RU
Бір күнде он тойда ән шырқайтын Асхат Тарғынның табысы қандай? (фото, видео)

Бір күнде он тойда ән шырқайтын Асхат Тарғынның табысы қандай? (фото, видео)

Рассказать Вконтакте

«Қазақта шоу-бизнес емес той-бизнес бар» дейді жұртшылық. Себебі, қазақтың тойынан шоу-бизнес өкілдерінің түгелдей дерлік кездестіруге болады. Олар өздерінің нәпақасын той арқылы тауып жүргенін жасырмай айтады. Ал, әндері тойдың хитіне айналған әншілер ше? Олар күніне неше тойға барады?

NUR.KZ порталы әнші Асхат Тарғынмен арнайы барып, олардың тойға қатысты барлық құпияларын ашып келді.

Асхат Тарғынмен кездесу басқа емес, дәл жұма күнге дөп келді. Апта соңы болғандықтан, жұмада той көп болады. Асхаттың айтуынша, бүгін ол бес тойға барам деп келісіп қойған. Әншінің шағын көлігіне отырып, түсірілім тобы тойларды аралауға жөнелді.

Асхаттың үйреншікті жұмысы сағат кешкі сегізде басталды. Алматының төріндегі ең қымбат мейрамханалардың бірі «Royal Tulip»-ке келіп жеткен ол бірінші тойын атқаруға кірісті.

«Қыз ұзату тойында» әнші екі әнін орындап берді. «Мария Магдалена» мен «Ана» әнін орындап берген ол бұл тойдан қанша ақша алғанын айтпай қойды.

«Міне, тойлардың көбіне осылай таныстарды қосып, тегін келіп, ән айтып кетші деп шақырып жатады. Бұл тойға тегін келіп кеттік, ән айтып кетші деп шақырған соң. Қазір Қаскелеңге барамыз. Қарапайым халық сыйлап, ақысын шын көңілмен береді», - деген ол бұл қымбат мейрамханадағы тойда тегін ән айтып кетті.

Бірінші тойда жарты сағаттай уақыт бөгеліп, екінші тойға жол тартты.

Жол-жөнекей Асхат түрлі әңгімелер қозғап, тойдағы асабамен төбелесіп қалған оқиғаны есіне алды. Сонымен бірге, ол барлық тойда төбелесе кетпейтінін айтып, әзілдеді.

«Міне, мен тойда осылай екі-үш ән айтамын да, ешқандай төбелессіз, ың-шыңсыз екіншісіне барам, өз жұмысымды атқарамын», - дейді ол.

-    Сонда сіз, өткендегі төбелеске барар алдында халықтан ұят болады-ау немесе біреулер түсіріп алып, масқарам шығады-ау деп ойламадыңыз ба?

-    Жоқ, бұл жерде қызуқандылыққа бой алдырдық. Ондай кезде басқа ешнәрсе ойыңа келмейді ғой. Бірақ кейін бәрі шешілді ғой. Отырып, әңгімелестік, жасы кіші болғандықтан, ол бірінші келіп кешірім сұрады. Негізі, ол мені шығаруы керек еді тура сол кезде. Бірақ, оны да түсінуге болады. Ол асаба, той иесіне бағынады. Сол күні біраз қиналдым. Алғашқы күні 100 реттен, 200 реттен қоңырау шалып, ағайын-туыс хабарласып, мән-жайды сұрай берді. Сол үшін мен телефонымды үш күнге өшіріп те тастадым. Бәрі өтті. Қазір Айдын Құдабаевпен достасып кеттік.

-    Бұған дейін араларыңызда қандай да бір кикілжің немесе қызғаныш болмады ма? Мүмкін, сондай да себептер әсер еткен шығар төбелестің орын алуына?

-   Жоқ, ондай ешнәрсе болған жоқ.

Осылай қысқа қайырған Асхат Тарғын келесі тойға кіріп кетті. Той иелері әншіні «Асекелеп» қарсы алып, ондағы қонақтар оны қаумалай суретке түсе бастады.

Асхат Тарғын бұл тойда ұзағырақ бөгелді. Тойда Асхаттан бөлек танымал әнші Ақбота Керімбекова да бой көрсетіп қалды. Дегенмен де Асхат бұл тойдан қанша ақша алатынын айтуға бұл жолы да асыққан жоқ. Дегенмен, әншінің айтуынша, қолқа салып, тойымда тегін ән салып бер деушілердің де қарасы аз емес екен. Достар мен таныстардың көңілін жыққысы келмеген әнші бес тойдың екеуін тегін өткізіп беретін кездер де көп болатынын жасырмады.

-    Той мәселесіне келер болсақ, өткенде «Ел аузында» бағдарламасында сіз бір тойға бару үшін 5000 доллар сұрайтыныңызды айтты ғой той агенттігінің қызметкері. Сол рас па? 5000 доллар аласыз ба осындай тойларға барып, екі ән айтып шыққаныңыз үшін?

-    Иә, айтты солай. Бірақ, ол өтірік. Өмірі ондай бағамен тойдан ақша алып көрмеппін. Қанша облыстарға барып жатамын, бес мың доллар деген әңгіме жоқ. Мен білмеймін, мен ол агенттікпен келісім-шартқа отырмағанмын, оны қайдан алып отырғанын да білмеймін. Оны айтқан қызметкерді танымаймын да мысалы.

Әншінің жеке басы туралы сөз болғанда, Асхат қыздардың көп екенін тілге тиек етті.

-    Бойдақ екеніңізді білеміз. Жалпы, жүріп жүрген қызыңыз бар ма? Көңіліңіз түсіп жүрген? Өткенде сөйлесіп жүрген қызыңызды алып қашып кетті деп айтып қалып едіңіз?

-    Қыз көп қой (күлді). Иә, ол қызды алып қашып кетті. Менімен алғаш рет кездесуге шыққан кезде. Ол қыздың күйеуі әлі маған қоңырау шалады неге екенін. Қоңырау шалмаңыз деп айтқам. Ал жалпы, қыздардың өздері хабарласып, жазып жатады.

-    Қыз көп дегенде неше жастағы қыздар сонда?

-    25-тен кіші, тіпті 20 жастан асқандар да хабарласып, көңілін білдіріп жатады. Өзім отыздан асып кеткендіктен, одан кішілері маған ұяттау шығар, - деген әнші әлі де өзіне лайық қызды өзінен әлдеқайда жасы кіші қыздар арасынан іздеп жүргенін де айтты.

-    Отбасыңыз жайында айта кетсеңіз? Асхат Тарғынның ата-анасы қандай?

-    Ата-анам қарапайым адамдар, Ақтөбеде Шалқар ауданында тұрады. Отбасында үшеуміз. Екі ағам бар. Екеуі де отбасылы, балалы-шағалы. Менің ғана басым бос. Ата-анам Шалқарда деген аты ғана ғой, әйтпесе ағаларымның үйінде жатады. Екі-үш айлап келіп, менің үйіме жатып кетеді. Күні кеше барып, осы айдың 19-ы күні әкем 70 жасқа, анам 60 жасқа толып, ел-жұртты шақырып ата-анама үлкен той жасап бердім. Ата-анама деген құрметімді білдірейін деп, күнде жетпіс жасқа толып жатқан жоқ, бұл той келесі өзімнің тойымның бастамасы болсын деген ниетпен жасадым осы тойды.

Бұрынғы әйелімді көрмеймін, сөйлеспеймін. Қызым арқылы ғана біліп тұрамын. Отбасын құрмаған, құрса білер едім қызым арқылы. 12 жастағы қызым бар, ол да әнші. Өнер жолына енді ғана аяқ басып келе жатыр. 22 жасымда үйлендім. Тойдан той, концерттен концерт болған соң, ата-анам жаман жолға түсіп кетеді деп қорықты ма, әйтеуір үйленіп алғанымды қалады. Мен қызымның анасымен екі жыл жүрдім. Үйлендік, бірақ дәм-тұзымыз жараспады, мінезіміз келіспеді. Екеуіміздің де мінезіміз бар. Бірге тұра алмадық, не керек.

Осылай жеке өмірі туралы ашық әңгімелеп берген әнші Асхат өзінің жомарт адам екенін де жасырмады.

-    Үй, көлік әпермесем де қымбат заттар, майда-шүйде болса де көңіл деп берген кездерім өте көп. Оның бәрін айтпай-ақ қояйын. Достарға беріп жатамыз. Бірақ, мен өзіме келгенде ақшамды үнемдеуге тырысамын. Ысырапты жек көрем. Мысалы, мен басқалар сияқты қымбат, ерекше киінгенді ұнатпаймын. Мысалы, мына пальтом (үстіндегісін көрсетіп) 80 мың теңге тұрады. Ел қатарлы, қарапайым адамдар секілді Мегадан, сауда орындарынан ала салам.

-    Ең қымбат затыңыз қандай?

-    Ең қымбат мынау қолымдағы сағатым, 450 000 теңге тұрады. Оны өзіме өзім сый ретінде сатып алдым. 163 гаухар таспен көмкерілген.

-    Көлігіңіз қандай?

-    Көлігім де шағын, бензинді аз жейді. Toyota Сorolla.

-    Баспанаңыз бар ма Алматыда? 

-    Иә, баспанам бар, былтыр алғам.

-    Жағдайым «Мария Магдаленадан» кейін жақсарды деп айта аласыз ба?

-    Жоқ, келіспеймін. Менің жағдайым оған дейін де жаман болған жоқ. Ақтөбеде өзімнің баспанам болған. Әрине, бұл әннен кейін танылдым ғой. Бірақ, шығармашылығым оған дейін де болған. Кішкентай күнімнен бастап әнге құмар болатынмын. «Әнші балапан» сынды бацқауларға да қатыстым, өнерге кішкентайымнан жақынмын.

-    Қазіргі шоу-бизнес туралы көзқарасыңыз қандай? Мысалы, бүгінде қазақ эстрадасына екіге жарылған секілді. Ninety One тобын жақтайтындар мен даттайтындар болып. Солардың қайсысына жатасыз.

-    Бұл жерде әркімнің өз пікірі бар. Менің өз пікірім, ол жігіттердің өнеріне мен тәттімін. Әндері жақсы. Машинада келе жатам мысалы, радиодан береді мысалы, әндерін мен де тыңдаймын, жақсы әндері. Ең бірінші, олардың әндерін тыңдадым. Ал түрлерін көргенде мен шошып қалдым. Олардың боянғандарына мен қарсымын. Егер де ол жігіттер шаштарын түзеп, боянбай шықса сахнаға, ең жоғарғы деңгейдегі топ болып шығатынына мен сенемін. Жігттер дарынды, билері, киімдері барлығы кәсіби деңгейі мықты. Ал бет-әлпеттеріне қарсы екенім рас.

Болашақ шығармашылық жоспарына тоқталған әнші жаңа өзгерістер де бар екенін жасырмады. Мәселен, ол Тамара Асармен дуэт айтып, елге басқа қырынан танылмақшы екен.

«Мен сендікпін» деп аталады ән. Ән дайын тұр. Енді жарыққа шығады. Екінші дуэтті Заттыбек ағамызбен айтпақшымын. Келісіп те қойдым. Бірақ ол кісі айтты екеуіміздің стиліміз бірдей ғой, сондықтан салмақты ән жазайық деген соң қазір жақсы бір ән іздестірудеміз. Үшінші өзімнің қызыммен бірге дуэт дайындап қойдық. Ән әке мен қыз туралы. Студияда аранжировкаға беріліп қойды», - деді ол жоспарларымен бөлісіп.

Асхат Тарғын осылайша, бір түнде бес тойға кіріп үлгерді. Оның айтуынша бұл жұмыс күндері, ал демалыс күндері 8-10 тойға дейін барады екен. Оның жартысына жуығы таныстарым мен достарымдікі дейді ол. "Қолқа салып, тойыма келіп ән айтып кет десе, неге бармасқа", - деп ағынан жарылды ол.

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel