі) бір шарт қойдым. Ол ажырасу туралы арызды өзі жазатын болып келістік», - дейді Қабышева.

«Іс қаралған күні Қайрат сотқа келмеді, бірақ бізге заңды түрде ажырасты деген сот шешімі шықты, - дейді келіншек.

Алайда ол «Сен  менің сыртымнан ажырасуға қалай дәтің барды?», -  деп Гүлмираның өзін кінәлаған.

Қызықтың көкесі әлі алдыда екенін Гүлмира сезбепті.

«Ажырасқан соң, балаларымен араласып тұруға рұқсат бердім», - деп бұрынғы күйеуінің көрсеткен зорлық-зомбылық әрекеттері туралы әңгімесін бастады.

«1 мамыр мерекесіне Ақтауда тұратын анама барып келуге ниеттеніп жүргенмін. Кіші қызым әкесімен сөйлескенде сөз арасында біздің Ақтауға кететінімізді айтып қойыпты. Сол кезде Ақсайда жұмыс істейтін күйеуім екі күн бұрын жұмысынан сұранып, ойда жоқта түнгі уақытта пәтеріме басып кірді. Есікті ішінен жауып алып, маған өз ойына келгенінің бәрін істеді. Кіреберіс бөлмеде еденде екеуміз төбелесе кеттік. Саусақтарымды аузыма тығып мені о-жақ бұ жаққа ырғап, бөлменің қабырғасына ұра бастады. Бір кезде қолыма ұстараны берді де, «шашыңды қырып таста» деп дікеңдеді. Менде басқа амал жоқ, шашымды қырқа бастадым. Ол жаныма отырып алып, «Екеуміз енді бірге тұрамыз, бақытты отбасы боламыз» деп әңгіме айта бастады. Мен оны сүймейтінімді ашық айттым. Ол осы сөзге одан бетер ашуланды. Жұдырығымен бетімнен бір қойды. Ары қарай есімде жоқ. Екі сағаттан соң еденде жатқан бойда есімді жидым», - дейді Гүлмира Қабышева.

Көзінен қан сорғалаған келіншек өзінің түрін айнадан көргенде шошып кеткен. Ал бұрынғы күйеуі ештеңе болмағандай «Осымен бәрі бітті ме, қосыламыз ба енді?» деп сұрапты.  Гүлмира бұл сұрақты жауапсыз қалдырып, қашудың амалын ойлай бастайды. Ол ұйқыға кеткен уақытта балаларын алып, құрбысының үйіне қашып кетеді. Екі-үш күн күтіп, бәрі тынышталды деп ойлаған келіншек әпкесінің үйінде паналай тұруды дұрыс көреді. Алайда бала-шағасының дәл осы үйге келетінін білген Қайрат бірден сонда жетіп келеді.

«Әпкем оның «Мен оны сүйем, біз бірге болуымыз керек» деген сөздеріне сеніп қалса керек, есіктің кілтін тастап өзі жұмысқа кетіп қалады. Ол бірден біз ұйықтап жатқан бөлмеге жетіп келіп, менімен алыса бастайды. Сол күні менің үстіме ауыр салмағымен құлап, аяғымды сындырды. Содан соң, мені үшінші қабаттағы пәтерден далаға сүйреп алып шығып, бала-шағаммен Ақсайға алып қашты.  Барған күні аяғыма гипс салдырдым. Ал қайынатам мен енем арамызға түспеді, мәселені шешуге тырыспады. Ақсайда бір жарым айдай болдым да, ол жерден тағы қаштым. Осы жолы анаммен Астанаға баруды жөн санадым», - деп жалғастырды ол әңгімесін.

Ал Қайрат болса, теміржол кассасында жұмыс істейтін таныс әйел арқылы Гүлмираның қайда бет алғаны жөнінде ақпарат алып отырған. Одан әрі таксисттер арқылы бұрынғы әйелі мен енесін аңдыған екен. Гүлмира Қабышева Астанада жалдаған пәтерге енді орналаса бастағанда белгісіз біреу есікті қағады. Сөйтсе, оларды аңдыған Қайрат көрші жігітке есікті қағып беруін өтінген болып шығады.

«Мені бұл жерден де тауып алғанына сенбедім. Осы жолы да бізді қайтадан Ақсайға алып кетуге келіпті. Анам: «Ол саған енді тиіспейді», -  деп мені ақыры онымен бірге қайтуға көндірді. Сөйтіп жол-жөнекей анамды Ақтөбеге тастап, Ақсайға жол тарттық», - дейді Гүлмира.

Астанадан Ақсайға барарда рөлде отырған Қайрат жолдың қарсы бетіне шығып, әйелі мен балаларына «Бірге өлсек өлейік осы жерде», - деп  қорқытқан. «Мені көлікте кетіп бара жатып, балаларымның көзінше пышақпен қорқытып, жалаңаштап шешіндіріп тастады», - дейді Гүлмира көз жасына булыға.

Ақсайдағы пәтерде оны қайынатасы мен күйеуі үй қамақта ұстайды. Байланыс құралдарын тартып алады.

Оқу жылы жақындаған уақытта ғана болған жайтты ұмыта бастаған болуы керек Қайрат балаларды мектепке орналастыру мәселесі бойынша Гүлмираны үйден шығарып, оған жалғыз жүруіне рұқсат береді. Телефонын да қайтарып береді, алайда онда сақталған адамдардың нөмірін өшіріп тастаған екен. Есіне түскені құрбысының электронды поштасына хат жазады. Дәл сол құрбысы оған қайда барып, кімге арыз жазу керектігін айтып береді.

Балалардың киімі мен оқу құралдарын сатып алуға берген 65 мың теңгені алып Гүлмира Қабышева тағы қашады. Осы жолы Ақтаудағы құрбысының үйіне тұрақтайды. Гүлмираның әлеуметтік желіде кеңінен таралған суреті дәл сол уақытта салынған болатын. Ізіне түскен бұрынғы күйеуіне достары тоқтау салып, оның қылмыстық әрекет екенін айтып түсіндірген екен.

Қазіргі таңда Гүлмира Қабышеваға «Не молчи» қоғамдық қоры қолдау көрсетіп отыр.

Келіншек:  «Бұл қор маған жеке қорғаушы жалдап берді. Сондай-ақ, психолог маманның көмегін ұсынып отыр», - деп бізбен қуанышымен бөлісті.

Қазіргі таңда Гүлмираның бұрынғы күйеуі ешқайда кетпеу туралы қолхат жазыпты. Келіншектің айтуынша, қазір оның үстінен «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.  Гүлмира Қабышева күйеуінің тиісті жазасын алғанын қалайды.

Тағы да оқыңыздар:

Қазақстандық азамат 1989 жылғы пепси бөтелкесін 34 мың теңгеге сатпақшы (фото)

Қазақстандық қариялар Алматының ең көрікті жерлерін аралады (фото)

Мұхамеджан Тазабеков Данияр Елеусіновті "cалафит" деп қаралағандарға жауап берді

Мәдениет министірін айыптаған режиссерге сот 1 млн теңге айыппұл салды

Павлодар облысында ер адам тірідей өртеніп кетті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1294699-kuyeuininh-tepkisine-shydap-kelgen-qaz.html