RU
Түркістандық ана жындыхана басшылығының көзбояушылығын көріп, қатты таң қалды

Түркістандық ана жындыхана басшылығының көзбояушылығын көріп, қатты таң қалды

Рассказать Вконтакте

Түркістандағы психоневрологиялық әлеуметтік мекемесіндегі науқастар Астанадан арнайы комиссия келерде адам танымастай өзгерген. Таза киім мен жап-жаңа сүйретпе киген оларға берілетін тамақ мәзірі де өзгеріп кетіпті.

Мекеме басшылығы осылайша көзбояушылық жасап, комиссияны алдап соққан деп дабыл қақты NUR.KZ-тің өңірдегі тілшісіне науқас Нұрсұлтан Сардарбековтің анасы Лаура Сардарбекова.

Тұңғыш ұлы сырқаттанып, психоневрологиялық мекемеге түскен Лаура Сардарбекова бұған дейін де NUR.KZ порталына шағымданған. Айтуынша, мекемедегілер науқастарды адам құрлы көрмейді. Онда ем алып жатқандар аш-жалаңаш жүреді. Тіпті фотоларын да ұсынған келіншектің шағымы туралы мақала жарияланған соң Астанадан келген арнайы комиссия Түркістандағы мекемеге тексеру жүргізді.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрілігіне қарасты әлеуметтік қызмет департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева бастап барған комиссия тексеру жүргізу барысында сонда жатқан науқас Нұрсұлтанның анасына хабарласып, шақыртыпты.

«Ажар Ғаниятқызы хабарласқан соң, мекемеге бардым. «Не жағдай болды?» деп сұрады. Баламның халі нашарлап кеткенін, ондағылардың аш-жалаңаш жүргенін, жалпы барлығын айттым. Ол кісі «Сізге сенеміз» деді. Себебі суреттегі науқастар мен ғимарат іші сол мекемеге тиесілі», - деп сөзін бастады науқастың анасы.

«Сенесіз бе, мен комиссия келген кезде мекемеге барып, жағамды ұстадым. Ішіне кілемдерін төсеп, өзгертіп тастапты. Науқастар да адам танымастай кейіпке енген. Әйелдері жаңа «халат», ал ерлер спорттық киім киіп, жап-жаңа сүйретпемен (тапочки) жүрді. Үсті-бастары тап-таза. Барлығы көзбояушылық жай. Астаналық комиссия Ажар Ғаниятқызы оның бәрін түсінгенін айтты. Бірақ, ол кісі «менің таң қалғаным, суреттегі ыдыс-аяқтың біреуін таба алмадық» деді. Міне, көрдіңіз бе, мекемедегілер ыдыс-аяққа дейін құртып жіберген. Комиссия ескертусіз бару керек, сол кезде біраз былықтың беті ашылады. Себебі онда тәртіп жоқ», - деп ашынды Лаура Сардарбекова.

Бір қызығы, келіншек құзырлы органдарға шағым түсіре бастағанда мекеме қызметкерлері ақша бермек болып, тіпті ортаға адам да салған екен.

«Маған арызыңызды алыңыз деп ақша ұсынды. Психологтарын жіберді. Үйге келді, мен үйге кіргізген жоқпын. Түркістанда сіңілім жұмыс істейді. Ортаға соны салыпты. Бір тиынын да алған жоқпын», - деді науқастың анасы.

Айта кетерлігі, комиссия кеткен соң үш күннен кейін Лаура Сардарбекованың ұлы жағдайы күрт нашарлап, реанимацияға түскен. Ес-түзсіз емханаға жатқызылған ұлы ол мекемеде екі апта ем қабылдапты. Кейін мамандардың шешімімен Шымкенттегі диспансерге тоғытылған.

«Қазір балам Шымкенттегі «жындыханаға» жатқызылды. Ол жақта таза есін білмейтіндер жатады. Өзім ұлым Түркістанда қала берсе деп ойлап едім. Бірақ, мамандардың шешімі осы болды. Түркістанға өз аяғымен жүріп барған балам азып-тозып кеткен. Жүре алмайды, арбаға таңылды. Сөйлей де алмайды. Шымкенттегі дәрігерлер ұлымның халін көріп, таң қалып отыр», - деген келіншек енді тұңғыш ұлын осындай жағдайға жеткізген дәрігерлердің үстінен шағымданатынын айтты.

«Балам ол ауруымен қанша жылдан бері ауырып келеді. Бірақ, Түркістанда жатып, тым нашарлап кетті. Дұрыс ем берілмегендіктен сондай күйге жетіпті. Оны министрліктен келген комиссия айтты. Ұлым екі апта реанимацияда жатып, басқа нәрсені ойлауға мұрша болмады. Бір жақты болып алсын, сосын дәрігерлерінің үстінен шағым түсіремін. Баламның жағдайын о бастағы қалпына түсіріп берсін. Күн санап жағдайы нашарлаған ұлымды көріп менің де талай жүйкем тозды. Күндіз-түні уайымдадым. Денсаулығыма зиян келді», - деді Нұрсұлтан Сардарбековтің анасы.

Тағы оқыңыздар:

Қайрат Нұртас жантүршігерлік жол апатына түсті (фото)

Еліміздің барлық аймақтарында тұман мен көктайғақ болады

Қазақстандық боксшы қыздар қарсыластарын ойсырата жеңді (фото)

Сегіз жасар қазақ қызы шахматтан әлем чемпионы атанды (фото)

Қазақтың мультимиллионері Назым Қызайбайға үй салып берді

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel