RU

Маржан Тұрлыбаева жатқан жындыхананың директоры жұмысынан қуылатын болды

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласындағы әлеуметтік мекемедегілер комиссия келерде «кілем төсеп күтіп алады» деген ақпаратты жергілікті шенеунік жоққа шығарды. Дегенмен онда өзге де кемшіліктер жетіп артылады. Сол себептен мекеме директоры жұмыстан қуылатын болды, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева Түркістандағы жүйке жүйесінде ауытқуы бар науқастарға арналған мекеме басшысы жұмыстан босатылатынын мәлімдеді. Себебі үкімет басшысының орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің тапсырмасымен құрылған комиссия аталған мекемеден бірқатар кемшіліктер анықтаған.

«Республика тарапынан арнайы комиссия құрылып және Бас прокуратура тарапынан осы жұмыстарды зерделеу үшін тексеру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда ол жұмыстар аяқталды. Тексеру барысында медицина жағынан кемшіліктер анықталды. Соның нәтижесі бойынша директор жұмыстан босатылады. Сондай шешім қабылданып отыр. Қалған қызметкерлер өз деңгейінде функционалдық міндеттерін орындамағаны үшін  түрлі тәртіптік шараларға тартылады. Ал науқастардың тамақтануы жағы стандартқа сай», - деді басқарма басшысы.

Одан өзге шенеунік психоневрологиялық мекемеде қызметкерлердің біліктілігін анықтау мақсатында аттестациялық жұмыстар басталған мәлімдеді.

Тағы ерекше айта кетерлігі, мекемеге өмір бойына тоғытылып, кейін сараптама нәтижесі бойынша дені сау болып шыққан Маржан Тұрлыбаева отандық арналардың біріндегі бағдарламаға қонаққа келіп, өзі жатқан мекемеге комиссия келетін болса, басшылық "кілем төсеп, құдды бір құда күтетіндей дайындалатынын" жайып салған болатын. Әсия Темірбаева бұл жайтқа қатысты түсінік берді.

«Сол кісіні менімен кездестіріңізші, онымен қайтадан сөйлесейін. Комиссияға келетін арнайы кілеміміз бізде жоқ. Біз қолдауды сол жердегі қамқорлыққа алынғандарға жасаймыз, комиссияға емес» деген басшы өңірдегі әлеуметтік мекемелердегі тексеру жұмыстарына тоқталды.

«Егер тексеру жоспарлы болса, ондағыларға  міндетті түрде ескертіледі.  Ал басқарманың, яғни, біздің  күнделікті баруға мүмкіндігіміз бар... Оңтүстік Қазақстанда біздің басқармаға бағынысты ересектерге арналған төрт писихоневрологиялық мекеме жұмыс істейді. Мәселен, Түркістандағы мекемеге жыл басынан бері тоғыз рет тексеру жұмыстары жүргізілді», - деді Темірбаева.

Еске салсақ, бұған дейін NUR.KZ порталында шамамен бір ай бұрын Маржан тұрлыбаева жатқан әлеуметтік мекемедегілердің адам шошырлық жағдайы туралы мақала жарияланды. Мұнан соң үкімет басшысының орынбасары Иманғали Тасмағамбетов аталған әлеуметтік мекемені тексеру үшін Астанадан арнайы комиссия жолдады.

Тағы оқыңыздар:

Шамына тиетін сұрақ естіген партия хатшысы журналистің "жанын шығармақ" болды

Бүкіл елдің алдында абыройы төгілген ақтөбелік шенділер қоқан-лоққы жасауға көшті

Ақмола облысының бұрынғы әкімі Ұлттық пантеонға жерленетін болды (фото)

Алматыда қымбат фотоаппаратымен жоғалып кеткен жігіт 12 күн бойы компьютер клубында ойнап отырған

Жақсыбеков әдепсіз мемқызметкерлер қызметінен қуылатынын кесіп айтты

Обама Ердоғанға өз ақылын айтты

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1298583-marzhan-turlybaeva-zhatqan-zhyndykhanan.html