RU

Қазақстан Сауд Арабиясымен құны 60 млрд теңгеден асатын келісімге қол қойды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясы Корольдігінің аш-Шура меджлисінің басшысы Абдуллах ибн Мұхаммед Әл-Шейхпен кездесіп, сол елге жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингін өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясының өзара қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті. Елбасы қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асатынына сенім білдірді.

Абдуллах ибн Мұхаммед Әл-Шейх Нұрсұлтан Назарбаевты екі ел арасындағы қатынастарды одан әрі нығайту үшін барынша күш салатынына сендірді.

Сондай-ақ, Қазақстан президенті Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингін өткізді.

Брифингте Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясына жасаған сапарын қорытындылады.

"Сапар аясында энергетика, тау-кен саласы, ауыл шаруашылығы, сауда-саттыққа қатысты жалпы құны 60 млрд теңгеден асатын 10 келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, олардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысындағы құс фабрикасы, Ақмола облысындағы азық-түлік өндірісі жөніндегі келісімдер бар. Қазіргі таңда Қазақстанда Сауд Арабиясының қатысуымен 17 кәсіпорын жұмыс жүргізуде", – деді мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті тауар айналымын ұлғайтуға логистикалық қиындықтар кедергі келтіріп келгенін атап өтті.

"Бұл ретте біз болашақта жемісті ынтымақтастық орнату үшін Жол картасын жасап, екіжақты үкіметаралық комиссия, экономиканың жекелеген салалары бойынша жұмыс топтарын құру туралы келісімге келдік. Біздің елде ортақ жобаларды қаржыландыру үшін бірлескен инвестициялық қор құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ мен саудтық серіктестерімізді инвестициялық-инновациялық жобаларға, «Нұрлы жол» бағдарламасына атсалысуға шақырдым. Бұл Қазақстанның пайдасы үшін ынтымақтастық орнатуға өте жақсы негіз болады", – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Корольдікпен өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарына назар аударды.

"Саудтық серіктестеріміздің күн мен жел энергетикасын пайдалану тәжірибесі бар. Сауд Арабиясы энергетика саласындағы өздерінің жаңа әзірлемелерімен Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне белсене қатысатын болады. Сондай-ақ келіссөздер барысында біз мұнай мен газ саласындағы жүргізіліп отырған саясатты талқыладық. Жалпы, біз осы өңірдегі маңызды бұл елде өте пайдалы әрі аса қажетті кездесулер өткіздік деп санаймын", – деді Қазақстан президенті.

Тағы оқыңыздар:

Күйеуінің тепкісіне шыдап келген қазақ әйелі басынан өткен жантүршігерлік азапты баяндады

Өскеменде жоғалған сырқат жігітті зағип анасы төрт айдан бері таба алмай жан ұшыруда (фото)

Шымкент тұрғыны қыз туа бергені үшін әйелін аяусыз соққыға жығып, үйінен қуып жіберді

ОҚО-да төрт баланың әкесі аяусыз соққыға жығылып, тілге келместен көз жұмды

Павлодарлық әйел күйеуінен өш алу үшін өз қызын аяусыз соққыға жықты (видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1295393-nazarbaev-saud-arabiyasynynh-korolime-2.html