RU

10 жылдың ішінде Қазақстаннан шетелге қашып кеткендер 10 млрд теңге жымқырған

Бас прокурор Жақып Асановтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда қаржыны жымқыруға қатысты қылмыстық істерді тергеу жүйесін өзгерту керек деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Себебі құқық қорғау органдары нақты бір іспен айналысып жатқанда қылмыскерлер қыруар қаражатты шетелге аударып, елден тайып тұрады. Былайша айтқанда, тергеушілердің барлық күш-жігері бюрократияға кетіп жатыр. Ал ұрланған ақша бірден тәркіленсе, қылмыскер ешқайда қаша алмайды.

Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, соңғы 10 жылдың ішінде тергеуге алынған қылмыстық істер бойынша 10 млрд теңгеден астам ақша шетелге шығарылды. Бұл тек өндіріске алынған істер ғана. Ал оның сыртында тергеуге ілінбей қалған қылмыстар қаншама.

«Жақында мен Тайжанов ("Азбука жилья" басшысы - авт.) туралы айтқан едім. Ол 14 млрд теңгені жымқырып, Австрияға қашып кеткен. Сол жерде ұрлаған ақшаға жылжымайтын мүліктерді сатып алды. Өкінішке қарай, біз осы іспетті қылмыстық істер бойынша дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Себебі көп жағдайда тиын-тебенді ғана қайтарып отырамыз. Біздің тергеушілеріміз адамға қатысты ең қиын деген істерді шебер орындап жатады. Оған дау жоқ. Ұрлық-қарлық, адамды өлтіру, алаяқтық сияқты қылмыстарды жақсы тергейміз. Ол жағынан Еуропа елдерінен де озып тұрмыз. Алайда, қаржылық қылмыстарды тергеу жұмысы ақсап жатыр. Неге? Себебі ол қылмысты жасайтын адамның білімі де, теxникалық мүмкіндігі де жақсы. Біз болсақ, ақшаны бірден тауып, оны бұғаттап алудың орына сараптама мен шығынның көлемін есептеп жатамыз. Осы уақыттың ішінде қылмыскерлер ұрлаған ақшаларын оффшорға аударып, оп-оңай шетелге тайып тұрады», - дейді Асанов.

Осы орайда ол бірнеше мысал келтірді. Атырауда тергеушілер процессуалдық шараларды аяқтаймыз дегенше бұрынғы облыс әкімінің есепшілері 500 млн долларды шетелге аударып, артынан өздері де Англияға қашып кеткен. Қазір сол жерде бой тасалап жүр. Сол сияқты «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының вице-президенті Тұрсынбаев та біраз ақшаны жымқырып, Канадаға тайып тұрған.

«Тағы бір мысал, Астанада Әлімбетов үлескерлерді 5,5 млн долларға алдап кеткен. Қылмыстық іс тергелген үш ай бойы оның шетелдегі есепшоттарына Қазақстаннан қыруар қаржы құйылып тұрған. Тергеу оны білген де жоқ. Әлімбетовтың өзін ұстады. Қазақстанға қайтарды. Алайда, ақша сол жақта қалды», - деп атап көрсетті Асанов.

Тағы да оқыңыздар:

Сапарбаевты тыңдағысы келмеген ақтөбелік шенеуніктер шалқайып ұйықтап қалды

Қазақстандық мемқызметкерлер мерекелік сыйақылардан қағылатын болды

Атамбаев Өзбекстанмен арадағы шекара мәселесін реттеуді бастады

Атырау тұрғыны туған анасын соққыға жығып, үйінен қуып жіберген

Қазақстандық балуаннан Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесі қайтарып алынады

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1297140-10-zhyldynh-ishinde-qazaqstannan-shetelge-t.html