RU

Алматыда банк алдында атыс шығарған қарақшылар іздестіріліп жатыр

Алматыда тағы да оқиға тапа тал түсте, кілең банк орналасқан ғимараттың алдында атыс болды деп хабарлайды КТК арнасы.

Куәгерлердің сөзінше, екі қаскөй сөмке толы ақша алып шыққан ер адамдарды аңдып тұрып, тап берген. Артынша бірнеше рет оқ атып, ұрып-соғыпты. Алайда, ақшалыларды тонап үлгермеген. Оқиға орнынан қашып кеткен қарулы қарақшылар қазір жер-жерден іздестіріліп жатыр.

"Түстеніп келген кезде екі орыс қансырап жатты. Бастарынан қан ағып. Сөйтіп не болғанын сұрасам, ол екеуіне екі азиаттық бала шабуылдаған ғой. Сөмкелерін алмақшы болған. Бірақ аналар сөмкесін бермей, төбелескен соң, ала алмаған соң пистолетпен атқан", - дейді банк күзетшісі Қуаныш.

Тапаншадан атылған оқтың дауысы бірнеше рет естілген. Дегенмен, маңайдағылар оның далаға атылғанын айтады. Артынша, қаскөйлер өздеріне сөмкесін беруден бас тартқан екеуді аяусыз ұрып-соғыпты.

Бірақ ақшаны сол күйі ала алмай, із суытқан. Ал оңбай таяқ жеген екі жігіт ауруханаға жеткізілді. Біреуінің миы шайқалған дейді дәрігерлер.

Дегенмен, мұнда орналасқан банктер оқиғадан ат тонын ала қашуда. Тілшілерге тек өздерінің қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатқандарын жеткізді.

"Зардап шегушілерді біздің клиенттеріміз деп дөп басып айта алмаймыз. Шабуыл біздің банктің шекарасынан тыс жерде болды. Дегенмен, қызметкерлеріміз оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеушілерге көмектеседі", - дейді «ВТБ Қазақстан» банкі қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Татьяна Шевченко.

Тал түсте болған атысқа байланысты «Қарақшылық» бабымен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ал, қарулы қаскөйлер жер-жерден іздестірілуде. Айта кетсек, алты күн бұрын да Алматының қақ ортасындағы банкке қарақшылар баса-көктеп кірген еді.

Олардың да көздегендері ақша болған. Дегенмен, қаржы мекемесін тонап үлгермей, тек күзетшінің қаруын тартып алған болатын. Із суытып үлгерген олар да әлі ұстатар емес.

Тағы да оқыңыздар:

Патшасын бір жыл бойы жоқтайтын Таиланд жаңа жылды тойламайтын болды

Ажалдан аман қалған Қайрат Нұртас халыққа алғысын жаудырды

"ЭКСПО"-ға келетін шетелдіктерді «алтын» және «күміс» нөмірлері бар пәтерлер күтіп тұр (фото)

Сот Бақытбек Есентаевтың тағдырын 3-ші қараша күні шешеді

Есірткіні табыс көзіне айналдырған 75 жастағы алматылық әже сотталып кетті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1301533-almatyda-bank-aldynda-atys-shygharghan-q.html